Қазір көлік тізгіндеген қыз-келіншек көп. Қаланың ішіндегі әр бес көліктің бірінің рөлінен әйел адамды көруге болады. Ақтаулық 55 жастағы Алтын Айтуарова – қазақстандықтарға «Шумахер» есімімен танымал конструктор, автоблогер. Алғаш рет 41 жасында көліктің тіліне түсінген блогермен автоблогинг, машина үйрену және стереотиптер жөнінде тілдескен едік.

– Алтын Өтегенқызы, алғаш көлік тізгініне қашан, неше жасыңызда отырдыңыз?
– Өзім Маңғыстауда туып-өстім, балалық шағым да, студенттік жылдарым да осында өтті. Автокөлікті темір тұлпар деп жылқыға теңеп жатамыз. Яғни заманына қарай адамы, адамына қарай көлігі бар. Сондықтан темір тұлпарға қызығатынның көбісі – жас­тар. Өзім де кішкентайымнан көліктің тізгінін ұстауға талпынып, ерекше қызығатынмын. Мектепті 1985 жылы бітірдім. Ол кезде қаланың ішінде «Жигули», «Москвич» жүрсе қызыға қараймыз. Ең қымбаты, екінің бірінде бола бермейтіні – «Камри». 19 жасар қыздың арманы сол камриге мініп, зымырап қаланы аралау еді.
Есенов атындағы университеттен заңгер мамандығын тәмамдап шықтым. Кейін мектепте, банкте жұмыс істеп жүрдім де, 2000 жылы жолдасым екеуміз оқу орталығын ашып, кәсіп бастадық. Автокөлік туралы блог жүргізуіме себеп осы кәсібім еді. Орталықта құрылыс, мұнай-газ ісі мамандықтары бойынша шәкірттер дайындалады. Арнайы кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, мамандардың біліктілігін көтеруге қызмет ететінбіз. Оның қатарында аспаздық, маляр, электрик сынды 2000 жылдары өңірде ерекше сұраныста болған мамандықтар бар. Уақыт өте келе орталықтың жанынан автомектеп ашуды жоспарладық. 2010 жылы армандаған автомектептің тұсауы кесілді. Әрине, ол кезде қалада автокөлікті үйрететін мектептер санаулы еді.

Алайда маркетинг жағы қазіргімен салыстырғанда назарға алынбаған, жарнама жоқ, әлеуметтік желі әлсіз.
2015 жылдан бастап автомектепке үйде отырған келіншектер көптеп келе бастады. Баланы балабақшаға, мектепке, емханаға тасу керек. Өңірде ер адамдардың көбісі вахталық жұмыста істейтін болған соң, ер азаматы жоқ кезде баласын түрлі үйірмеге апарып, алып келуге аналардың өзі көлік үйренуді қажеттілік санай бастады. Мектептердің барлығында үйретуші ер адамдар болды. Ал келіншектер әйел адамнан үйренгісі келетін. Бізге келетін қыздар да ер инструкторларға шағымдана бастады. «Ер адамдар қатты ұрысып тастайды, тез ашу шақырады» деп шағымданатын. Жалпы ол кезде көлікті тізгіндеген келіншек аз, инструктор атымен жоқ. Ал ер кісілер «Осыларға не жетіспейді? Машинаны үйреніп керегі не?» деп ойлайтынын осы автомектепте-ақ білдіріп қоятын. Өзім де алғаш 41 жасымда 2009 жылы автомектепке барып, ер адамнан үйрендім. Жолдасымның көлігі бар еді. Бос кезінде, арасында ғана соған мінетінмін. Кейін 2015 жылы жеке көлігіме қолым жетті. Содан бастап үздіксіз көлік тізгініндемін.
– Демек алғашқы әйел инструктор өзіңіз ғой..?
– Иә, сол жағдайдан кейін тұрақты клиенттерім үшін әйел инструктор іздей бастадым. Көлік үйрететін адам сабырлы, әр шәкіртке өзінше бөлек тәсіл қолдана білетін ізденімпаз болуы керек. Іздеп-іздеп ешкімді таппаған соң, директор болып, кәсіп жүргізіп отырсам да, аруларға өзім бастап үйретейінші деп ойладым. Тәуекел еттім. Әйелдің психологиясына үңіліп, өзіме алғашқыда не қорқынышты көрінсе, соған мән беріп, жеңіл тілмен үйретуге тырысамын. Өмірінде көлік жүргізіп көрмеген адам үшін рөлге отырып, кілтті қосудың өзі қорқынышты болады. Ал жігіттер мұндай ұсақ-түйек нәрселерге күле қарайды. Мысалы, инстаграм парақшамда осындай алға жүру, артқа жүру, жарықты жағу сынды кішкентай, бірақ маңызды тақырыптарды үзінді бейнеролик ретінде салып, бөлісіп қоямын. Сондайда «бесіктегі балаға үйрететін нәрсені несіне салып отыр» деп кекетіп, пікір қалдыратынның көбі – жігіттер. Инструктор ретінде қызмет көрсетіп жүргеніме 6 жылдай болыпты. Күніне бір сағаттан 5-6 қызға машина үйретемін. Әрине, оңай жұмыс емес. Бірінші рет болғандықтан кез келген адам қателеседі. Бірақ адам қателеспесе, ештеңе үйрене алмас еді. Сондықтан ондайда ашуланбаймын. Маған «жүйке жүйеңіз өліп қалған сияқты» деп күліп жатады. Алайда инструктор ретінде ашулануға қақым жоқ.
– Бізде әйел адамдар көлікті дұрыс айдамайды деген жаттанды түсінік бар. Алайда күннен күнге көліктің тілін түсінетін ханымдар көбейіп жатқан секілді…
– Көбіне ер адамдар осылай ойлайды. Ал шын мәнінде әйелдер көлікті сауатты жүргізеді. Заңдылықтарды сақтап, жылдамдықты асырмайтын, белгілерге назар аударатын да – әйелдер. Қазіргі күнге дейін тек оффлайн үйретіп келемін. Әлеуметтік желіде менен үйренгісі келіп, жазатын келіншектер бар. Атырауға, Шымкентке, Алматыға шақырып жатады. Тіпті, көлік үйрену үшін арнайы Ақтауға, біздің мектепке келуді жоспарлап жүргендер бар. Көрші Өзбекстан, Әзірбайжанның қыз-келіншектері де контентімді тұрақты қарап, жазылып, пікір жазып жатады. Осындай байланыстарды көргенде, шынымен менің өмірім бе, менің жұмысыма қызығушылық білдіріп, қолдап жатыр ма деп қуанып қаламын.
– Блог жүргізудегі басты мақсатыңыз қандай?
– Блог жүргізудегі бас­ты мақсатым – автокөлікке қызығатын қыздарға дұрыс бағыт беру, толық үйреніп шығуына мүмкіндік жасау. Сондықтан тікелей эфирде де, әлеуметтік желіде, телефон қоңырауында да көлік үйренуге қатысты сұрақ болса, жауапсыз қалдырмаймын. Тіпті, автомектепті аяқтап шыққан соң алғашқы көлігін сатып аларда таңдауға көмектесемін. Бірінші рет қандай көлік алған дұрыс, қайдан алу керек, бағасы қандай, маркасын қалай таңдаған жөн, осының бәріне қатысты кеңес беріп тұрамын. Маған келушілердің жас ерекшелігі 15-тен 75-ке дейін қамтиды. «50-ге келдім кеш емес пе, 70-ке жақындадым, машина үйренгенім дұрыс па» деп сұрап жатады. Менің ойымша, білім алудың, дамудың, жаңа нәрсені үйренудің ерте-кеші жоқ.
– Әдемі әңгімеңіз үшін алғыс!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!