Нұрлытаң САЙМАҒАНБЕТОВ,
«Волонтерлар фронт офисінің» PR менеджері:
Еріктілер қаржылай көмек беруге міндетті емес
«Волонтерлар фронт офисінің» қалай жұмыс істейтіні баршамызға белгілі. Оған Тәтенше жағдай кезінде көз жеткіздік. Ал осы еріктілер жұмысын насихаттап жүрген «Волонтерлар фронт офисінің» PR менеджері Нұрлытаң Саймағанбетовті білмейтін адам кемде кем. Нұрлытаң Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алды. Ол «Қазақстанның еріктілер лигасы» облыстық филиалының жетекшісі, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы.
– Сіздіңше ерікті деген кім?
– Уақыт және жағдаймен санаспай шын ниетімен қоғам үшін немесе қоғамның әр мүшесі үшін көмек көрсетуші. Көпшілік ерікті жандарды «біреуге қаржылай не басқалай көмек беруге міндетті» деп санайды. Жоқ, еріктілік терминін қаржы мен адамның қалтасына тіреп қоюға болмайды және ол міндеттейтін дүние емес. Кез келген жан өзінің шама шарқынша еріктілік жолына түсе алады.
– Сіз еріктісіз бе?
– Бос уақытта өз жағдайым бен шама шарқыма қарай ерікті түрде жұмыс істеймін. Қазіргі күні ерікті түрде студент-жастармен түрлі шаралар ұйымдастырудамыз. Басты мақсат – шарамыздың қоғам үшін, әр жан үшін пайдалы, мағыналы дүние болуы.
– «Волонтерлар фронт офисінің» PR менеджері ретінде еріктілердің жұмысымен жіті таныссыз. Еріктінің жұмысына көңілі толмай, ренішін білдіріп жататындар бар. Жалпы еріктілердің жұмысына қандай баға бересіз?
– Иә, еріктілер тобымен және жетекшілерімен күнделікті байланыстамыз. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, көпшіліктің көңілінен 100 пайыз шығу әсте мүмкін емес деп ойлаймын. Барлығы да адамның ниеті мен ойына байланысты. Егер де ойы ақ қағаздан қара нүктені көру қажет болса, оны міндетті түрде табады.
Қазіргі күні еріктілер тобы қолында қаражаты не арнайы техникасы мен ресурстары болмаса да мүмкіндігінше сүрінген жанды демеп, жылаған жанның маңдайынан сипап келеді.
– «Қазақстанның еріктілер лигасы» облыстық филиалы жақында ашылды. Мақсаты қандай? Құрамында қанша адам бар?
– Күздің алғашқы күндерімен бірге «Қазақстан Еріктілерінің Лигасы» өз жұмысын бастады. Жүйелі жұмыстар жүргізу мақсатында аймағымыздағы іргелі білім ордалары «Болашақ» университеті, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты және «Ақмешіт» колледжімен екі жақты меморандумға қол қойдық. Мақсатымыз – жастарды бірлесе ұйымдастырылатын түрлі шараларға қызықтыру арқылы тартып, бос уақытын қызықты өткізуге және өнерлерін шыңдауына жәрдемдесу.
Бүгінгі таңда 50-ге жуық студент жастармен, мектеп оқушылары мен тәрбие саласына жауапты мамандармен бірлесе жұмыс жүргізудеміз.
– Шығармашылыққа бейім екеніңізді білеміз. Ең алғаш кімге өлең арнадыңыз?
– 6-7 жас шамасынан бастап Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жаттап өстім. Аудандық, ауылдық жыр додалары мен жарыстарға мектеп кезінде жиі қатысатынмын. Ең алғаш рет кімге арнағаным дәл қазір есімде жоқ, тұрақты қолға қалам алмасақ та, құрдастар мен таныстардың жиынында аздап арнау мен өтініштер жазатынымыз рас.
. – Әлеуметтік желіде арыз-шағымды жиі жазады екенсіз. Бұл тұрғындардың тікелей сізге айтатын өтініші ме? Нәтиже қандай? Ашығын айтқанда, жұмысыңызға кері әсері тиген кезі болды ма?
– Иә, мәселені желіге салып жіберіп, кейде өзгелерге жақпай қалатын жағдайлар кездеседі. Бірақ жазған дүние нақты дәлелдері, негізі болса, жеке бастың емес, көптің көкейі болса неге шығармасқа? Барлығына болмаса да жазылғаннан кейін қолға алынып, нәтижесі шыққан жазбалар да бар. Жұмыс уақытынан тыс және негізгі жұмысты жүргізуге кедергі болмағандықтан, әзірге басшылық тарапынан ескерту болмады.
– «Рухани жаңғыру орталығы» ұлы ақынның мерейтойына көптеген шара өткізді. Байқаулардан да жүлделі болып жатқандар көп. Қай байқауда, кімнің жұмысы сізді елең еткізді? Жастар Абайды қаншалықты таниды?
– «Абай» күні аясында арнайы апталық ұйымдастырып, біраз дүниелерді қолдық. Соның бірі, қала қонақтары мен тұрғындарына Абай шығармашылығы мен өмірі жайлы сұрақтар қойдық. Үлкендеріміз өмірін айтып, өлең шырқап берді. Ал жастар жағы кібіртіктеп қалғаны бар. Сол кездері бір апаның ұлы тұлғаның өлеңдерін ерекше тебіреніспен айтқаны есімде қалыпты.
– Жастардың ортасында жүрсіз ғой. Жастар неге қызығады? Олардың жұмыссыздығының себебі неде?
– Қазіргі жастар бір сарынды шаралар мен құр ұрандардан бойын аулақ ұстауға тырысады. Жастарды қызықтыра білу үшін ерекше форматтағы дүние мен тың шаралар керек-ақ. Ниеті түзу болса екі қолға бір күрек табылады ғой. Қоғамға пікір білдіріп, өз ойымызды айтуға әлі жаспыз деп ойлаймын.
– Уақытты босқа өткізбейтініңізді білеміз. Қандай кітаптар оқыдыңыз?
– Уақыт ыңғайы келсе, кітап оқудан қашпаймын. Күні түні оқымасамда, саяси, тарихи кітаптар қызықтырады. Ерекше есте қалғандары «Сталиннің соңғы серіктері», «Уинстон Черчилль», «Шыңғыс Хан», «Әмір Темір» сынды туындылар көптің арасынан жадымда сақталғандары.
– Сізді белсенді жас ретінде танимыз. Тағы біз білмейтін қандай қырларыңыз бар?
– Білмедім, бірақ демалыс күндері үйде отыра алмаймын, күнделікті күйбең тіршілікке үйреніп қалғасын…
– Саяхатқа жолдама ұтып алсаңыз, қай қаланы таңдар едіңіз? Оның ерекшелігі неде?
– Барша мұсылманның арманы Араб түбегіне саяхат шығар.
Сұқбаттасқан Мөлдір Сабыржан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!