Би өнері – тән мен жанның үйлесімділігі. Ғалымдар бидің басты 5 элементінің бар екенін алға тартады: дене, әрекет, кеңістік, уақыт және энергия. Бұған қарап, би өнерін өмірдің дәл өзі десек болады.

Сонымен қатар түрік тіліндегі «бек» сөзінің уақыт өте келе «бей» мен «би» сөздерін тудыруы да қызықты. Өнертанушы Молдияр Ергөбектің пікіріне сүйенсек, заманауи қазақ тілінде ел билеу мен би билеудің түбірі бір. «Сол баяғы шаманға бару керек бұл ұқсастықты түсіну үшін: Олар би билей алатыны үшін тылсыммен байланысы бар; тылсыммен байланысы болғаны үшін елге билік жүргізетін. Олай болса би билеу өте маңызды. Әр адам қысылмай билей алса, өз өмірін де билей (басқара) алар еді.
Тарихта «бег» («бек») сөзі алғаш рет Орхун жазбасынан (735ж) табылған екен. «Beglik oġluŋun kul kıldıġ, işilik kız oġluŋun küŋ kıldıġ» депті. «Бек болар ұлын құл қылдық, ханым болар (ішіл – әйел, ханым демек екен) қызын күң қылдық». Бұл сөйлемге барлап қарасаңыздар «оғлан» сөзінің жынысының жоқ екенін көресіздер. Соған қарағанда «оғлан» сөзінің ер баланы меңзеуі кейіннен болса керек. Қазақ тіліндегі «бала» сөзінің мәніне ұқсайды. «Бала» әрі жыныссыз сөз, әрі ер баланы меңзейді кейбір аймақтарымызда. Өзінің тәнін басқара білу – өнердің өнері. Қарап отырсаңыз биде фонограмма жоқ», – дейді өнертанушы.
Иә, спорт денсаулықтың кепілі болса, би одан да асып түсер адамның жаны мен тәніндегі үйлесімділіктің көрінісі сынды. Денсаулыққа да өте пайдалы. Би арқылы құрысып қалған бұлшық еттерді қайта жұмыс істетіп, іште жиналған негативті шығарып тастауға болады. Күйбең тіршілікті бір сәтке ұмыттырып, күйзелістен арылтады. Билеген адамның мүсінінде мін болмайды. Қан айналымы дұрысталып, табиғи коллагеннің бөлінуіне әсер етеді.
Бүгінгі әңгіме бачата биі жайында болмақ. Құштарлық пен нәзіктікке, жұмбаққа толы бидің түрі қазір көптің сұранысына ие. Қызылордалық хореограф Ғалия Кенжебаева – бачата мен зумба билерін үйретіп жүрген 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби маман. Би өнерін таңдап, жанымен қалап оқуға түскен хореограф 2001 жылы аталған мамандық бойынша диплом алады.
«Оқуды бітірген соң бимен айналыстым. Түрлі қосымша үйірмелерде шығыс биін, зумба биін, латын-америкалық би түрлерін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрдім. Кейін өзімнің әдістемем бойынша биге фитнесті қостым. Зумба, бачата, тағы басқа түрлі бағыттағы би түрлерін білсем де, ешқайсысына ерекше назарым ауып, бөле-жарған емеспін. Осылай уақыт өте берді.
Кейін пандемия кезінде жағдай ушығып, карантин режимі орнады. Әл есімде. 2020 жылы бәрі арақашықтықтан жұмыс істеп жүрген кезде ресейлік бишілердің онлайн курстарын, марафондарын сатып алып, үйден айналысып жүрдім. Содан соң өзім де сабақ өткізуді жоспарлап, бір топ ғана ашып, бачата биін үйреттім. Шәкірттерім өздерін ерекше бақытты сезінетін. Олардың жүзіндегі құштарлықты көріп, өзімнің де қызығушылығым артты. Өзге қалаларда өтетін бачата фестивальдерін іздеп, қарай бастадым. Алматы, Астана, Шымкентте кәсіби біліктілігімді көтеріп, қосымша білім алдым. Жан-жақтағы хореографтармен тәжірибе алмастым. Мен биді, оның ішінде бачата стилін сүйемін. Би – мен үшін өмір», – дейді кейіпкеріміз.
Қазір Ғалияның жасы 40-та. Одан арнайы сабақ алып, бачата биін үйренетіндер көбіне қызылордалық қыз-келіншектер екен.
«Бачатаның жұптық би екені белгілі. Мұнда құштарлық, нәзік иірімдер бар. Сондықтан мен биге қызылордалық жігіттердің де келгенін қалаймын. Кәсіби маман болу үшін емес. Би көңіл-күйдің қозғаушы күші хобби ретінде айналысса, қандай керемет. Алайда біздің менталитетке байланысты ер адамдар жұрттың сөзінен ұялып, би десе, айналып қашады», – дейді биші.
Инстаграмм әлеуметтік желісінде galiya_fitdance парақшасымен танымал бишінің қазіргі сәтте 50 000-ға жуық оқырманы бар. Оның айтуынша, зумба, бачата билерімен айналысу кезінде адам 1 ғана сабақта 800 калория салмақ тастайды. Көңіл-күйі, өзінің ішкі жағдайы жақсарып, қан айналымымен бірге әйелге тән әдемі мүсіні де қайта оралады.
Жалпы бұл бидің шығу тарихына үңілсек, Доминикан Республикасында кедей топтың бастамасымен дүниеге келіпті. Бір кездері Рафаэль Молина деген диктатор осы елді басқарып тұрғанда, елде қиын жағдай орын алады. Міне, сол кезде бачата билеу арқылы халық өз мұңын сыртқа шығарған екен. Яғни, бачата қайғының орнына қуануға, айналадан сұлулықты көруге шақырып, би арқылы адамның бар болмысын шығарады.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!