Үй шаруасындағы әйелдердің жұмысы біртіндеп жеңілдеуде. Оған жақында қазалылық Әйгерім Нұржігіт үлес қосты. Кәсіпкер бүгінде өзінің «Келінжан» асханасында жартылай дайын тағам әзірлеу ісін қолға алып, ағайынның алғысына бөленіп келеді. Карантин шараларына қарамастан «Бастау-Бизнес» жобасын сәтті тәмамдаған ол  нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізген.

«Келінжан» ұсынған дәм

Берекелі істен несібесін айырып жүрген кәсіпкер алған қаражатына пеш пен тоңазытқыш секілді құралдар сатып алған. Қазір «Келінжан» асханасында4 адамжұмыс істейді және мұнда манты, тұшпара, болгар бұрышынан пісірме секілді көптің сүйсініп жейтін асынан бөлек, тәтті бәліш пен дәмді торт дайындалады. Шынайы еңбектің несібесі мол деп есептейтін Әйгерім – мемлекеттік қызметші. Алайда, ол қосымша курстардан тәжірибе жинап, астың, тіл үйірер дәмдінің түр-түрін жасауға бейімделіп алғанын айтады. Содан болар, сүйікті ісінен жырақтағысы жоқ.

– Ас үйде жүріп, тағам дайындаудан жалықпаймын. Ғаламтор желісіндегі рецепттермен танысып, көрген-білгенімді жүзеге асыруға талпынамын. Әсіресе, түрлі тағам, дәмді торттарды. Бірер жыл бұрын хоббиді бизнеске айналдыру жайлы ой келді. Өйткені, бұл – тынығуға септесетін керемет әдіс. Тек шабыт керек. Қазір еңбектің арқасында ойдағыны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Мемлекет қолдауы да қанаттандырды. Өнімдерді дайындап, технологиясына жіті мән беріп, сатылымға шығарамыз. Ұялы байланыстың дамыған кезеңі болғандықтан, көбіне әлеуметтік желі арқылы тапсырыс көп. Баға да қолжетімді. Ол – шағын ауданның өзінде істің көзін тауып, табысқа жетуге болады деген сөз, – дейді кейіпкеріміз.

Әйгерімнің телефонына әсіресе мереке күндері тыным жоқ. Сұраныс көбейіп, «Келінжанға» келушілер қатары артады. Ол кәсіпкердің сапаға ерекше мән беруімен байланысты. Бұған қоса қазір қазақстандықтардың 35 проценті тез даярланатын тағамды тұтынуға бейім деген дерек бар. Оған уақыт тапшылығы, жұмысбастылық себеп. Бұл орайда зерттеушілер қарқынды қатыру технологиясынан өткен тағамдардың бойында барлық қасиет пен дәрумен сақталатынын айтып, тұтынуға кеңес беруде. Оны арнайы ерітіп, күтіп отырудың қажеті жоқ, сыртындағы нұсқаулық бойынша қуырып немесе қайнатып, бірден пісіре беруге болады. Бұл – асты талғап ішуге келгенде асығыстық танытып, «Доширак», «Роллтон», «БигБон» секілді кеспелерді тұтынуға құштар жандар үшін таптырмайтын тағам.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!