Шынымызды айтайықшы, Jas Otan дегенде ең алдымен әртүрлі ірілі-ұсақты шаралар мен акциялардың басында жүретіндер елестейді ғой көз алдымызға. Бірақ жуырда осы Jas Otan-ның жастарымен тілдескеннен кейін мен осы ойдан арылдым. Кейінгі толқынның көп істе үлесі бар екеніне көзім жетті. 

Кейінгі толқынның көп істе үлесі бар

Әлішер Қардашов,

“Jas Otan” Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

– Біз тек мектеп жастарымен немесе студенттермен ғана жұмыс істемейміз, әртүрлі саладағы қатарластарымыз да назарда. Бұрын  142 бастауыш бөлімше болған. Сараптай, сұрыптай бұл санды 93-ке түсірдік. Мұның бірнеше себебі бар. Бастысы, мүшеліктегі жастардың біразы отыздан асып кеткен. Бұрынғы статистика бойынша қатарымызда 13 200 жас болатын. Қазіргі санымыз 5320-ның маңайы. Жастар қанатының мүшелері азайғанымен атқаратын міндетіміз кеміген жоқ. Біздің буын барлық бастаманың басында жүруі тиіс. Солай болып та жатыр. 

«Жастар не бітірді?» дегенде ауыз толтырып айтар іс баршылық. Соның бірі…

BIZ BIRGEMIZ

Елбасының бастамасы аясындағы «BIZ BIRGEMIZ» акциясы шеңберінде былтырғы қараша айына  дейін 41 964 облыс тұрғыны көмек алған. Оның ішінде 12 489 отбасына азық-түлік себеті таратылды. Аймақ тұрғындарына 10 000-ға жуық медициналық бетперде үлестіріп шыққан да осы жастар. Бұл жұмысты ұйымдастыруда қауіпсіздік шараларын сақтай отырып 500-ге жуық жасотандық ерікті түрде қызмет атқарды. Пандемияның өршіп тұрған шағында еріктілердің елге көмегі көп болды. Жалғызбасты кісілерге  дәрі-дәрмек жеткізіп тұрды. 

Жұмысшы мамандығына

насихат керек

Jas Otan Жастар қанаты мүшелері жастар арасында жұмысшы мамандығын насихаттау, еңбек адамының беделін көтеру бағытында біраз шаруа атқарды.  Осы бағытта кездесулер ұйымдастырып, оған ұлттық компания, акционерлік қоғам, ірі, орта және шағын кәсіп орындарында  жұмыс жасайтын жастар қатысты.

Филиалдың «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» жобасы аясында «Қызылорда қызмет көрсету және сервис» колледжінің білім алушылары тәтті тоқаштар мен торт пісіріп, жалғызбасты қарттарға тарту етті.

Студенттердің жұмыс күші мен кәсіпкерлердің колдауын біріктіре отырып, көмекке мұқтаж жандардың қажеттілігін қанағаттандыруды көздеген бастаманы қуаттағандар қатары көп. 

Кейінгі толқынның көп істе үлесі бар

Назерке Дәрібай,

“Jas Otan” ЖҚ ҚОФ жоба үйлестірушісі:

– Біз қолға алған жаңалықтың тағы бірі әлеуметтік желіге қатысты. Бұрын тек пост фактум стилінде жазылатын. Ал біздің негізгі аудитория жастар болған соң біз сәл ескі бағыттан ауытқыдық. Уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізетін жастар үшін облыстың әлеуметтік парақшаларында #Aqparat_JO,  #Аналитика_JO,  #Сұра_Say,  #Мнение_JO тұрақты айдарлары аясында пайдалы ақпараттар беріледі. Жыл басында «Jas Otan» ЖҚ бастамасымен «Қызылорда» сауда орталығында «Кеңес орталығы»  ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – жастардың өзекті мәселелерін шешу, ақпараттық сүйемелдеу, тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету. Карантиндік шектеулерге байланысты кеңес орталығының жұмысы облыстың әлеуметтік желі парақшасында тікелей эфирде өткізілетін#Сұра_Say онлайн кеңес айдарымен жалғасуда.  Бұл айдар әр аптаның сәрсенбісінде шығады және көптеген сала мамандары келеді. Көпті толғандыратын сұрақтарға жауап бере отырып, қатарластарымыздың танымын өзгертуге тырысамыз. Сосын тағы бір керемет жаңалық, жастармен байланыс орнату үшін “Получи три книги” деген онлайн ұтыс ойыны жүреді. Ол үшін біздің инстаграм парақшамызға жазылу қажет. Ай сайын онлайн түрде өткізіп, жеңімпазға 3 кітаптан беріп отырамыз.  Сондай-ақ Jas Otan ЖҚ әлеуметтік парақшасында ұйымдастырылған онлайн марафондарда (#AbaiDanalygy, #BirgeOzger, «Біз Тәуелсіз елдің ұрпағымыз!») қатысушы облыс жастарының белсенділігі жоғары.

Кейінгі толқынның көп істе үлесі бар

Әсем КаҺарманова,

“Jas Otan”  Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының консультанты: 

– Біз әр саланы қамтуға тырысамыз ғой. Мысалы, 1 курс студенттері дәстүрлі оқыту форматына оралуына байланысты студенттер үйлерінде рейд қайта қолға алынады. «Jas Otan» ЖҚ студенттердің өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында өңіріміздегі ЖОО және ТжКБ жанындағы жатақханаларға жүйелі мониторинг жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жаңбырлы күндері 5 қабаттың қабырғалары суланып, төбесінен су ағады. Тағы да басқа олқылықтарды ескергенде жатақхана күрделі жөндеуді талап етеді. Осындай мониторинг кезінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі жатақханасының күрделі жөндеуді талап ететіндігі анықталды.

Жасотандықтар бастамасымен қала тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында тұрақты түрде «Таза мекен» эко-акциясы ұйымдастырылып келеді. Сенбілік аясында 150-ден астам ерікті қала аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан («Бизнес бастау», «Жас кәсіпкер», «Jasproject» және т.б.)  бағдаламалар аясында қолдау алған жастардың қазіргі экономикалық жағдайын аңықтау мақсатында облыстағы жас кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліпті. Оған 518 жас кәсіпкер қатысып,  бағдарламалардың тиімді тұстары мен проблемалары анықталды. Алдағы уақытта «Аймақтық жастар кеңесі» күн тәртібіне мониторинг нәтижелері және ұсыныстар енгізу жоспарлануда.

Экономикалық белсенді азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында өңіріміздегі 702 кәсіпорын тарапынан 18-29 жас аралығындағы 274 жұмысшы жастың тізімі жинақталды.  Алдағы уақытта жұмысшы жастармен түрлі бағыттар бойынша (кәсіпорындарда бастауыш бөлімше ашу, спорттық іс-шара, интеллектуалды сайыс, менторлық қызмет, Ted формат + networking) бірлесіп жұмыстар жүргізілетін болады.

Кәсіпкерлер клубы

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Осы шаралардың заңды жалғасы ретінде биыл жыл басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша Қоғамдық Кеңес құрылған болатын.

Облыс тұрғындарының үштен бір бөлігі жастар. Жастарды кәсіпкерлікке тарту  бұл тек шағын бизнестің көлемін арттыру ғана емес, сонымен бірге кейінгі толқын өкілдерін жұмыспен қамтудың бірден бір жолы. 

Дегенмен облыста жастар арасында кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі әлі де төмен. Бұл мәселені шешуде Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылып жатқан Жас кәсіпкерлер клубы өз септігін тигізеді деп сенеміз.

Кейінгі толқынның көп істе үлесі бар

Диас ҚАНАТБАЙ

ЖҚ ҚОФ жоба үйлестірушісі:

– Жасотандықтардың спорттық нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында  былтыр мамыр айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басшылығымен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде университетке қарасты «Сейхун» ойын-сауық спорт кешенін әр аптаның сейсенбі, сенбі күндері жасотандықтар тегін қолдана алады. Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау барысында «Сейхун» спорттық  кешенінде базар және сауда орындарында жұмыс жасайтын жастар арасында  «Дүйсенбілік футбол» кіші турнирі өтті. Турнирде 16 команда бақ сынасып, жеңімпаздар қаржылай сыйақымен марапатталды.

Кәсіптік бағытта білім алып жүрген жастардың (дәнекерлеуші, монтажер, құрылысшы электрик, тігінші, аспаз әлеуетін көтеру, мамандықтың қоғамда маңыздылығын арттыру барысында «Теориядан тәжірибеге» жобасы басталды.

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!