Арал ауданының қуаңшылық жағдайы Сыр жастарын да алаңдатып отыр. Аталмыш аудандағы су тапшылығы тұрғындардың ата кәсібінің құлдырауына әкеп соғуда. Осы ретте, аймақ жас­тары аралдық жерлестеріне гуманитарлық көмек көрсету мақсатында Облыстық жастар ресурстық орталығы жария­лаған «Жастардан жәрдем» атты акцияға үн қосуда.
Күні кеше облыстық жастар ресурстық орталығының қызмет­кер­лері, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары, Jas Otan жастар қанатының еріктілері, «Ақмешіт апталығы» газетінің жур­налистері, облыстық «Волонтерлық фронт-офисінің» еріктілері қала шетіндегі егістік алқабына барып, шөп орып, Арал ауданына жолданатын жем-шөп керуеніне үлес қосты. Сонымен қатар аймаққа қарасты аудан әкімшіліктері, ондағы “Жастар ресурстық орталықтарының” қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, еріктілер аталмыш игі шараға атсалысуда.
Апта соңына қарай жастар мен еріктілердің еңбегімен және кәсіп­керлер мен меценаттардың қолдауымен жинақталған жем-шөп, мал азығы «Жастардан жәрдем» атты керуен болып, Арал ауданына жолға шығады.
Осы орайда Облыстық жастар ресурстық орталығының ұжымы барша аймақ жастары мен еріктілерге және журналистерге қайы­рымдылық әрекеттері үшін алғыс білдіреді және гуманитарлық көмек керуеніне үлес есебіндегі мал азығының әлі де жинақталып жатқанын хабарлайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!