Соңғы жылдары аты барда желіп жүріп, жер танитындар қатары артты. Шетел асып, саяхаттау үшін миллиондаған ақша керек деген жаңсақ түсініктен арылғандаймыз. Ал бір рет саяхаттап көрген адам екінші, үшінші елге, одан кейін өмір бойына жоспар жасап, жиһангез боп шыға келеді. Себебі Мэттью Карстен айтпақшы «Саяхаттауға құйылған қаржы – өзіңе салынған инвестиция». Бір елді тану бірнеше курста алатын біліммен тең.

Жаз бітіп, жаңбырлы маусымның басталуына аз қалғанмен, саяхаттау үшін ауа-райы әлі де қолайлы. Әдетте Өзбекстан, Түркия, Дубай, Грузия сынды елдерге жиі шығатын қазақстандықтарға Еуропаға саяхаттау үшін қанша шығын кетеді? Еуропа елдерінің есігі ашық па? Қай елдерге барған тиімді?

Жиһангез-журналист Руслан Меделбектің айтуынша, биыл қазақстандықтар үшін қолайлысы – Түркия, Дубай, Грузия, Египет сынды елдерге саяхатқа шығу болды. Себебі бұл елдерге сұраныс жоғары. Әрине, бәрі қолда қанша қаражат барына байланысты. Мысалы, қалта көтерсе жазда Мальдив аралдарына, Тайланд, Малайзияға баруға болады. «Басты ескеретін жайт – ПТР тест мерзімі, қандай жиілікпен тапсыру керек, вакцина алу міндетті ме, қандай түрі деген сұрақтарға нақты жауап алу. Ең сенімді дереккөз ретінде әуе ком­панияларының сайт­тарын айтар едім. Өйткені олар жиі жаңартып отырады. Өз басым, сол жердегі деректерге ғана сүйенемін. Өзгелері ескіріп кетуі мүмкін. Талап апта сайын ауысып жатыр. Одан соң, маска тағу режимі. Биыл қалай болатынын көреміз. Дегенмен былтыр көктемде Түркияда болғанымда талап өте қатаң болды. Тіпті, далада жүрсеңіз де, маска тағу міндеттелді. Өзім үшін 2022 – үміт жылы. Жақсылыққа үміттенемін. Екі жарым жыл бойы толық шека­расы жабық болған Аус­тралия ашыл­ды. Бұл – өте жақсы нышан.

Өз басым аса ритуал ұстан­баймын. Дегенмен саяхатқа шығардан он шақты күн бұрын отырып, алуым керек заттардың тізімін жасап шығамын. Сөйтіп түгендеген сайын сызып тастап отырамын. Егер осы уақыт ішінде тағы бір заттар еске түссе, онда қосып қоямын. Блокнотқа жазып түгендейтін әдетім бар. Сапарға шыққанда ең бастысы, сақ болу қажет. Соның ішінде құжатқа және ақшаға мұқият болған жөн. Егер құжатыңызды жоғалтып алсаңыз, бүкіл саяхатыңыз бүлінеді, жоспар бұзылады. Басқа жоғалған нәрсенің орнын толтыруға болады», – дейді ол.

Иә, жиһанкездер үшін жақсы жаңалық – Еуропа елдері біртіндеп ашылып жатыр. Чехия, Венгрия, Италия, Испания туристерге ашық. Түркия, Грузия сынды елдердің қолжетімді екені белгілі. Ал Еуропаны аралау үшін қанша қаржы керек? Есептеп көрейік.

– Ең негізгі шарт – сапарға үш ай бұрын дайындалу керек. Сонда билет бағасы арзан болады. Бес елді аралау үшін кем дегенде 15 күн керек. Мысалы, тамызда 15 күндік Еуротур жасаймын деп шештіңіз делік. Енді шығынды есептейік:

Виза мен сақтандыру: 100-120 €

Ұшақ: 400-600 €

Қонақ үй: 300-700 €

Қоғамдық көлік/елдер арасына қатынау: 500 €

Тамақ: 120-150€

Саяхатқа арқаға асатын бір рюкзакпен ғана келуіңіз керек. Артық жүк – артық ақша. Шенген визаға ертерек тапсырып, ұшақ билетін де ерте алыңыз. Ерте қамдансаңыз шығын аз болады. Шенген виза алу туралы видео менің ютуб каналымда бар. Егер хостелде тұрам десеңіз, Еуропада күніне 15-20 еуроға бір орын табуға болады. Ал қонақ үйде бөлме 50 еуродан басталады. 15 күн супермаркеттен немесе арзан орындардан тамақтанып, ақша үнемдейсіз. Қымбат сувинер, шопингті ұмыта тұрамыз. Тек қана саяхаттаймыз. Сонымен тамызда Еуротур жасаймын десеңіз кемі 1500-2000 еуро қажет. Бұл сома багажсыз, бір рюкзакпен жүретін жеке адамға ғана есептелген. Егер багажбен келсеңіз, шығын көбейе түседі, – дейді Руслан Меделбек.

Айта кету керек, Еуротурдың шығыны сапарға қаншалықты ертерек дайындалғаныңызға байланысты. Бұл сомаға Еуротурдың екі маршрутының бірін таңдауға болады. Мысал келтірейік. Бірінші нұсқа бойынша Прагаға келдіңіз делік, бұл қаладан Парижге, Римге, Барселонаға маршрут жасауға болады. Үш қалада да өмір сүру қымбат, әрі кейбіріне ұшақпен ұшу керек.

Екіншісі, арзан әрі бір-біріне жақын бес қала: Прага-Вена-Братислава-Будапешт-Берлин. Бұл бес қаланың арасына автобуспен-ақ қатынауға мүмкіндік бар. Прага, Братислава, Будапештте арзан, ал Берлин мен Вена салыстырмалы түрде сәл қымбаттау болады.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!