Ақиқат пен шындықтың аражігін ажыратып, өзекті мәселелердің басын ашумен қатар, олардың шешімін табуда дебат маңызды рөл атқарады. Толеранттылық, әдеп пен логикалық шеберлік, қырағылық іспеттес адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына үлес қосатын жарыссөздің басқа да берер мүмкіндігі көп. Зияткерлік ойлау қабілетті арттырып, жағдайды сыни көзқараспен талдауды үйретеді. Елімізде 4 мыңнан астам дебат клубтары ашылып, бұл қозғалыс күшейді.
«Дебат – пікірсайыс ордасы. Әрбір білім беру мекемелерінде, колледждер мен ЖОО-да дебат клубтары белсенді жұмыс істейді. Әлемдік деңгейден қалыс қалмаған. Қазақстандағы дебат тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және ағылшын тілінде де өтіп жүр. Бұл дебат ойындарының халықаралық дәрежеде бақ таластыруға дайын екенін дәлелдейді. Мысалы, Қызылордадағы «Ақиқат» дебат клубы 2014 жылы құрылып, 10 жыл үздіксіз дебат саласын жандандыруға үлес қосып келеді. Жақында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 университет қатысқан республикалық турнир өтті. Аймақтағы мектептерде филиал ашты. Жасөпірімдерді дебатқа үйретуге арналған тәрбие сағаттарын өткізуде белсенділік танытты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қолдауымен көптеген жарыстар мен байқауларда бой көрсетіп жүрміз. Атап айтсақ, Түркістан облысында өткен дебат турнирінде жүлделі I орын, Тараз қаласында өткен турнирде де көш басынан көрініп, I жүлделі орынды қанжығалаған едік. Сондай-ақ оқушылар Жамбыл облысында өткен байқаудан III орын, Атырау қаласында өткен «Atyrau cup» республикалық турнирінің жартылай финалында британдық форматта өнер көрсетті. Қазір ауданаралық балаларды дебат клубтарына бейімдеу қолға алынуда. Алдағы уақытта үздік дебатшы-оқушылардың санын көбейтіп, шешен сөздің шыңына шығар ұрпақ қалыптастыруға үлес қоссақ дейміз», – дейді облыстық «Ақиқат» пікірсайыс клубының төрағасы Айжан Орынбасар.
Шынында, дебат – мүмкіндіктер бастамасы. Шығармашыл бағытқа бейім оқушылардың шыңдалуына айрықша үлес қосатын шеберлік білім беру саласындағы қолданыста.
«Мектептегі оқушылардың дамуына мүмкіндік жасау үшін олардың қабілетін түрлі тәсіл қолдана отырып, ашуға тырысамыз. Осы тұста дебат клубының берер пайдасы зор. Ең әуелі, дебат оқушыларға орта қалыптастыруға көмектеседі. Білімге, жан-жақты, көшбасшылыққа құштар оқушылармен достық алаң құрайды. Ойын көптеген тақырыпты қамтиды. Екі жақты пікірге сыни ой білдіре отыра, түйткілді шешуге қабілетті болып машықтанатыны сөзсіз. Дебаттың тағы бір септігі қоғамдық ортамен коммуникацияға түскенде тиеді. ЖОО-ға, жұмысқа тұрғанда, арнайы ұйымдарға қабылданған сәтте өзінің мықты тұсын көрсете алатын тұлға болып қалыптасады», – деген пікірімен бөлісті Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Сапарғалиұлы.
ЖОО-ның білім беру әдістемесінде дебатқа айрықша мән беріліп жүр. Себебі пікірталас студенттерді бәсекеге құштар, ізденімпаз етеді. Нақты тұжырым жасай білетін, тіл мәдениетін игерген болашақ маман келешектің кепілі бола алады.
«Дебат клубына 1 курстан бастап барамын. Ораторлық қабілетімді оңтайлы қолдануға, бойымдағы қасиетімді ашуға бірден-бір себеп болған – дебат ұйымы. Бұл таңдаулылардың ойыны, себебі терең ой, ұшқыр логика, төзімділік іспеттес ұғымдар көптің бойынан табыла бермейді. Оған қатысқалы қоғамда орын алған әрбір жағдайға тұлға ретінде пікір қалыптастыруға бейімделесің. Талдау жасап, ақ пен қараның арасындағы айырмашылықты аңғарасың. Жинаған білім қоры мен біліктілікті дұрыс пайдалануға айрықша септігін тигізеді. Мен бұл жақтан жақын дос, ақыл мен парасат ұғымдарын ұштастырған орта таптым», – дейді студент Мағжан Бекхожаев.
Дебат – пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, сөз мәдениетін қалыптастыратын шешендік өнер. Жүйелі ой мен алтын қағидалар алаңы. Өмірдің әр шағында дебаттан аларымыз көп. Көңілсіз ортаны қызыққа толы ететін, кейде ой салатын, табандылыққа жаттықтыратын бұл қозғалыс дами береді.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!