«Саусағы ұзын биші болады» дейді. Дегенмен, би өнерінің биігін бағындыру үшін мұның өзі жеткіліксіз. Әрленген әуеннің әуесінде бимен бейне салатын – нағыз өнерпаздар. Мамандыққа деген махаббатын би алаңындағы төгілген терінен аңғаруға болады. Қуатты қажет етсе де, еркіндік беретін өнердің ерекшелігі көп-ақ. Қызылордалық жас Абзал Ержанұлы да талғам пен таным түйісетін саланы таңдаған. Тіпті өзінің шәкірттері де бар. Бұл туралы сұхбатта баяндады.
– Биге бейім екеніңізді байқадық. Бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?
– Маған әрқашан қозғалыста болған ұнайды. Би шымыр әрі ширақ болуға ықпал етеді. Дененің демалып, мидың тынығуына да сеп. Қысқасы, құбылмалы көңілді бимен бейнелеуге мүмкіндік мол. Музыка мен би – жанымның бір бөлшегі іспетті. Бала күнімнен шетел бейнебаянын көріп, биге икемделе бастадым. Уақыт өте келе мұның жай қызығушылық емес екенін түсіндім. Осылайша хореограф мамандығын таңдап, білім алудамын. Биге біліктілік керек. Бір-екі қимылды меңгергенге мәз болу тым артық. Сондықтан таңдаған салаға селқос қарамай, әркез қабілетімді дамытуды мақсат етемін.
– Ер жігіттің билегенін ерсі көретіндер аз емес. Қасаң көзқарасты жоюдағы ұстанымыңыз қандай?
– Иә, мұндай сөзді жиі естимін. Бірақ айтылған пікірге аялдап, таңдағанымнан теріс айналғым келмейді. Ер жігіттің биге икемді болуы немесе онымен тұрақты түрде шұғылдануы ұят емес. Бұл бойда қайрат пен қайсарлық жоқ дегенді білдірмейді. Еңсем биік, бастысы қолымнан іс келеді. Билегенімді оғаш көретіндер «селтеңдеп билегенің ұят» дейді. Меніңше, жаныңа жақпайтын, көңіліңнен шықпайтын мамандықты уақыт жоғалтып оқығанша, өз таңдауыңды жасаған дұрыс. Қалауыңды іске асырғанда ғана нәтижеге жетіп, арман-мақсатың орындалмақ. Сондықтан пікір-ойды жиі елемеуге тырысамын. Оның үстіне би – спорттың бір түрі.
– Қазіргі таңда «Арал өнер орталығында» хореограф екенсіз. Қанша шәкіртіңіз бар және бидің қай түрін үйретесіз?
– Білгеніңді өзгемен бөлісу артық етпейді. Әсіресе баланы биге баулып, жақсы нәтиже көрсетуіне себепкер болсам қуанамын. Арал қаласындағы үздік «GN» өнер орталығында жұмыс істеймін. Мұнда 5-18 жас аралығында 50 шәкіртім бар. Заманауи би түрін үйретемін. Баланың бәрі дерлік қағілез. Талпынысы пен құлшынысы арқылы жаңа қимылды әп-сәтте игереді. Кейде икемі келмей жатса жіті түсіндіруге тырысамын. Өйткені әр баланың өз дарыны бар.
Өнерлінің өрге жүзетіні ақиқат. Шәкірттерім бірнеше байқауда бақ сынап, жүлде мен жеңісті еншілеуде. Демек еңбегімнің текке кетпегені, босқа тер төкпегенім. Түркістан, Қызылорда, Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қаласында өткен би жарысынан үздік нәтиже көрсетіп жүр. Бұл – зор қуаныш.
– Би – сан қилы дене қимылынан тұрады. Басқа бишіден дара болу мақсатында алдымен нені ескересіз?
– Тобымның әр қимылын қатаң қадағалаймын. Музыканың мәнеріне сай қозғалуын, ырғақты сезінуін және биге берілуін назарда ұстаймын. Себебі, құр қозғалыс көрнекі шықпайды. Әуеннің әсерін сезінгенде ғана биде үйлесім болады. Сәтті шығуына да сол себеп.
Сонымен қатар топтың ауызбіршілігіне мән беремін. Олардың тартысып-таласқаны емес, бір-бірін түсінуі маңызды. Яғни, би уақытында музыкаға да һәм жанындағы серігіне де ілесуі оңай болмақ. Бір сөзбен айтқанда «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұстаным ғой. Сонда ғана жетер жетістігіміз көп, шығар шыңымыз биік болмақ.
– Жастар кемел келешегі үшін табысы мол мамандықты таңдайды. Қосымша кәсіптің де ебін табуда. Қалай ойлайсыз, хореограф мамандығы өмірлік азық бола ма?
– Хореография – көптің таңдауы түсетін мамандық. Өнердің өлмейтіні де көпке мәлім. Егер адам табанды әрі еңбекқор болса жерде қалмайды. Ісіңе ынтамен кіріскенде несібені де табу қиынға соқпас.
Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!