Өткен жылы пандемияға ешкім дайын болған жоқ. Ол еңбек нарығына айтарлықтай әсер етті. Алайда бұған қарамастан мемлекет бірқатар қолдау шараларын қарастырып, шағын және орта кәсіп иелеріне жеңілдік ұсынып келеді.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы 9 ай ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 20,8 млрд теңгені құрайтын 1360 жобаның қолдау тапқанын мәлімдеді. Карантинге қарамастан кәсіп ашуға ниетті азаматтардың қатары артып, аймақ республика бойынша үздік үштікке енген. Бизнесті одан әрі аяққа тұрғызу үшін бірқатар бастамалар да жалғасын табуда. 3-4 қараша күндері аралығында басқарманың ұйымдастыруымен қонақ үй және мейрамхана менеджерлеріне арналған 2 күндік семинар-тренинг өткізу де жоспарланып отыр. Мұндағы мақсат – ішкі және келу туризмін дамыту. Қонақ үй және мейрамхана сервистік кешендерінің қызмет сапасын одан әрі жандардырып, туристік қызметті қажетті кадрмен қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
Тренингке Еуразиялық туризм қауымдастығының өкілдері Жанар Жексембі, Орынбасар Төлегенова, сондай-ақ қонақ үй басқаруындағы халықаралық бизнес магистрі, аға-оқытушы Нұрсұлтан Әсемжар пен Дидар Қаратаев спикерлік етеді. Шара барысында қатысушыларға біліктілікті арттыру курсын аяқтағаны жөніндегі сертификат табысталмақ. Мамандар тренингтен қалыс қалмауға шақырады. Өтетін орны – Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі №12-де орналасқан «Бастау» бизнес орталығы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!