Берікбол БАЙХОЖАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

 облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары,

Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі:

– Берікбол Ұзақұлы, қазір Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, Пре­зиденттік жастар кадр резервіне іріктеу кезеңдері өтуде. Оның мақсаты қандай?

‒ Президенттік жастар кадр резерві қоғам­дық мүдделерді басшылыққа ала­тын жас талант­тарды анықтау және мемле­кеттік қызмет­ке тарту мақсатында ұйым­дас­тырылуда. Респуб­лика бойынша ірік­теу кезеңі осы жылдың 1 қыркүйегінен бас­талды. Резервке қатысу үшін құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында арнайы әзірленген pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада онлайн режимде жүргізілді.

Президенттің 2021 жылғы 18 мамырдағы Жар­лығымен белгіленген талаптарға сәйкес ірік­теуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жә­не кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ мемлекеттік тілді орташа деңгейден (В1) төмен емес деңгейде білетін ҚР азаматтары қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қорытындысында 50 қызметкер іріктелетін болады. Резервте болу мерзімі – 3 жыл.

Бүгінде «Сарапшылық комиссияда әңгіме­лесу» кезеңі аяқталды. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы негізінде 65 үміт­керден аспайтын тізім жасалып, ол Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылады. Ре­зервшіні бос мемлекеттік лауазымға тағайын­дау құзыреттер жиынтығы ескеріле отырып және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынымы бойынша конкурстан тыс тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте резервке қабылдау мемлекеттік лауазымға тағайындауға кепілдік бермейді.

Аймақтағы 443 (13,2%) мемлекеттік қызметші – 29 жасқа дейінгі жастар

‒ Резервке алу үшін үміткерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек екен. Соған тоқталсаңыз…

‒ Иә, үміткер күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуа­циялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді ба­ғалау, сарапшылық комиссияда әңгімелесу, ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы сынды бірнеше кезеңнен өтеді. Айта кетейін, көптеген кезең онлайн режимінде өтті.

Резервке іріктеу алғаш рет 2019 жылы жүр­гі­зілгенін білесіздер. Ол кезде резервке ірік­теу­дің барлық сатыcынан өткен 300 азамат қабыл­данды. Сол резервшілердің қатарында Қызыл­орда облысының 11 тумасы болды. Деген­мен Президенттің жастар кадр резервіне лайық деп танылған 300 азаматтың ішінен облыстан қатысқан, аймақта қызмет жасайтын бірде-бір кандидаттың болмауы өкінішті.

Осы себепті биылғы резервтің іріктеу кезең­деріне Сыр елінің креативті жас азаматтарын белсенді түрде қатысуға шақырдық. Ақпарат­тық-насихаттық шараларды кеңінен жүргіздік. Департамент тарапынан резервтің іріктеу кезең­деріне қатысуға ынта білдірген кандидаттарға әдістемелік көмектер жүргізілді. Бұқаралық ақ­па­рат құралдары мен журналистер қауымы барынша ақпараттық қолдау білдірді. Нәтижесінде биылғы  іріктеуге облыстан 435 жас гиет білдірді. Ал республика бойынша 8638 жас құжат тапсырды.

Биыл Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуіне облыстан 435 жас құжат тапсырды

 ‒ Қазір департаментте қандай жұмыстар атқарылуда?

‒ Әділет органдарында тіркелген ережеге сәйкес, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті – белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

Қазір облыс мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3 619 бірлікті құрайды. Оның 14-і саяси мемлекеттік қызметші, 1-еуі «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері және 3 604 ‒ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Аймақтағы 443 (13,2%) мемлекеттік қызметші – 29 жасқа дейінгі жастар.

Сондай-ақ тәртіпті тезге салатын Әдеп жөніндегі кеңесте 9 отырыс өткізіліп, 47 мәселе қаралды. Қаралған мәселелердің 30% немесе 14-і тәртіптік істер болса, 8 мәселемен мемлекеттік орган басшылары, аудан әкімдерін мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бойынша атқарған жұмыстарының қорытындылары, 7 мәселемен Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің нәтижелері, 1 мәселемен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы, 3 мәселемен мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары жұмысының нәтижелері және 14 өзге де мәселе қаралды.

‒ Атқарылған шаралардың  нәтижесі қандай?

‒ 9 ай қорытындысына сәйкес облыстың жергілікті атқа­рушы және аумақтық мемлекеттік органдарымен 381 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген.

Бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына бақылау жүргізуде азаматтық қоғамның белсенділігі артуда. Департамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері аудандарда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қоғамдық бақылау мен қабылдауларды тұрақты түрде өткізуде.

Сонымен қатар қоғамдық мониторинг өкіл­де­рімен аудан, қала деңгейінде 11 қоғамдық қа­былдау жүргізілді.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана Жұмадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!