Технология тіршіліктің айнымас бөлігіне айналып, құжат, адамдармен байланыс, тіпті, талай қызмет смартфон ұстаған саусақтың ұшымен шешілетін уақытта бір сәт күйбең тұрмыстан демалып, айналаға көз салудың өзі қиын жұмысқа айналғандай. Осындайда құшағы ұлан-ғайыр, табиғаттың сан түрлі сиқырына толы Жер-ана өзіне шақырады. Адам мен табиғат егіз. Сондықтан да бір сәт  кеңістікке шығып, жаяу жүріп қайтқан адам қалың уайымнан арылып, өзіне қуат алады, жаңа істерге шабыттанады. Табиғаттың әуенін тыңдап, тынысын сезінген адамның жаны да тыныш. Саябақ, өзен-көл маңы, таулы аймақ – тыныштық іздегендерге таптырмас орын. Дегенмен қызылордалықтар үшін көкке шығып, табиғат аясында серуендеуге Тұңғыш президент атындағы саябақтан артық орын жоқ секілді. Әсіресе, көктеммен бірге көңілге жылылық еніп, жердің тоны жібіп, жасыл көрпесін жамылғалы бері қала тұрғындары саябақта демалуды жөн көретінін жасыра алмаймыз.

Саябақ – таза, жасыл желекке толы, отыруға да, ас-ауқатын қамданып шыққан адам үшін тамақтануға да ыңғайлы, қаладағы қайнаған тіршіліктің шуынан жырақ, тыныш орын. Қызылордалықтардың сүйікті мекеніне айналған саябақтан кеш сайын көрпешесі мен дастарханын, доп пен кітабын, гитарасы мен домбырасын асынған жастарды, балаларын ойнатып жүрген ата-ананы, сырласқан ғашықтарды көруге болады.

«Осы демалыста көкке шығайық деп жоспарлап, достарымызбен бірге президент саябағына барып келген едік. Қажетті заттарымызды сөмкемізге салдық та, жаяу тарттық. Бастысы су мен отыратын орынға жаятын көрпеше немесе кілемшені ұмытпау керек. Кешке қарай шығатындықтан сырт киім де артық емес. Группаластарыммен бірге көп болып шыққан соң заттарды апару қиындық тудырған жоқ.

Саябаққа барған адамның көңілі жайланып, ерекше сезімге бөленеді. Телефонды да ұмытып, достарымызбен ән айттық, өлең оқыдық. Доппен ойнадық. Әңгімелесіп, әзілдесіп, көңілді отырыстың бірінде отырғандай күй кештік. Естелік фотоға түстік. Әнші достарым табиғат аясында әдемі контент жасап, видео түсірді. Осылайша екі-үш сағаттың қалай өткенін сезбей қалдық. Ерекше демалыстан кейін таныстарымның бәріне көкке шығудың қызықтарын айтып, ұсынып жүрмін», – дейді Алтынбек есімді қызылордалық студент.

Сейілге шықпас бұрын сол күнгі ауа-райына міндетті түрде мән беру қажет. Саябақта жүргенде жаңбыр не дауыл тұратын болса, демалыс күйзеліске ұласып кетуі мүмкін. Кіммен баратыныңды келіскен соң табиғат аясында уақытты қалай өткізу керегін ойлап, алдын ала ұйымдастырып шығыңыз. Жасыл жазықта спорттық ойын ойнағанға не жетсін?! Достарыңыздың барлығы білетін спорттық, интеллектуалдық қандай ойын бар екенін анықтап алған жөн. Әдемі ән айтып, би билеу, күй тыңдау, аспапта ойнау – мұның бәрі адамның миынан маңызды міндетін, жұмыстағы мәселелерін, мазасыз ойын қуып шығып, дофаминге, жаңа эмоцияға байытады. Ал денесі де, миы да демалып, сергіген адам жаңа мақсатқа кірісіп, алға қарай сенімді қадам басады. Бұл – бұлжымас заң. Сондықтан болар дамуына мән беретін даңқты адамдар қаладан алыс, табиғат аясында қыдыруды, тіпті, күнделікті бір сағат жаяу жүруді жөн көреді. Сонда стресске де орын жоқ. Табиғатта жасалған тағам бойға тез сіңеді. Ең мықты спортшылар да табиғат аясында, тауға барып жаттығуды әдетке айналдырған.

Әрине, көкке шығу күнделікті күйбеңнен шаршаған жанның көңіліне қуаныш сыйлайды. Дегенмен оның көкейде сұрақ тудырар теріс тұстары да жоқ емес. Иә, әр кеш сайын саябаққа көкке шығатын жүз шақты адам болса, олардың әрқайсысының тазалығы мен отырған орнын тексеріп, бақылауға алып отыратын қызмет түрі жоқ. Әр адам өзіне, өзі арқылы қоғамға жауапты. Шашылып жатқан қоқыстар, тамақтың, судың қалдығы «тамшыдан теңіз құралатыны сынды» саябақты қоқыс орталығына айналдырып жібермей ме?! Табиғатқа асығып келіп, демалатын да, ластайтын да – өзіміз.

Мұнымен қалай күресеміз? Оның екі шешімін ұсынып көрелік: біріншісі – экологиялық білім. Халықтың экологиялық ой-өрісін өзгертіп, балаларға табиғатты аялауды үйрету міндетімізге айналуы керек. Мысалы, қоқысты өртемей, оны өзіңізбен бірге алып кету, балаларды өсімдіктер мен жануарларды бағып-күтуге, жерде жатқан қоқысты көтеруге үйрету, ағаш отырғызуға қатысу. Барлығы да бала кезден басталады. Сондықтан мектептерде балаларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізу, қосымша жобалар ұйымдастыру мәселесі өзектілігін жойған емес. Екіншіден, айыппұл санкцияларының артуы.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің твиттердегі парақшасында: «Демалыс орындарында жаппай азаматтарымыздың ішкі, сыртқы мәдениеті жетіспейді. Өткен жылдары отандастарымыздың бірегей «қызғылт» Көбейтұз көліне келтірген залалы наразылық тудырған еді. Осы жағымсыз фактілер өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудегі проблемаларды айқындап берді. Білім, экология, ақпарат министрліктері бұл міндетті басым бағытта ұстануы керек»,– деп жазды. Көкке шығудың қызығы мен қызу қарқын алып жатқанын жоғарыда атап өттік. Тек басшылар мен табиғат жанашырларының ескертуі мен жанайқайы жалған емес екенін ескере жүрейік. Әйтпесе, көкке шығамын деп айыппұл төлер сәтте көпке түсіп қалуыңыз мүмкін.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!