Өмір қиындықсыз тұрмайды. Оны жақынынан айырылған адам ғана түсінеді. Ондай жағдайда бәріне қолды бір-ақ сілтейді. Гүлжазира Омарова да дәл осындай қиындықты бастан кешірді. Құдай қосқан қосағынан айырылған соң өмірге деген көзқарасы өзгерді. Дегенмен «өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген сөздің мағынасын түсініп, ұлы үшін аяққа тұрды. Өмірді қайтадан бастап, кітаптың жаңа парағын ашты. Осылайша «Тәңір сыйлаған ғұмыр» атты кітапты жарыққа шығарды. Жас болса да еңсесін тіктеп, кәсіппен айналысып, өзінің медбикелік қызметін әрі қарай жалғастырды. Сондай-ақ ерікті жастармен тығыз байланысып, еріктілік қабілетін де сынап көреді. Бүгінде ол – ерікті, медбике, кәсіпкер.

Ерікті, медбике, кәсіпкер


Еңбек демалысында ауруханадан қатынап емделдім. Сол кезде тамыр таппай, қолымды үш рет үш медбикенің тескені әлі есімде. Қасымда ем қабылдап жатқан апаның «қызым, уколды кез келген ақ халат кигенге салдыра берме, оның үстіне тамырыңды таппай жатыр» дегені бар. Содан соң, медбикелерді көрсем «тамырды тез табады ма өзі» деген күмән қылаң береді. Мұндайда Гүлжазираның тәжірибесі мол екен. Оны фейсбук әлеуметтік желісінде толастамай жауған пікірлерден аңғаруға болады. Бұл Гүлжазираның мамандығына деген махаббаты, Гиппократқа берген антының адалдығы шығар. Ол «Өркениет» колледжінде білім алған. Бүгінде көпбейінді балалар ауруханасының физиотерапия бөлімшесінде медбике болып жұмыс істейді.
Бүгінде кіммен сөйлессеңіз де, ұзын-сонар жетістіктерін тізбектеп бере­тіні бар емес пе?! Ал Гүлжазира олай жасамады. Марапаттан кенде емес. Дегенмен де науқастардың көңілінен шығып, алғысын алуды басты орынға қояды екен. Балалармен тез тіл табысып, дәрігер берген нұсқаулықпен емделуіне барынша септігін тигізеді. Мамандығы балалармен тікелей байланысты болған соң да жеке аниматор орталығын ашқан. Бүгінде мұны қосымша кәсіп ретінде дамытып отыр. Жасыратыны жоқ, аниматордың жұмысы үлкен сұранысқа ие. Баласының туған күнін аниматорсыз өткізетін ата-ана кемде-кем. Оның үстіне мейрамханада тойлауды әдетке айналдырғанын көріп жүрміз. Бір жақсысы, аниматор балаңыздың туған күнін есте қалатындай етіп өткізіп береді. Өзі де, дос-жараны да дән риза. Гүлжазираның «Аяз ата», «Қыз қонақ» атты кинолары да жарыққа шыққан.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ерікті – Гүлжазираның екінші аты. Себебі еріктілердің арасынан қай кезде де оны кездестіретініңіз анық. Ол акцияларда, қайырымдылық шараларда белсенді.
Қуантарлығы, бүгінде жастардың жан-жақтылығы, алға деген ұмтылысы мен кәсіпке деген көзқарасы өзгерген. Ешкім бір жұмыспен тұрақталып қалмайды. Армандап қана қоймай, ол арманды жүзеге асырып жатқандар қаншама. Сондай жастарды көргенде еңсең де көтеріледі.
Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!