Елімізде еріктілікпен айналысатын 224 ұйым болса, оның 12-сі өңірде орналасқан. Бүгінде Сыр еріктілері түрлі бағыттағы жобаларға атсалысуда. Олар қысылтаяң уақытта тұрғындарға қол ұшын созып, пандемия кезінде де игі істер атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Волонтеры Кызылорда» қайырымдылық қорының төрайымы Ольга Чебакова мәлімдеді.
– Жалпы волонтерлік бертін келе шыққан ұғым болғанымен, бұрын аталарымызда еріктілікпен айналысты. Сол себепті бізге бұл жат емес. Бүгінде «Жылы жүрек» жастар қоғамдық қорында 30-ға жуық ерікті бар. Пандемия кезінде қордың жастары 15-ке жуық отбасыға көмектесті. Тек пандемия кезінде ғана емес, алдағы уақытта да жастарымыз өздерінің қолынан келген көмегін аямайды және міндетсінбейді,-деді «Жылы жүрек» қоғамдық қорының төрағасы Сағатбек Сиюов.
– Бүгінде фронт-офис 7 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 455 шара өткізіліп, 3 мың жуық ерікті тартылды. Биыл еріктілердің қалай жұмыс істегенін өз көзімізбен көрдік. Оған сіздерде куәсіздер. Сондай-ақ, індет белең алғанда дәріханаларда дәрі тапшы болды. Бұл кезде орталық жанындағы әлеуметтік дүкен бағытын өзгертіп, тұрғындардан мерзімі өтпеген, керекті дәрілерді қабылдай бастадық. Халық қолында барын беріп, өзгеге көмектесті. Яғни, ерікті болу – белгілі жоспар, нақты қызмет емес, жүректің қалауы,-деді «Волонтерлар фронт офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!