Бүгінде күбі пісіп, май шайқайтын, құрты мен қатығы дастарқанының төрінен орын алған отбасы кемде-кем. Шалғай жатқан малшы ауылда болмаса, бүгінгі ауылдардың көпшілігінде төрт түлігін сай етіп, ағарғанын алдыңа тоспақ түгілі, шәйға сүтті дүкеннен «Мое»-ны арқалап келетін ағайын көп. Бұл тұрмыстың төмендегенінен де емес, тек мал асырау қиындап кеткен дәуірдің бір себебі болуы да мүмкін. «Еңбектің наны тәтті» деген ұстанымды алға қойып, осы бір қиыншылықтарға төтеп беруде жұртқа үлгі болып жүрген қоғалыкөлдік ерлі-зайыпты Азат Балғабайұлы мен Мөлдір Мейрамбекқызы – атакәсіпті жолға қойып, бейнеттің зейнетін көріп жүр.

Таң қылаң бере басталған тірлік күн ұясына батқан соң барып, бір дамылдайды. Өйткені түтіні түзу ұшқан берекелі отбасының нәпақасы мал шаруашылығынан табылып тұр. Кәсіптен береке іздеген Азат Балғабайұлы мектеп бітіре сала, темір тұлпарды тізгіндеп, облыс аумағын аралап, шаруалардың қолынан мал саудалап, оны бірнеше ай бордақылаумен айналысты. Қолына қамшы ұстаған малшы ағайынның басы қосылатын орталықтағы мал базары мен Қоғалыкөлдің арасында талайдың төрт түлігін жеткізіп беріп, нәпақасымен қоса алғыс-батасын да алып жүр. Ал жары Мөлдір Құдай берген балалардың тәрбиесінен бөлек, қол қусырып қарап отырмай, ірі қараны сауып, сүт өнімдерін өндірумен айналысады. Шеке шылқып байып кетпесең де, күнделікті ішер ас, жер наныңды табатын осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жандар.
– Еңбек етіп, маңдай теріңді төкпесең, нәпақаңды табу қиын. Күннің ыстық-суығына қарамай, тынымсыз тірлік ететін саланың бел ортасында жүрміз. Қазақтың атакәсібі қай уақытта да мінберде жүру керек. Қолы қимылдағанның ғана аузы жыбырлайды. «Алма піс, аузыма түс» дейтін кез емес. Отбасымның қажетін қамтып, балалардың болашағын нықтау үшін осылай қам-қарекет қыламыз. Әйтеуір, бәріміздікі нан талап. Мал шаруашылығы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретіндердің орны емес. Осы салада жүргеніме 17-18 жылдай болды. Алдыңғы толқыннан үлгі алып, кейінгіге үйретіп келеміз, – дейді Азат Балғабайұлы.
Жас отбасы – бақыт кеп тұрақтап, шаттық кернеген шаңырақ. «Адам бала саны мен мал санын айтпайды» деп күлген Азекеңнің отбасында Құдай берген перзенттері өсіп келеді. Көпбалалы отбасы. Отанасы Мөлдір Мейрамбекқызы өткен жылы мемлекеттің көпбалалы отбасыларға бағытталған 400 АЕК көлеміндегі қолдау грантын жеңіп алып, сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді. Құрт-майы, қатығы мен айраны талай жұрттың таңдайында дәмі тіл үйіріп, үлкен сұранысқа ие болған. Алдағы уақытта бұл кәсіпті де дамытып, үлкен өндіріс орнына жеткізуге оның ынта-ықыласы мен ұмтылысы жетеді. Еңбектенген жанның несібесін қалмайтыны анық. Бүгінде ауыл жастарына үлгілі отбасы.
– Сиыр сауып, сүт өнімдерін сатып отырмыз. Халық қазір табиғи өнімге барынша назар аударған. Өйткені, осы күні дүкендегі түрлі қоспадан дайындалатын сүттердің бағасы қолдың сүтінен қымбат. Халықтың қалтасына қонымды бағада өнім өндіргеннің бір жақсысы – ақысын аласың әрі алғысқа бөленесің. Тек ауыл ішіне ғана емес, облыс орталығына да апарып сатамыз. Оның нәтижесінде тұтынушылар қатары артады. Ал мұнан соң мал басын көбейтіп, өнімді де арттыруға мүмкіндік бар. Кәсіпте жүрген соң жан-жақты зерттеп, ойланып жүресің. Барлығының басы-қасында отағасым жүреді, бастамасын да көтереді. Әйтпесе, әйел адамға мал шаруашылығы оңай шағылар жаңғақ емес, – дейді Мөлдір Мейрамбекқызы арқа сүйер азаматын құрметтейтінін көрсетіп.
Қай істе де бірге қол ұстаса жүретін жас отбасының тірлігіне қарап, нағыз істің адамы осылай болса дерсің?! Балала­рын да бұғанасы қатпай жатып, еңбек­ке баулып жүр. Ұлдары­ның үлкен­де­рі Ринат пен Саламат қолғанатына айналған. Олар да кішкентайынан маңдай тердің ақ адал наны қалай болатынын ұғынып өсіп келеді.
– Қазақ бала тәрбиесіне ерекше ден қойған. Ұлтымыздың тәлім қағидасында жеті жасына дейін баланы патшасындай көреді, он үшіне дейін құлындай жұмсайды. Ал он үштен кейін досындай сырласады. Бала ата-анадан ешнәрсені жасырмауы керек, ойын айтуға қысылмауы керек. Одан соң «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді дана халқымыз. Балалардың ойында өмірлік ұстаз, үлгілі жан болу үшін жат әдеттерден бойымызды аулақ салып келеміз. Олардан талап ететін болмыс пен қасиет өзіміздің де бойымыздан табылуы керек. Міне, сонда ғана балаға ақыл айтып, ойыңдағы үлгілі образға жетелей түседі. Біздің кішкентай мемлекетімізде осындай қағидалар қатаң сақталады, – дейді Азат Балғабайұлы.
Мемлекет басшысынан бастап, қазір барлық жерде еңбек адамына құрмет көрсету күн тәртібінде тұр. Ауыл өнімдерімен жұртшылықты қамтамасыз етіп, нәпақасын еңбекпен тауып жүрген жандарға қашан да жағдай жасалу керек. Екі қолға бір күрек тауып, қолында барды ұқсатып жүрген қоғалыкөлдің жас отбасының адал кәсібі талай жанға мотивация болары анық. Өйткені, еңбек еткеннің ғана қарны тіленбей тоятынын қазекем әлдеқашан айтып кеткен.

Дәулет ҚЫРДАН,
Сырдария ауданы.
Суретке түсірген Нұрболат Нұржаубай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!