Олжас ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 

Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері азаматтық қорғау капитаны:

Төтенше жағдайлар қызметінің жүгі оңай емес. Себебі оның ішінде қарбалас тіршілік жүріп жатады. Бірде тұрғын үйден өрт шықса, енді бірде жер үйдің қорасы өртеніп, қызметкерлер әп-сәтте жиналып шығып-ақ кетеді. Олар үшін бір минуттың өзі қадірлі. Уақытпен санаспайтын мамандық жоқ. Дегенмен бұл салада әр ісің, әр қадамың елдің игілігі үшін жүзеге асады. Біздің кейіпкеріміз – Олжас жас маман, өзі волонтер.

– Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

– Бұл қызметке келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен уақыттымның көп бөлігі осы салада өтуде. Оның үстіне волонтерлік қызметті қосымша атқарып келемін. 2019 жылдан бері Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасындамын. Қорқыт ата университетінде құқықтану мамандығында білім алдым. Ішкі Істер Министрлігінің офицері болып жүргенімде осы Қызылордадағы Төтенше жағдайлар басқармасына ауысып келдім. Қазіргі таңда елге қалтқысыз еңбек етуге өз үлесімді қосып келемін.

– Бұл салаға келуге не түрткі болды? Жалпы азаматтық қорғау органының мақсаты қандай?  Олар қандай қызмет атқарады, сіз немен айналысасыз?

– Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, құқықтық мемлекет құруға, ең бастысы, адамдардың игілігіне қызмет жасауға тиіс. Негізгі міндет барлық үкімет заңдарын, мемлекеттік шешімдер мен бағдарламаларды жұртшылыққа кеңінен түсіндіру, қоғамдық пікірді зерттеу, оны талдау, оған оң әсер ету, ішінара ұшырасатын әлде бір қарама-қайшылықтарды бәсеңдету арқылы аталған құжаттардың орындалуына пәрменді ықпал жасау және жария түрде бүкіл халықтық бақылау орнату. Мен азаматтық қорғау органдарында жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындайды. ҚР Тұңғыш Президентінің 1995 жылғы 19 қазандағы Жарлығына сәйкес құрылған. Содан бері бұл күн азаматтық қорғау жүйесінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күніне айналды. Жүйе төтенше жағдайларды жою ғана емес, ең бастысы – төтенше жағдайдың алдын алу және болдырмау мәселесін шешудің қажеттілігі мен маңыздылығын көрсетті.

– Волонтер ретінде танимыз…

– Бұрын-соңды “волонтер” деген сөзге мән бермейтінмін. Пандемия кезінде волонтерлердің еңбегі көзге көріне бастады, қиын кезеңде халықтың қасынан табылды. “Менің де септігім тисінші” деген азаматтар көп болды. Еріктілердің санын көбейтейін деген мақсатта шешім қабылдадым. Бүгінде Волонтерлер фронт офисімен бірлесіп жұмыс істейміз. Волонтер екенімді үлгі тұтамын. Еңбегім еленіп, жақында «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медалімен марапатталдым.

– Осы уақытқа дейін қанша өрт оқиғасы тіркелді?

– Бізде көлік құралдары мен заманауи техникалар жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың алты айында көптеген жұмыстар атқарылды. Азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар бойынша жоспар жасалып, осы уақытқа дейін 45 оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Сондай-ақ өрт жағдайының алдын алу бойынша басқармада 2206 обьекті тіркелді. Жалпы   81 нысанға тексеріс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланды. Оның 79-ы ерекше тәртіп бойынша тексерілді. Ал 96 нысанға жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жасадық. Негізі жыл басынан қала бойынша 123 өрт оқиғасы тіркелді, оның ішінде 79 өрт жеке тұрғын үйде болған.

– Көбіне өрттің шығу салдары неде?  Тұрғындар өрт қауіпсіздігін қалай сақтауы керек?

– Тұрғындардың салғырт қарауы кейде мәселені шиеленістіріп жіберетіні рас. Біреуге жала жабудан аулақпын. Дегенмен де тұрғындардың ережені сақтамайтынын жоққа шығара алмаймыз. Аулада қоқыстарды өртеп, қораға шөптерді жағып, қараусыз қалдырады. Қараусыз қалған ашық от салдары үлкен өртке ұласады. Сөйтіп өрт лапылдайды. Тұрғын үйдің өзінде де қарапайым қауіпсіздік ережесі сақталмайды. Тоқ көздерінің ашық қалуы, тоқ көздерінің қосулы күйінде қалуы қиындық тудырады. Пеш мұржаларын тазаламаудың салдарынан өрт болып жатады. Алғашқыда қауіпсіздік ережелерін сақтау, ұстану, уақытылы және дер кезінде әрекет ету маңызды. Жылу беру маусымына арнайы дайындығын қамтамасыз ету, аулада от жақпау керектігіне баса мән беріледі. Ең негізгі шығу себептері осылар. Департамент бастығының бұйрығына сәйкес, қазіргі уақытта өрт сөндіру айлығы жүргізілуде. Аптасына бір рет сенбі күні күшейтілген жұмыс күн болып есептеледі. Бірінші кезекте әлеуметтік осал тұстарды қамтып, жылу беру маусымына дайындығын тексеріп, өрт қауіпсіздігін түсіндіріп, профилактикалық іс-шара жүргіземіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Мөлдір САБЫРЖАН