«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дейді Абай. Жер бетіндегі тіршілік иесінің бәрінен биік адамды адам етіп тұрған да, қиял мен шындыққа, өлім мен өмірге мән беретін де, тал бесіктен жер бесікке дейін жаныңды тербейтін сезім де – махаббат болса керек. Оған берілген анықтама мен ол туралы басылған кітаптардың, жазылған әндердің, оқылған өлеңдердің санын ешкім білмес. Ілияс Есенберлинше айтсақ, бір анығы, «Адамның көңілін жеңілдетер, жанын жібітер махаббаттан артық күш жоқ. Қызды сүйген жігіт қандай азапқа болса да көнуге бар, ал баласын жақсы көрген ана баласы үшін жан қиюдан тайынбайды. Бұл – табиғат заңы. Махаббатты осындай құдіретті етіп, дүниедегі ең ұлы күш – жаратылыстың өзі жаратқан. Сондықтан махаббаттың алдында кім болса да әлсіз, амалсыз».
Эстрадада саны көп, сөзінің мәні жоқ әндер көбейген тұста ішкі сезімдері мен толғаныстарын шабытына арқау етіп, өлеңінің шынайылығымен оқырман жүрегін баураған, махаббаттың әнұранына айналған туындылар жоқ емес. Соның бірі де бірегейі Қазалы ауданы, Ақтан батыр ауылында дүниеге келіп, қазір шығармашылығы қазақтың батысы мен шығысы, солтүстігі мен оңтүстігінде оқырман жүрегінен орын тауып жүрген Ақжол Түменбайдың «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?!» деген өлеңі жайлы сөз етпекпіз.
– Әдебиет – ардың ісі. Сөздің қасиеті үлкен мен үшін. Алғашқы өлеңдерімді жоғалтып алдым. 7 сыныпта жүргенде шимайлай бастадым. Алғашқы өлеңім нәзік сезімнің, махаббаттың әсерінен туындады. Бір жағдайға тап болғанда адамда беймәлім қасиет пайда болады. Мендегі жағдай көмейімнен өлең шығарды ма, білмеймін. Оны ешкімге айтқым да келмейді. Тағдыр дегім де келмейді. Ақындық таңдау болса, таңдамас едім, – дейді ақын.
«Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?!» немесе «Арзу» деген тақырыппен көпке танылған лирикалық туынды халыққа әнші Әлімжан Кеңестің орындауымен танылды. Жазу үшін жазылмай, жүректен төгіліп түскен жыр жолдарының шынайылығы, адамның ешкімге айтпайтын жалғыз қалған сәтіндегідей ішкі сырының нәзіктігі баурап алады. Ал өлеңге ән жазып, туындыны «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тигізген сазгер, жас әнші – Жандос Қаржаубай. «Мен ғашық болғанымды байқамай қалдым» деген Ақжол Түменбайдың өлеңі әлі талай ғашықтардың махаббат хикаясына куәгер болары анық.
Жанымның жыртып ақ шүберегін,
Дертіме дауа тапшы демедің.
Өтірік күліп, өмір сүрем де,
Өкініп тұрып жақсы көремін.
Көрінген едің шуақтай маған,
Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.
Күйбеңің қанша қан жылатса да,
Сүйгенін бірақ жылатпайды адам.
Мен сені құшқан ұлы түн қайда…
Оның да ертең күні тумай ма!?
Ес-түссіз сүйген есер шағымды.
Ұмыт дейсің бе,
Ұмыту қайда?
Іңкәр сезімге бөленбей ғалам,
Мұңын шағады өлеңдей маған.
Жұлдыз көрінсе Айдың жанынан,
Есіміңді оқып өлердей болам.
Түн мені тағы ойға батырды,
Шығардым жалғыз ойланатынды.
Құдай да шебер ұмытпасын деп,
Аспанға жазып қойған атыңды.
Жақсы көрем деп жиі алдайсың ба?
Жан тәніңменен сүйе алмайсың ба?
Менің жүрегім кешірімді ғой.
Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?
Қара түндерде ай таранбаған,
Қолымды созам, қайта орал маған.
Айналмаймыз ба ғашықтарға біз,
Жердің бетінде қайталанбаған.
Мұңайды жүдеп осы гүл бағым,
Жылайды жүрек қосылып жаным.
Өмір де өзің, өлең де өзің,
Байқамайсың ба осының бәрін?
Қарамады ол ұшықталсам да,
Қара бастым-ау түсіп сарсаңға.
Мұқағалиды тірілтіп алып,
Махаббатыма ішіп барсам ба?
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!