Тереңөзек елдімекенінде жергілікті тұрғындарға қуаныш пен демалыс сыйлайтын бір орын бар. Ерекшелігі сол, аталған орталық қазақы дәстүр мен еуропалық үлгіні ұштастыра білген. «Макing Тerenozek» деп аталатын фастфуд орталығы заманауи жабдықталған қазақы киіз үйде келушілерге қызмет көрсетуде.

Бірнеше кәсіби маманды жұмыспен қамтыған орталықтың негізі осыдан екі жыл бұрын қаланған. Содан бері жас кәсіпкер Мақсат Бекенов отбасылық бизнесті дамытуға күш салып келеді. Ал жуырда еуропалық үлгіде қайта жабдықталған киіз үйдің ашылу салтанаты өтіп, шараға аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Қазақы болмысты насихаттауды мақсат еткен орталық жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп, тұтынушылардың көңілінен шығуда. Тіпті фастфуд дайындалатын киіз үй жобасын аймақтағы бірегей орталық деп бағалауға болады. Креативті идеяға толы отбасылық бизнестің қазіргі бағыты жөнінде жас кәсіпкер Мақсат Бекеновтің өзінен сұрап білдік.
– Нарық­тық заманда бәсекеге қабілетті болу маңыз­ды рөл ойнай­ды. Алғаш фастфуд орталығын ашатын уақытта отбасы­мызбен сұра­ныс­қа ие кәсіп түрін таңдау­ды жөн көрдік. Ата-анам, бауырла­рым­мен бірге жаңа кәсіпті игере бастадық. Әрине, тұрғындардың талғамы жоғары. Кәсіби, біліктілігі жоғары мамандарды жұмысқа тартуға барлық жағдай жасалды. Бірнеше қалада орналасқан фастфуд орталықтарының мамандарымен тәжірибе алмастық. Осылайша, кәсібімізді жаңғыртып, еуропалық үлгідегі қазақы киіз үй ашуға бел будық. Қомақты қаржы жұмсалған киіз үй жылдың 4 мезгілінде де қонақ күтуге арналған. Заманауи жиһаздар қойылған. Соңғы үлгідегі ыдыстармен жабдықталған. Тұтынушы өз қалауынша біздің тағамдарға тапсырыс бере алады. Сонымен бірге Тереңөзек кенті мен жақын ауылдарға тасымал қызметі жолға қойылған. Әр жұма сайын әрбір донер алған тұтынушыға түрік айраны беріледі, – дейді жас кәсіпкер.
Жаңашыл жастың бастамасы мұнымен шектелмейді. Жақында Мақсат «Макing Тerenozek» фастфуд орталығының ашылғанына екі жыл толуына орай Instagram желісіндегі оқырмандары арасында ұтыс ойынын ұйымдастырды. Нәтижесінде бес мыңнан аса адамның ішінен он жеңімпаз анықтап алынды. Бір қызығы, олардың қатарында Түркістан, Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда қаласы мен Арал ауданынан жеңімпаз атанған жандар бар. Кәсіпкердің тағы бір тың идеясы бойынша, орталықтың жиырма мыңыншы тұтынушысына да арнайы сыйлық тапсырылды.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!