– Ұлан, мектеп оқушысы үшін кәсіп бастау оңай емесі анық. Етікшілік – ата кәсіп деп жатады. Десек те аяқ киім тігудің өзіндік қиыны бар. Берекелі ісіңіз қалай бастау алды?

– Бәрі карантин уақытында басталды. Жалпы әр бір кезең адамды бір іске бейімдеп алады. Карантин уақытында қимыл-қозғалыс азайды. Сабақ та бұрын-соңды болмаған онлайн форматқа көшті. Әке-шешеміздің де жұмысы тұралап қалды. Барлығымыз телефоннан әрі аса алмай қалдық. Анамның ине мен жіпке жақындығы бар. Қолы қалт етсе, құрақ көрпеше тігіп, тапсырыс қабылдайды. Содан анам мені де бейімдеуге көшті. Қазір ғаламтордың дамыған заманы. Шеберлік курстарды онлайн оқып, кәсіп бастауға болады. Инстаграмда «Алтын қол» деген парақша бар. Этнобрендке бейімдейді. Отбасымызбен ойласа келе онлайн курсын оқитын болдық. Курс тегін болмайтыны өзіңізге белгілі. 15 мың теңгемен сол курсты оқып, тоқыма тігуді үйрендік. Гүлнар Ақбұзауова ұстазымыздың күнделікті тапсырмасының көмегімен маман болып шықтық. Тоқыма тігемін деп шектеліп қалмау керек болды. Үйренгенімді пайдаға асыруым тиіс. Содан аяқкиім тігіп шығаруды қолға алдым. Алғашқы еңбегімді отбасым кәдеге асырып, бақылаудан өткізді (күліп).

Карантин кәсіпке бейімдеді
Карантин кәсіпке бейімдеді

– Кәсіпке қандай технологияны қолданып отырсыз?

– Нақты бір технологияны қолданып отырған жоқпын. Тоқыма бізі мен ирандық жіп – менің серігім. Егер кәсібім дамып, сұраныс артып жатса, жаңа технологиялар алып, шеберхана ашуды қолға аламын.

– Бір тапсырысты қанша уақытта бітіресің?

– Қолды енді жаттықтырып жүргенде 1 аяқкиімге 1 күнімді арнайтынмын. Қазір бұл іспен айналысып жүргеніме бір жылға жуықтап қалды. Сондықтан қазір уақытты текке жұмсамаймын. Бір күнде істейтін дүнием бір сағатқа алмасты. Егер тапсырыстың дизайны мен пішіні қиындау болса, 3-4 сағат уақытымды жұмсаймын.

– Еңбегіңді қаншаға бағалайсың?                         

– Бізде қолдан жасылған дүние қымбат тұрады деген ой қалыптасқан. Мен сол ойды түбегейлі өзгертуге тырысып жүрмін. Мысалы, үй жағдайында киетін аяқ-киімнің шикізатына 1700 теңге жұмсаймын. Қолдан жасалған өнім деп оның үстіне 5-6 мың теңге  қоса алмаймын. Әрине, еңбекті де бағалаған жөн. Десек те халықтың ыңғайына қарағанымыз дұрыс. Менің қолымнан шыққан аяқ киімдердің қымбаты – 10 мың теңге болса, арзаны – 3 мың теңгені құрайды.

– Құпия болмаса жас кәсіпкердің бір айдағы табысы қандай?

– Құпия емес (күліп). Қазір істеп жатқан кәсібім ауқымды деп айта алмаймын. Белгілі бір шеберхана да жоқ. Қазір тек тапсырыс бойынша жұмыс істеудемін. Сондықтан шикізатты есепке алмағанда бір  айдағы минималды табысым 70 мың теңге.

– Қазақта «ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Бұған қарап етікшілік өнердің табандылықты талап ететінін байқаймыз. Дегенмен нарықтық заманда еңбектің жануы үшін қолдау да қажет сияқты. Мемлекеттен тарапынан көмек бар ма?

– Әрине, дұрыс айтасыз. Екінің бірі бұл кәсіпті бейімдей алмайды. Бұл өте қиын кәсіп. Әзірге мемлекетке қол жайып отырғаным жоқ. Шама-шарқымша еңбектеніп жатырм. Бірақ мұны әрі қарай ілгерілеу үшін елден көмек қажет. “Атамекен” кәсіпкерлік палатасына кәсібімді ұсынып, қолдау алуға ұмытылып көремін.

– Кәсібіңіз берекелі болсын!

Әңгімелескен

Ерасыл ШӘРІБЕК 

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!