Бас шыршаның биіктігі — 25 метр. Ол жүздеген шамшырақпен безендірілген.

19 желтоқсанда Астана қаласындағы EXPO көрме кешенінің алаңында еліміздің басты шыршасын жағу рәсімі өтті. Бұл жөнінде Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, шыршаның биіктігі — 25 метр. Ол жүздеген шамшырақпен безендірілген. Мерекенің басты атрибутын безендіруде 750 метр гирлянд, 360 бірлік жарықшам және 900-ден астам шырша шары қолданылды.

Шыршаны жағу рәсімі басталар алдында елорда тұрғындары мен қонақтарына «Ғажайыптар түні» ертегі мұз шоуы көрсетілді. Еліміздің басты шыршасын бүлдіршіндер, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, Аяз Ата мен Ақшақар бірлесе жағып, сахнада қазақстандық әртістер және т.б. өнер көрсетті.

«Құрметті елордамыздың тұрғындары мен қонақтары, жаңа жыл қарсаңында сіздерге мерекелік көңіл-күй, қуаныш, отбасыларыңызға зор денсаулық тілеймін! Астанамыз дамып, өркендей берсін! Алдағы жыл қала үшін берекелі болсын! Бүгін жаңа жыл мерекесін бастағалы отырмыз. Мұндай іс-шаралар әлі де көп болады. Қаламыздың барлық ауданында мұз айдындары мен сырғанақтар орнатылып жатыр, онда әрбір адам бос уақытын көңілді өткізе алады», деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!