Екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда қаласының күні облыс көлемінде аталып өтуде. Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 23 қыркүйек күні «Кitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – жастар мен жасөспірімдер, жалпы тұрғындар арасында кітаптың құндылығын насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Ауқымды мақсатты арқау еткен іс-шараны облыстық кітапхананың басшысы Мыңжас Нұрлыбек ашып, мерекеге орай арнайы құттықтау сөз сөйледі. Өңірімізге белгілі ақын Д. Торғаева жас оқырмандарға өзінің жүрекжарды тілегін айтып, жас өренге арналған өлеңдерін оқыды. Фестивальге қатысушылар кітапхананың ауласында әртүрлі тақырыпқа сай безендірілген алаңдардағы қызыққа толы бағдарламаларды тамашалады. Концерттік бағдарлама аяқталғаннан соң кішкентай оқырмандар кітапхана ауласында Ғ.Әбділдә, Д.Торғаева есімді ақындардың, А.Нұразғали, Д.Мәделханқызы сынды қалам ұстаған жастардың шығармашылығымен танысып, әңгіме-жыр тыңдады.
Кітап фестиваліне зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, мектеп оқушылары, жалпы қала тұрғындары белсене қатысты.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!