Шығармашылық салада жүргендер үшін Айдос Мырзалының есімі таныс. Әлеуметтік желіде белсенді жастың оқырманы да көп. Қоғамның өзекті мәселесін талқылаудан да қалыс қалған емес. Қай кезде де күліп жүретін Айдос жақында жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді жастардың жаршысына айналды. Иә, сол жағалаудағы жастар ресурстық орталығы мен аудандардағы жаңалықты Айдос арқылы білеміз.

Айдос Мырзалы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Журналистикаға келуде жетістікке жеткен аға буынға еліктедім дейді ол. Еңбек жолын “Ұстаз мәртебесі” газетінен бастады. Нұрлан Көбегенұлының мектебінде журналистиканың қыр-сырын меңгерді. Одан әрі, Қызылорда облысының Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының” БАҚ бөлімінде еңбек жолын жалғастырды, қазіргі таңда облыстық «Жастар ресурстық орталығының» баспасөз хатшысы қызметінде.

– Менің ойымша, патриотизм – ол алдымен өзінің қазақ екенін мақтан тұту. Патриот – бүгінгі ұрпақтың ана сүтімен қанына сіңіп, бойына дарыған асыл қасиет. Өз елінің байрақ көтерер азаматы болу үшін, өз ұлтын сүюдің, туған жерін қадірлей білудің маңызы жоғары. Тәуелсіз еліміздің тірегіне айналар ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен патриотизмді ұғынған, ұлтын сүйген азамат тәрбиелеуіміз қажет.  Ел ертеңі ол – мемлекетіміздің білімді, бәсекеге қабілетті және патриот ұрпақтары, – дейді ол. Жалпы Тәуелсіздік ұғымын Айдос қалай түсінеді екен? Бұл жөнінде де сұрап көрдік… “Әрине ең бірінші тәуелсіздік ұғымы  – еркін, азат ел деп түсінеміз. Расында солай. Тәуелсіздік – отыз жыл ішіндегі тағылымды бастамалар мен тарихи оқиғаларға толы қасиетті ұғым. Бүгінгі бейбіт күннің берекесі ата-баба қанымен, қиын-қыстау заманмен жетті. Қазақ елінің тұғырлы тәуелсіздігі бүгінгі ұрпаққа аманат, болашаққа мирас болуға міндетті”, – дейді ол.

“Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын” деген тілекті үлкен кісілерден жиі естиміз. Жастардан нені қалайсың, қандай арманың, тілегің бар десек, көлік, үй деп дүниені армандап кететіні бар. Ал кейбіреуіне елдің тыныштығы маңызды. Иә, Тәуелсіз елде аман-есен тұрсақ, өзге армандарға қол жеткізу түк емес. “Тұғырлы еліміздің тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Ел еңсесін тіктеген отыз жылдағы жетістіктер мен даму жолындағы жаңа бастамалар жалғасын тауып, байрағымыз биіктей берсін! Тәуелсіз еліміздің арманы айқын, қадамы нық жастары көп болсын!”, – деп сөзін түйіндеді Айдос Мырзалы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!