Ғаламның күн сайын құбылып жатқаны тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Десек те, осы жаңа технология үдерісіне біздің шамамыз қандай? Таяуда сала министрі Мусиннің өзі халық алдында қисынға келмейтін дерек пен дәйек пен күлкіге айналды. Елордадағы министрдің міні осындай болса, аймақтағы жағдайды ойлаудың өзі қорқынышты. ІТ технологияның игілігін толық көруді былай қойғанда, қарапайым ғаламтордың өзі шалғай ауылдарда «шашты ағартатын» деңгейде. Облыс орталығынан таяқ тастам жердегі ауылдардың өзі «Қазақтелекомның» азабын тартуда. Сапасыз қызмет үшін ақы төлеп отыр. Десек те, өңірдегі мекемелер мен оқу орнындағы мамандар шама-шарқынша даму даңғылынан алыстамауға тырысып бағуда.
«Қазақстанда IT бағдарламаларға деген қажеттілік жыл санап қарқынды өсуде және бұл әлемдік үрдістерді көрсеткіші. Цифрлық экономикаға қарай белсенді дамып келе жатқан елімізде цифрлық технологияларды енгізу үшін бизнес пен мемлекеттік ұйымдарға білікті IT мамандары қазіргі таңда ауадай қажет екені сөзсіз. Президент осы жылғы қыркүйектегі жолдауында «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деп нақты айтып өткен болатын. Сонымен қатар еліміздің былтырғы көрсеткіші бойынша ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өскен. Енді оны әрі қарай дамыту үшін жұмыстар жүргізілетін болады», – дейді М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғарғы колледжі директорының Ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Фархад Абжаппаров.
Бизнес, банк ісі, медицина, өндіріс және мемлекеттік қызметтер сияқты әртүрлі салаларда автоматтандыру жұмыстарында сапалы өнім жасауда білікті ІТ мамандардың қызметі маңызды. Өздеріңізге белгілі, еліміздегі egov.kz «Электроннық үкімет» порталы қызметі көптеген сала қызметінің жұмыс сапасын арттырып, халықтың цифрлық сауаттылығының дамуына үлкен септігін тигізуде. Бұл ретте Фархад Оразалыұлы өзі жұмыс істейтін оқу орнындағы атқарылып жатқан шаруаларды да тілге тиек етті.
«Қазір колледжде ІТ саласы бойынша бірнеше мамандықтарда (Информатика мұғалімі, Ақпараттық қауіпсіздік технигі біліктіліктері) 200-ден астам студент білім алуда. Өткен жылы колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызының қолдауымен ІТ мамандығында оқитын және осы салаға қызығушылығы бар басқа мамандық студенттерінің жаңа идеяларын дамыту мақсатында «Manshuk IT HUB» орталығы іске қосылған болатын. Орталық 9 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда басқа мамандық студенттері де робототехника, СММ, Business StartUp, Marketing, мобилография, Design (Компьютерлік дизайн) бағыттары бойынша қабілеті мен шығармашылықтарын арттырып, өздерінің мамандықтарында пайдалануда. Робототехника саласында студенттеріміз облыстық сайыстарға қатысып жүлделі орындар алуда. Бұл сала бойынша да жұмыстар жалғасуда. Арнайы шеберханамызда бейне-фото түсірілім жасау, дизайн жұмыстары, VR/AR жобалар, қажетті 3D өлшемдерді жасау және ол жобаларды 3Д принтерлермен шығару, сату жұмыстары «Manshuk Service & market» ақылы қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізу қолға алынуда. Сонымен қатар биылдан бастап Astana Hub – (Орталық Азиядағы ІТ-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі) орталығының Tech Orda – (IT саласындағы адами капиталды дамытуға бағытталған бағдарлама) бағдарламасы аясында 18 жасқа толған 50-ге жуық студентіміз білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл да сала бойынша білікті кадрларды дайындауда өз септігін тигізеді деген ойдамын. Оқытушыларымыз соңғы технологиялық үрдістер мен еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, оқыту бағдарламаларына өзгеріс жасау арқылы сапалы білім беруде. Бұл шаралар студенттердің IT дағдыларын дамыту үшін ынталандырушы орта құруға және оларды IT-индустриядағы заманауи қиындықтар мен мүмкіндіктерге дайындауға, нарықта сұранысқа сай маман болып қалыптасуына көмектеседі деген сенімдемін, – дейді Ф.Абжаппаров.
Әйтсе де, бұл тек осы білім ошағында атқарылып жатқан ауқымды істердің бірі ғана. «Талаптының балғасы тасқа шеге қағады» деген бар. Оқу орындарының ішінде өз міндетін толық атқара алмай отырған министрлікке қарамай, өздерінің мүмкіндіктерін қалт жібермей жатқандар жетерлік. Атақты академик Асқар Жұмаділдаев «Әлемде екі түрлі мемлекет болады. Бірі – жетекші, бірі – жетектегі» деген еді. Аталған салаға келгенде жетектегі елдердің қатарында екеніміз көзге ұрып тұр. Десек те, Фархад Оразалыұлы еліміздегі ІТ саланың дамуына өз ойын білдірді.
«Қазақстан өзінің IT-технологияларын белсенді түрде дамытып, әлемдік трендтерде бір қадам алда болуға ұмтылуда. Көптеген елдер, соның ішінде Қазақстан да жасанды интеллектті дамытуға және енгізуге белсенді түрде инвестиция салуда. Қазақстан ЖИ саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді ілгерілетуде және өзінің интеллектуалды экожүйесін құру бойынша жұмыс жасауда. Президент тапсырмасында да бұл бағыттар басты назарда және еліміздегі ЖОО осы салалар бойынша маман даярлауды жүйелей бермек. Технология мен бағдарламалардың даму барысында кибершабуылдар күшейетіні белігілі. Осы орайда Қазақстан киберқауіпсіздік мәселелеріне үлкен көңіл бөлуде. Білім беру мекемелері болашақ мамандарды дайындауға көмектесетін цифрлық технологияларды оқу үдерісіне белсенді түрде енгізуде. Жоғары жылдамдықты интернет қосылымдарын және бұлттық қызметтерді дамыту заманауи АТ технологияларына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін маңызды. Сонымен инкубаторлар мен акселераторлар арқылы стартап-компаниялар мен инновациялық жобаларды қолдайды. Бұл жаңа технологиялардың дамуына және еліміздің инвесторлар үшін тартымды болуына ықпал етеді», – дейді кәсіби маман.
Таяуда қоғамда осы салаға, дәлірек айтқанда жоғары жылдамдықты интернетке байланысты үлкен оқиға болды. Әрине, бұл – тарихи оқиға деуге болар. Техникасы дамып, әлемді мойындатқан Жапонияны басып озыппыз. Бәлкім, бұл қисынға келер, келмес. Бірақ қоғамда осы тақырып едәуір белсенді қозғалды. Бұл ретте маман мынадай ой айтты.
«Елдегі ІТ-технологиялардың даму деңгейі әртүрлі жағдайларға байланысты. IT секторы интернетке қолжетімділік, құрал-жабдықтың сапасы, мамандардың біліктілігі мен құзыреттілік деңгейі, инфрақұрылым және басқа да көптеген жағдайларды қамтитынын түсіну керек. Инфрақұрылым демекші, желілер мен жабдықтар маңызды рөл атқарады. Егер қағаз жүзінде жоғары көрсеткіштер болса, шын мәнінде желілер тұрақты болмаса, бұл қоғамдық резонанс тудыратыны анық. Шынын айту керек, елімізде интернеттен бөлек ұялы байланыс қызметтері жұмыс жасамайтын өңірлер бар. Алайда ол өңірлерге инфрақұрылымды тарту үшін бюджеттен қыруар қаржы керек. Үкімет тарапынан кейбір өңірлерге жасанды жер серігі (спутник) арқылы байланыс жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал байланыс операторларының қазіргі таңда оған қауқары жеткіліксіз деп ойлаймын. Себебі, қазір қарапайым моноқалалар мен аудандардағы тұрғындар санының күрт өсуі де интернет сапасына үлкен әсер етуде. Мысалы, қаладағы Астана мөлтек ауданына 5-10000 байланыс құрылғысына шақталған құрылғылар орналастырылған болуы мүмкін, алайда ол жақта 20 000 тұтынушы бар. Ол – жүктемеден байланыс пен интернет сапасы төмен болады деген сөз. Міне, әлеуметтік желідегі ұялы байланыс операторларының интернет тарифтерінің өсуіне байланысты да шағымдардың көбейгені осы жағдайға тікелей байланысты. Бірақ аталған мәселелердің алдын алу үшін жоспарлы түрде жұмыс жүргізген маңызды деп санаймын. Қазақстандағы IT-технологияның даму деңгейін басқа елдермен салыстыруға байланысты, мысалы, Жапониямен салыстыру әртүрлі факторларды ескере отырып жүргізілуі мүмкін. Бірақ әр елдің өзіндік ерекшеліктері мен басымдықтары бар екенін есте ұстаған жөн. Сонымен, жаһандық IT сектордағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін инфрақұрылымды, мамандардың біліктілігін арттыру және инновацияларды ынталандыру бойынша жұмысты күшейту маңызды», – дейді Ф.Оразалыұлы.
Бір ғана мысалды алайық. Облыс орталығынан небәрі 35-40 шақырымда жатқан Қоғалыкөл елді мекені бар. Бұл аймаққа интернет желісін «Қазақтелеком» АҚ мекемесі таратып отыр. Айта кетейік, елді мекенде бірнеше жылдан бері осы мәселе көтеріліп келеді. Бірақ, шешімін табар емес. Ал қағаз жүзінде бәрі керемет болуы мүмкін. Шынайы істе қалай екені мамандарға белгілі.
«Расында да, қағаз жүзінде тамаша жоспар жасауға болады. IT секторының дамуы инклюзивті және орналасқан жеріне қарамастан бүкіл халыққа пайдалы болуы керек. Жоғарыда атап өткендей, инфрақұрылым мен ІТ мамандардың біліктілігін арттыру аса маңызды. Не үшін ІТ саласына мамандар тұрақтамайды.? ІТ саласын дамыту неге қиын? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек. Бұрынғыдай «Программистсің ғой барлығын білесің, сен жасай салсай» деген ойдан толықтай арылу керек. Технология дамуы соны қажет етеді. Білім беру мекемелеріндегі программист жалақысы – 70 мың мен 120 мың теңгенің арасы, техникалық құрал-жабдықтар бойынша мамандардың жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Соңғы 5-10 жылда ІТ мамандардың жалақысында ешқандай өсу болған жоқ. Әлеуметтік портфолио мен жалақының жоғары болуы бұл саланың даму көрсеткішіне тікелей әсер етіп отыр. Білікті мамандардың басым көпшілігі шетелдік компаниялар мен шет елге асып кетіп жатқаны да осыған дәлел. Егерде елде саланың дамығанын қаласақ, өзекті мәселелерге назар аудару керек», – дейді Ф.Абжаппаров.
P.S. Әлемді тетікпен басқарып отырған мемлекеттер жетерлік. Бұйыртса, білікті мамандар бас көтеріп, ел игілігіне еңбек етер болса, Қазақстан да сол қатардан болары даусыз.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!