Жыл басынан бері Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының жастары артис, режиссер ретінде тың дүние ұсынып, басқа бағыттағы спектакльдердің қойылуы әдемі үрдіске айналды.

Актер Санат Жүзбай «Шыны керек» психологиялық драмасын сахналады. Ол өзі дайындаған жаңа қойылым мен жастардың шығармашылық әлеуетін көтеріп жатқан тың идея жайлы сөз етті.

– Бұл идея басшылық тараптан туындады. Негізінен жастар арасында осындай тың дүниелер жасап көрсек, жаңа бағыттарда экспериментке барсақ деген ой болған. Кейін басшылықпен келісе отырып, идеядан идея туды. Жоспар бойынша театрдың ішінен құралған лабораториялық жастар труппасы, яғни жастар театрының ресми тұсаукесері 13 мамыр күні өтті. Көрсетілген қойылымдардағы шығармашылық топ тек қана жастардан құралып, жаңа дүниелер ұсынылды. Қанат Арқабаевтың «Кім?» атты психологиялық триллері, «ҰБТ кілті» атты драма, сосын «Шыны керек» психологиялық драмасы қойылды. Режиссер ретінде өзімді сынап көру үшін «Шыны керек» шығармасын таңдаған себебім – жаңадан қосылған жастарға мүмкіндік беру. Әрі көрермен мені режиссер ретінде дәл осы шығарма арқылы, дәл осы актерлық құрам арқылы тануы мен үшін қуантарлық жағдай. Алғашқы режиссерлік жобам болғандықтан, артистермен біріге жұмыс істеудің көмегі болды. Күндіз-түні, уақытты шектемей осы қойылым бойынша жұмыс жасадық, – дейді жас артис.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!