Көп көз тіккен саяси науқан мәресіне жетті. Кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауының нәтижесінде парламентке алты партия өтіп, бірнеше танымал азамат мандат алды.

Олардың қатарында айтыскер ақын Ринат Зайытов, блогер Дәулет Мұқаев, журналист Мақсат Толықбай бар. «Amanat» партиясының өкілдеріне Мәжілістегі 40 орын бұйырса, бес партиядан 29 депутат шықты. Тарқатып көрейік. Расында, негізгі басымдыққа ие болған «Amanat» фракциясынан мандатқа қол жеткізгендер басым. Олардың арасынан өткен шақырылымда депутат болғандар мен бұған дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істегендер де табылды. Мысалы, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев, бұрынғы министр Бақты­қожа Ізмұхам­бетов, Конститу­циялық кеңестің бұрынғы мүшесі Үнзила Шапақты атауға болады. Бұл қатарға Мақсат Толық­бай, Нар­тай Сәр­сен­ға­лиев, Жа­нарбек Әшімжан, Сергей Поно­марев, ай­тыс­кер Аманжол Әлтай мен Ринат Зайытов қосылды.
Бұдан бөлек, «Ақ жол», «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан халық партиясының елге белгілі азаматтары да депутаттық мандатқа қол жеткізді. Атап айтсақ, Азат Перуашев, Қарақат Әбден, Асхат Рахымжанов, Қазыбек Иса секілді белсенділер қайтадан саяси аренаға шықты.
Жалпы халық арасында жаңадан сайланған депутаттардың кәсіби білімі мен тәжірибесіне деген көзқарас әрқилы. Бірі блогерлер мен журналистердің заң жобаларына қатысты сауатына күмәнданса, енді бірі қоғам белсенділерінің елдегі шынайы мәселені көтере алатынына сенім білдіруде. Депутаттар қатарында көпбалалы аналар бірлестігінің басшысы Гауһар Танашева, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғаушы Кенжегүл Сейітжан және жаңа жастар саясатын қолдаушы Ислам Сұңкардың болуы да халық қалауынан туындаса керек.
Бұл жолғы сайлаудың жаңалығы «Республика» партиясы болғаны жасырын емес. Партия сай­лауалды үгіт-наси­хаттың жаңа моделін ұсынып, әсіресе жастардың науқанға қатысуына ықпал жасады. Кәсіпкерлер, әлеуметтік сала мамандары сайлауға дейін де елдегі мәселелерді қоғам назарына жет­кізуге ұм­ты­лып, сая­си ұпай жинауға мүмкіндік алды. Нәти­же­сінде жа­ңадан құрылған «Рес­публика» партиясынан «Олжа Агро» агрохол­дингінің директоры Айдарбек Қожаназаров, Akniet Pharmaceuticals компаниясының басшысы Руслан Берденов, қоғам белсендісі Динара Наумова мен Нұргүл Тау депутат болды.
P.S. Кезекті саяси науқан халықтың үміті мен сенімін еселегені анық. Депутаттар қатарына енген азаматтардың қоғамдағы келеңсіздіктермен жақын таныс болуы бұл жолғы шақырылымның нәтижелі боларын меңзейтіндей.


Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!