Тапқырлығымен тәнті етіп, талантымен әлемге әйгілі болған жастар жетерлік. Демек дамуда дағдарысқа ұшырамаған абзал. Арманы адастырмай, алға ұмтылған жастың қарасы қалың. Соның бірі – Еркебұлан Әзімхан. Тілді жетік меңгеріп, түрлі салада бақ сынап жүр. Бірнеше мемлекеттің тарихымен танысып, жинаған тәжірибесі де аз емес.

– Аустралия, Америка және Малайзияда 10 жыл шамасында тұрған екенсіз. Шетелде ұзақ жыл тұрақтау адамды және оның өмір салтын қаншалықты өзгертеді?

– Шетелде 2011 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Елді сағынған сәтте ұзақ уақытқа барып қайтуға тырысамын. Тіпті министрлікте, өзге де халықаралық ұйымдарда қызмет атқарып, уақытты босқа өткізбей, еліміздің дамуына өз үлесімді қосуды көздеймін. Өйткені Отанға сүйіспеншілік жүректен, көңілден өшпейді.

Әрине шетелде тұрақтау адамның көзқарасын, әдетін, өмірін өзгертеді. Оны біреулер жағымды, енді біреулер жағымсыз деп қабылдары анық. Осы орайда тіл мәселесін айтып өткен жөн. Өзгенің өмір салты, мәдениеті санаға түпкілікті әсер еткенімен, қазақ тілін ұмытуға себеп болмауы керек. Ана тілімізді сақтау, құрметтеу маңызды.

– Сізді көбіне өзге ұлт өкіліне ұқсататын көрінеді. Бұған қызба мінез танытпай, ақырын жауап бересіз. Айтыңызшы, тағы қандай қызықты жайттар болды?

– Қазақстанда да мектеп жасымнан бастап мені өзге этнос өкілі деп санайтын. Қазір шетелде үндіс пен қытайға ұқсатып, мексикалық, пәкістандық деп ойлайды.  Оған еш ашуланбаймын, адам өзін қабылдай білу керек. Қызықты жайттар өте көп болды. Малайзияда таеквондодан жаттықтырушы боп жүргенімде елден келген спортшылардың мен туралы әңгімесін естідім. Біз жаттығып жатқанда арамыздағы қазақ балаға келіп «Тренерлерің кім?», «Анау ма?», «Жаттығуды қай күні жасайсыңдар?» деп сұрады. «Өзінен сұрап көрсеңші»  деп жауап алғанда ағылшынша білмеймін деді. Сонда барып «қазақша сұрай бер» дегенімде таңқалған. 

– Білімді адамға жұмыс өздігінен табылады деген түсінік бар. АҚШ-та мигранттарға сабақ беруге ұсыныс түсті ме?

– Бұл жұмыс маған ұсыныс ретінде келген жоқ, өзім тапсырдым. Халықаралық құтқару комитеті деген ұйым бар. Әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстарға жауап береді және адамдарға аман қалуға, өмірін қалпына келтіруге көмектеседі. Яғни босқындарды орнықтырып, олардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ықпал етеді. Негізінен денсаулық, білім, экономикалық әл-ауқат, қуат және қауіпсіздікке бағытталған. Сол ұйымда волонтер ретінде ағылшын тілінен сабақ беремін. Білімді адамға жұмыс өздігінен табылады дегенге проактивті адам болу керек деп қосар едім. Жалпы 2012 жылдан бері  білім саласына қызығушылығым жоғары және бірнеше жобаны да жүзеге асырып жүрмін.

– Ағылшын тілін меңгеру – заман талабы. Десек те мұны қиын көретіндер бар. Осы ретте ағылшын тілін игерудің оңай әдіс-тәсілімен бөліссеңіз…

– Ағылшын тілін үйренудің бір ғана құпиясы бар. Ол – ерінбей амал жасау. Мен көп адамды көрдім. Біреуі айтады да үйренбейді, енді біреулер бастайды да тастап кетеді. Сосын мынадай қателік бар, «intermediate» деңгейін бітіріп алсам, кейін үш айдан соң «upper-intermediate» деңгейін бастаймын деген. Тіл банкке, депозитке салып қоятын ақша емес. Тіл машық, яғни «skill». Оны пайдалану керек, пайдаланбасаң өледі. Әлеуметтік желі, өзге де ресурстардың барлығы жақсы. Бірақ ол пассивті үйрену, сіз тек тыңдап, көресіз. Ал тілде тек қабылдау емес, сол тілде жазып, сөйлеп үйрену қажет.

– «Өзгенің қаңсығын таңсық етпейік» дейміз. Дегенмен, шетелден не үйренуіміз керек? Олардың дәреже-деңгейін мысал етсеңіз…

– Шетел Өзбекстан да, Қырғызстан да болуы мүмкін. Ал өзім тұрған үш елден үйренетін, ескеретін үш дағды бар. АҚШ-та ерте тұру әдеті қалыптасқан. Таңғы 6-7 арасында таңғы ас ішеді. Жалпы ерте тұрған адамның еңбегі өнімді болады. Оны тіпті шетелден үйрену демей-ақ, атам қазақ «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп түйіндеген. Аустралияда адамдар өз дене бітіміне, тамағына, денсаулығына жақсы мән береді. Біз де осы жағынан әрекет етуіміз керек. Яғни салауатты өмір салтын ұстану деннің саулығы үшін пайдалы. Ал Малайзиядан үйренеріміз, инфрақұрылымының өзі бізден 50 жылға озып кеткенін айтпағанда, корпоративті-коллективті вайбы ерекше. Өте ұйымшыл, түрлі семинар, ретриттер, іс-шараларды жақсы ұйымдастырады. Бұл басқа елдің мәдениті мен салтына жармасу емес. Жақсыдан үйрену мен жаманнан жиренудің айырмасын білген абзал.

– Қазір жастарда инновациялық идея көп. Тапқыр, білімге жақын. Олар да шетел асуға құмар. Қалай ойлайсыз, бұл үдеріс қаншалықты дұрыс?

– Әрине, 100% дұрыс. Патриоттық деген территориялық шектеулерге байланып қалмау керек. Глобализацияның әсері территориялық қашықтықтарды жойды. Сондықтан шетелде инновациялық идеяға мүмкіндік болса, міндетті түрде барғаны жөн. Ол ел дамуына пайда әкелері сөзсіз.

Сұхбаттасқан

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!