Қолға алған кәсіп берекеге айналып, нәтижесін беру үшін біраз уақыт еңбек етіп, тер төгу қажет. Сонда ғана шаруа шатқаяқтамай, шыңдала түседі. Аймағымызда дайын бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын «LOUIS BETON KZ» ЖШС сөзімізге айқын дәлел. Халық игілігін көздеген зауыт бүгінде қарқынды жұмыс істеуде.

Қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың үлесі басым. Бизнеске бағыт беріп, кәсіпкерлік көкжиегін кеңіткен мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігі көп. Жан-жақты қызметімен көпке үлгі болған «LOUIS BETON KZ»-те «Бизнестiң жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорының мемлекеттiк қолдаyына ие болған. Бүгінде кешеннен құрылысқа қажетті дүниені оңай табуға болады. Мұнда қазір темiр-бетон бұйымдар, стандартты емес көлемдегi жабын плиталар және жол, жаяу жүргінші жол жиектері, маркалы таyарлық бетондар дайындалуда. Орталықтағы кәсіби мамандар зауыттан шығарылатын әрбір заттың сапалы болуына аса мән береді. Себебі тұтынушылардың оң бағасына лайық болу – басты мақсат.
Екі жыл бұрын іргетасы қаланған шағын зауыт аймағы жалға алынған. Мұнда негізгі қоспалар саналатын тас Жаңақорғаннан, цемент Геджубадан жеткізіледі. Жергілікті өнім болған соң аталған бұйымдардың нарықтағы бағасы әлдеқайда арзан. Соған сай тұрғындардың да бетон өнімдеріне сұранысы жоғары.
− Қазіргі таңда зауытта қырыққа жуық адам жұмыспен қамтылған. Бізде бетон бұйымдарының сапасына бейжай қарамайтын жауапты мамандар бар. Олар әзірге бір ауысымда өнімді еңбек етіп, облыстың экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етуде, − дейді «LOUIS BETON KZ» серіктестігінің директоры Дәулет Асанұлы.
Еңбек адамдарының қашанда қолдауға, жан-жақты құрметке лайық екені анық. Осы ұстанымды зауыт басшылығы әрдайым қаперде ұстайды. Мұның айқын дәлелі, зауытта қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіп иелері жұмысшылардың көлікпен, түскі аспен қамтамасыз етілуіне баса назар аударған. Салық, медициналық сақтандыру қорына берілетін төлемнен бөлек қызметкерлер 150-300 мың теңге көлемінде жалақы алады. Мұның өзі еңбек адамдарына берілген үлкен қолдау екені сөзсіз.
Бүгінгі таңда кешенде өндірілетін бұйымдарға тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Сол үшін алдағы уақытта бетон зауытына тапсырыстың көлеміне сай екі ауысымды жұмыс режимін енгізу жоспарланып отыр. Бірақ кәсіп иелері екінші ауысымға жұмысшылар таппай отырғанын айтып, кешендегі негізгі мәселені бөлісті. Қазіргі таңда жұмыссыз жастардың саны аз емесі белгілі. Бұл жағдай облыстағы NEET көрсеткішіне айтарлықтай әсер етуде. Осы орайда бетон зауытында бос жұмыс орнының болуы екі қолға бір күрек іздеген жастар үшін үлкен мүмкіндік екені рас.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданың» арасында еңбекті ел келешегі үшін маңызды фактор деп атағаны көпшілікке мәлім. «Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек. Еңбекқорлық өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу − әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады», − деген еді Мемлекет басшысы.
Осы орайда зауытта дайын бетон өнімдерін басқаратын Айбектің еңбек жолы қарапайым болса да көп жасқа үлгі болып келеді.
− «LOUIS BETON KZ» серіктестігіне келмес бұрын аймақтағы «Мелиоратор» мекемесінде қатардағы жұмысшы болып қызмет еттім. Екі-үш жыл тәжірибе жинаған соң, бір цехтың тізгінін ұстадым. Тек еңбек ете беру керек. Еңбек бар жерде береке болады», − дейді Айбек Бажиев.

Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!