Жер-Ананың бауыры жібіп, күннің шұғылалы шуағы әлемді тербеген осынау көктем – ғаламат мерекелердің маусымы. Жерге көк шығып, бүкіл әлемнің көріктеніп, ерекше күйге бөленер сәтінде наурыздың алғашқы күні – Алғыс айту күнімен ерекше. Ұзамай, көктемдей құлпырған қыз-келіншек, асыл ана, аяулы аруларымыздың мерекесі де келіп жетті.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын да сіздермен бірге қарсы алып отырмыз, қадірменді оқырман!
Шаттығы еселеніп, бақыт бесігі тербелген отанымыздағы мамыражай бейбіт күн барлығымыздың ырыс-ынтымағымыз бен береке-бірлігімізді арттырғай.
Көктем – тіршілік атаулыға жан бітіп, қалың ұйқыдан оянар ғаламат кезең. Ақындардың шабыты тасып, арулардың сұлулығы еселеніп, Табиғат-Ананың ажарланар сәті. Сондықтан, жер-жаһанның қуаныш құшағында қалықтап, тылсым тіршіліктің күйбеңін бір сәт ұмытып, кереметке көздері сүйсінетін сәтте халықтың шүкіршілік кезеңін бірге қарсы алып отырмыз.
Ақ жауынының астында ақ сезімі бүр жарар әрбір жанның сүйікті маусымындағы мерекемен баршаңызды құттықтаймыз. Көктемдей құлпырып, шұғылалы күндей шуақ шашып, айналаны арайландырып жүре беріңіздер, арулар!
Қазақ қызын қашан да төрге шығарған, қай кезде де бар мейірім мен махаббатын төккен. Сондықтан, сіздер барлық құрмет пен қошеметке лайықтысыздар!
Дүние тұрғанша тұрғайсыңдар, арулар, асыл жандар!
«Ақмешіт жастары» газеті
редакциясының ұжымы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!