Биыл еріктілердің жұмысы ерекше көзге түсті. Себебі пандемия кезіндегі олардың ерлігін сөзбен жеткізу қиын. Қызылордадан бөлек, елдің түпкір-түпкірінде еріктілер елге қызмет көрсетті. Азық-түлікті көрсетілген мекен-жай бойынша апарып, одан қалды автоволонтер ретінде де қызмет атқарды. Өзгелер секілді «біздің еңбегіміз қашан бағаланады», «біз қашан марапат биігінен көрінеміз» деп ешкімнен ештеңе күткен емес. Барлығы елге адал қызмет етуді мүдде қылды. Мұны елге танытқан жанашырлық десе де болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің қызметіне тоқталып, оларды мақтан тұтатын жеткізді.
– Еріктілер шын мәнінде, қарапайым адамның мүддесі үшін қайырымдылықтың, шынайылықтың, имандылықтың символына айналды. Волонтерлік – нағыз патриотизмнің көрінісі. Осы жылды Волонтерлар жылы деп жарияладым. Еріктілерді мақтан тұтамын және олардың орасан зор әрі пайдалы жұмыстарына әсіресе пандемия кезіндегі еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Волонтерлік уақытша науқан емес, ол – он мыңдаған азаматтардың жан тебіренісі. Біз әрқашан біргеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Жақсылыққа жұмылған жандар біздің Сыр өңірінде де жеткілікті. Елдің басына түскен қиындықты көтеруге иығын тосқан, өз уақытын аямай, еріктілер қатарына қосылған осындай белсенділер үшін 5 желтоқсан – ерекше күн. Осыған орай облыстық жастар ресурстық орталығында карантин талаптарын негізінде мерекелік шара өтті.
Оған орталық директоры Б.Мәстеков, Қызылорда облысының мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысы Р.Бисенов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры М.Әйтімов қатысып, «патриотпын, елімді сүйемін!» деп үнемі айтып, оны іспен дәлелдеп жүрген жандарды құттықтады.
– Елді алаңдатқан күрделі кезеңде волонтерлар қолдан келген көмекті аямады. Соның ішінде орталық жанындағы Болатбек Айтбенбетов жетекшілік ететін «Волонтерлар фронт-офисінің» үлесі салмақты. Олар дәрі-дәрмек таратты, оттегі баллондарын тасыды, қайырымдылық көмек жеткізді. Еңбектеріңіз еселенсін, мерекелеріңізбен!, – деді Б.Мәстеков.
Шынында, «Волонтерлар фронт офисінің» еріктілері қай істің болсын қасынан табылады. Жеті бағыт бойынша қызмет ететін еріктілердің бүгінде саны артты.
– Барша еріктілерді мерекесімен құттықтаймын. Бұл күннің еріктілер үшін маңызы зор. Біз де атқарылған жұмыстарды саралап, еріктілердің барлығына алғыс айтып жатырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыр күнді еріктілердің көмегімен еңсердік. Жедел түрде дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткізді. Мұның өзі үлкен қайырымды іс. Барша азаматтарды еріктілер қатарына қосылуға, көмек қолын созуға шақырамын, – деді «Волонтерлар фронт офисінің жекешісі Болатбек Айтбенбетов.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов те халыққа жанашыр, болашаққа бейқам қарамайтын жастардың, волонтерлердің көптігін көріп, қуанғанын айтты және алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілер арасында да волонтерлікті дамыту жоспарда барын жеткізді.
Салтанатты шарада эмоционалды тренингтер, алғашқы медициналық көмек көрсетуден шеберлік сағаттары және интеллектуалды ойындар қамтылды. Ең бастысы, волонтерлардың мерейі үстем болды, оларға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен сый-тартулар берілді. Қорытынды бөлімде «Абзал и К» ТС директоры Мағжан Ералиев, «Біргеміз» республикалық волонтерлер фронт-офисінің менеджері А.Жамашова еріктілер күніне орайластырылған фото-байқаудың жеңімпаз волонтерлерін марапаттап, ақ тілегін білдірді. Олардың еңбегіне тәнті екенін және игі істер қашанда қолдауға лайық екенін айтты.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!