Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова – еліміздегі ілеспе аударма жасауды меңгерген алғашқы білікті маманның бірі. Ұзақ жылдар бойы ҚР Парламенті Сенатының аппаратында, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған.
Қазан айының алғашқы күні Камал Әлпейісова Сыр топырағына келіп, аймақ жастарымен жүздесті. Облыстық жастар ресурстық орталығында өткен жүздесуде журналист өзінің өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті.
Камал Әлпейісова алдымен «Жастар орталығы» ғимаратымен танысып, одан әрі жастардың ортасына жайғасты. Сөз басын өзінің қазіргі таңдағы «Қазақтану» жобасы туралы тоқталып, оның ішінде ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді жаңғырту мақсатында идея туындағанын айтты. Осы тұрғыда жастарға кей әдет-ғұрыптарды мысалға алып, жобаның мазмұнын да аша түсті.
Одан әрі бірнеше жылдар бойы қызмет етіп, өзінің есімін қалыптастырған аударма тақырыбына кеңінен тоқталды. Аудармашының кіріспе кезеңі, оның түрлері және осы аударма саласындағы қиындықтар мен кездескен қызықты оқиғаларымен де бөлісіп отырды.
Кездесу қорытындысында Камал Әлпейісова өзінің авторлық «Ілеспе аударма: Таным мен тәжірибе» және «Фразеологизмдердің қазақша-орысша, орысша-қазақша мағыналық аудармалары» атты кітабын «Жастар орталығының» кітапханасына сыйға тартты.
Шара соңында Сыр жастары белгілі аудармашымен естелік суретке түсті.