Беймәлімді білуге бекініп, көпшілікке пайдалы боларлық ғаламат жаңалық ашуда ғалымдардың үлесі зор. Сұрау белгісі бар белгісіздердің мәнін аңғаруда елеулі еңбек етіп, күтілетін нәтиже жемісті болу үшін барын салатын білімпаздардың төгер тері де аз емес. Себебі, олар салмақты сараптама жасап, татымды талдау жүргізуге тырысады. Білімін жетілдіріп, тиянақты тәжірибелерде тәуекелге бел буып, көздеген нысаны халық игілігіне бағытталған ғалым ғана заман талабының биігінде болатыны сөзсіз. Кәсіби мерекеге орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Ақерке Болатқызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Ғылыммен айналысуға не себеп болды?
– 2008 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығына оқуға түстім. Оқи жүріп, өндіріске, яғни қызметке араластым. “Qyzylorda“ облыстық телеарнасында жаңалықтар бөлімінде редактор қызметін атқардым. Аға буын әріптестерден тәжірибе жинақтап, университет қабырғасында алған теориялық білімді практикамен ұштастыруға мүмкіндік туды. Шама-шарқымыз жеткенше жұмыс істедік. 2012 жылдың ақпан-наурыз айларында сол кездегі университет ректоры, белгілі ғалым, академик Қылышбай Бисеновтің ұысынымен университетке баспасөз хатшысы қызметіне ауыстым. Осылайша 4-курста оқып жүріп, университетте жаңадан құрылған баспасөз орталығына маман болып қабылдандым. Сол уақытта университеттегі ғалымдармен тікелей қойын-қолтық жұмыс жасап, өзімнің де ғылымға деген қызығушылығым артты. Бакалаврды аяқтағаннан кейін, магистратурада білімімді шыңдадым.Шетелде тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Бір бағытта тұралап қалмай, әрі қарай білімімді жетілдіруге тырысып, докторантураға түсуге талпынып, 2017 жылы университеттегі алғашқы түлектердің бірі болып оқуды аяқтадым. Докторлық диссертацияны жетекшілерімнің, ұстаздарымның, ғылым жолындағы кеңесшілерімнің арқасында, атап айтсақ, ғылыми жетекшім Бағдат Кәрібозұлы, Ботагүл Алтаевна, шетелдік кеңесшім Хулия Касапоглу және университеттегі өзге де жанашыр ұстаздарымның қолдауымен қорғадым. Менің зерттеу нысанына алған ғылыми бағытым – ұлттық әдебиеттің үлкен бір шоғыры саналатын шетелдегі қазақ әдебиеті. Яғни эмигрант естеліктерін оқыту мәселесі болды. Осы салада университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен пән енгізіліп, эксперименттік жұмыс жасап, сол жұмыстың нәтижесінде диссертацияның қорытындыларын шығарып, өз деңгейінде қорғадым.
– Халықаралық “Болашақ” бағдарламасы бойынша тәжірибе толыстырады деп естідік…
– “Болашақ” бағдарламасымен оқу басты мақсатым болды. Себебі оқып жүріп, алыс-жақын елдерде Қазан, Самара, Орынбор, Анкарада тағылымдамадан өттім. Жоғары оқу орнында оқытушылық қызметте жүргеннен кейін әрі қарай педогогтік шеберлік бойынша білімімді шыңдағым келді. Осы тұрғыда бірнеше жоғары оқу орындарын таңдап, халықаралық бөлімдеріне өмірбаяныммен қатар тағылымдамадан өтуге ниетті екенімді жазып, хат жолдадым. Соның ішінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен арнайы шақырту келіп, жылдық жоспарымызды бірлесе отырып жасап, стипендиат атандым. Дегенмен белгілі себептерге байланысты тағылымдамаға уақытында бара алмай, создырдым.
Ғылымда жастардың үлесі қандай?
– Өз саласында табысты, жемісті еңбек етіп жүрген жастар көп. Өзіммен қатар әріптестерім ғылым жолында елеулі еңбек етіп келеді. Мәселен, “Болашақ” бағдарламасымен былтыр бірнеше университет қызметкерлері стипендиат атансақ, соның тең жартысы жастар. Бүгінде олар оқуын сәтті аяқтады. Ғылымға қызығушылығы жоғары жастар жетерлік. Алматыдағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің докторлық диссертация кеңесінде мүшелікте болып, диссертация жұмысын қорғауына қатысқан едім. Докторанттардың зерттеу тақырыбына деген қызығушылығы, парасатты пайымы ғылымға жақындығын аңғартты. Әлбетте біз мұндай іргелі жұмыстарды атап өтіп, бағалауымыз қажет. Дей тұрғанмен шолақ белсенділікке бой ұрып, өзін жарнамалауға жанталасып жүрген жастар да жоқ емес.
– Елімізде ғылыммен айналысатындарды қаншалықты бағалайды? Сіздің ойыңызша ғалымға жеткілікті қолдау көрсетіле ме?
– Ғылыммен тұрақты, тиянақты айналысатындарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Жыл сайын министрлік тарапынан гранттық қаржыландыру жүзеге асады. Жас ғалымдарға міндетті түрде бөлек гранттық қаржыландыру конкурсы өткізіледі. Талабы өте жоғары. Бірақ ғылыммен тұрақты айналысатын ғалым өзінің бейімделген саласы бойынша өзекті тақырыпта жоба ұсынып, гарнтты жеңіп алған жағдайда үлкен жол ашылады. Ғылыми потенциалын арттыруға мүмкіндік туады. Сонымен бірге жыл сайынғы ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендиялар бар. Яғни, ізденіс ізінде жүріп, тыңғылықты ғылым жолына тсүкендерге мемлекет тарапынан қолдау жоқ деп айтуға болмайды.
Докторантураны «кәсіп көзіне» айналдырып отырғандар бар деген пікір жоқ емес. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Докторантураға үлкен дайындықпен, жауапкершілік жүгін сезініп келу қажет. Оның ай сайынғы алып отаратын шәкіртақысы болғандықтан соған сай жауапкершілігі де жеңіл емес. Ғылым жолына бет бұрғандар сол уақыт аралығында рейтингі жоғары басылым және комитеттің тізбесіне енетін журналдарда мақала жариялап, халықаралық конференцияларға қатысып, шетелде тағылымдамадан өту секілді талаптарын ескеріп, ықтиятты қарауы маңызды.
Мақала жариялаудағы қиындықтар қандай?
– Мақала жариялауда кез келген докторанттың алдында қиындықтар кездеседі. Өзімнің де басымнан өтті. Ғылыми журналға мақала жариялау үшін көп еңбектендік. Әрі бұл көп уақытты қажет етеді. Тіпті мақалалар бір-екі жыл редакцияда кезекте жатады. Сондықтан докторантураны бітіріп, қорғаймын деген ниеттегі адам жарияланымдарды 1-курсты аяқтаған тұста беріп қоюы керек деп есептеймін. Сондай-ақ, біз де енді ғана зерттеу көзіне айналып, ғылыми тұрғыда жаңалық болып келе жатқан салалар шетелде әлдеқашан зерттелген болуы мүмкін. Сондықтан мақалалардың ғылыми жаңалығы да, аталған базадағы журналдарға өтімділігі де өз алдына бір мәселе, әсіресе гуманитарлық сала үшін. Осындай қиындықтарды ескеріп, филология, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында, тарих мамандығында докторанттарға шетелдік басылымдарға мақала жариялау талабын алып тастады. Министрлік тарапынан шешім қабылданып, жеңілдік қарастырылды. Дегенмен докторанттардың тың тақырыбы өзіндік өтімділігін тауып, берілген мақалалар шетелдік басылымдарда жарияланып жатыр.
Ғылымға жақын жастар осы салаға бейімделе түсу үшін қандай бағыт-бағдар берер едіңіз?
– Ғылым жолына түсу үшін жастар ғылымды жан-дүниесімен түсінгені абзал. Бел ортадан кері қайтып кетпей, қай салаға келгенін түйсігімен түсініп, жоспарын жүйелеп алғаны жөн. Тезірек танылсам деген ойдан арылған ләзім. Өйткені ғылым жолында оңай дүние болмайды. Қоғам, ғылыми орта жетістік пен кемшілікті өте баяу көреді, жылдам мойындамайды. Сондықтан, ғылым жолы үлкен сабыр мен салмақтылықты талап етеді.
Отбасы мен қызметті, одан қалды ғылым жолын қатар алып жүру оңай емес. Сіз бәріне қалай үлгересіз?
– Әйел адам үшін ең маңыздысы – отбасы. Кез келген қыз баласының мақсаты – әйел бақытын сезіну, ана атану. Жанұя жарасымдығын сақтай отырып, қоғамға қызмет ету оңай емес. Дегенмен өзі ынталы әрі ер азаматының қолдауын сезінетін адам мұның бәріне уақыт таба алатыны айқын. Жарқын болашақ үшін бір орында тұрақтап қалмай, дамудың даңғыл жолын жалғай беремін.

Сұхбаттасқан
Нәзік ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!