Қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаса керек-ті. Сайын дала төсінде құйқылжыта ән салған сал-серілеріміздің ізін жалғаған ауылдағы өнерпаздар бүгінде жұртшылық жүрегіне жол тауып, қалың елді ән әлемінде әлдилеп келеді. Осындай таланттылардың бірі – Нұрбол Тұранов. Ол қоңыр даусымен сырдариялықтардың сүйікті әншісіне айналған. Нағи Ілиясов атындағы ауылдың мәдениет үйінің директоры. Жан-жақтылығымен танылып жүрген талант.
Болар баланы алыстан танитын ұстаздар Нұрбол Мұхтарұлын кішкентайынан өнерге баулып, қанатын қатайту үшін бағыт-бағдар беріп, білгенін үйрете бастады. Мектеп бітірер жылы талантты жас 18-30 жас аралығындағы жас таланттардың облыстық деңгейдегі дүбірлі додасында бақ сынасқан әнші жас топ жарып, сайыстың бас бәйгесін қанжығасына байлаған.
«Бұл – менің ең алғашқы үлкен сайысым еді… Мәдениет үйінің қызметкері, әншілік жолда өздерінің сүрлеуін қалыптастырған мүйізі қарағайдай таланттармен бірге додаға түсіп, оның бас жүлдесін иелену – мен үшін үлкен құрмет болатын. Сол сәттегі үлкен жеңісім әлі күнге есімде. Бойымды бір қуаныш кернеп, ата-анамның және ұстаздарымның алдында өнерге деген махаббатымды дәлелдегендей болдым» – дейді талантты әнші алғашқы жетістігін ойға алып.
Одан бері де Нұрбол Мұхтарұлы талай биікті еңсерді. Бүгінде аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Сырдария» квартетінің беделді мүшесі. «Атамекен» атты аудандық жас әншілер байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Орал қаласында өткен Ескендір Хасанғалиев атындағы «Атамекен» халықаралық байқауының арнайы жүлде иегері. Байқоңырда өткен «Ерлік – ұрпақ ұраны» атты облыстық әскери-патриоттық байқаудың бас жүлде жеңімпазы. Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» патриоттық ән байқауының лауреаты. Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жылдығына орай өткен «Ән-Дария» атты облыстық байқауда бас жүлдені иеленді. Рамазан Таймановтың әндерін орындаушылардың «Қазақ қызы» атты облыстық байқауының І орын жеңімпазы. Бүкілодақтық өнер фестивалінің лауреаты, сазгер Жұма Даниловтың 70 жылдығына арналған «Сағыныш» ән байқауында ІІ орынды еншілесе, «Ән жүрегім – Қызылорда» өнер бәйгесінде аламанның алдын бермей, І орынды қанжығасына байлады. Алматы қаласында өткен «Ең таңдаулы ән, тұсаукесер – 2018» фестивалінің «Ең таңдаулы ән» номинациясын жеңіп алды. Мәдина Ералиева атындағы облыстық «Ақбаян» әншілер байқауында І орынды иеленді. Нұрболдың қоржынында мұндай жетістіктердің сан алуан түрі бар.
«Мен үшін жетістік жай ғана марапаттан тұрмайды. Өнер адамы үшін ең үлкен жетістік – халықтың ықыласы. Елдің батасынан асқан еш нәрсе жоқ. Өнер адамын халықтың, елдің адамы санайды ғой. Міне, бойда өнеріміз болса, ол – халыққа. Біз сол талант пен дарын арқылы елге қызмет етіп, қабілетімізді дамытамыз. Алдағы уақытта да тынымсыз тер төгіп, туған елімнің қолдауымен биік жетістіктерге жететініме сенімдімін» дейді жас әнші.
Тәуелсіздік алғалы өнеріміз де, салтымыз бен санамыз да тәуелсіздіктің тартуындай болып, өз дәрежесінде ұлықталып келеді. Бұл ретте Нұрбол Мұхтарұлы «Өнерімді өміріммен егіз көремін» деп қасиетті өнерге деген ерекше құрметін де байқатып келеді. Өзі үйрене жүріп, өзгені үйретеді. Жұртшылыққа да дарынымен қызмет етіп келеді. Өзі жас болса да, бас болып бүтіндей бір ауылдың мәдениетін басқарып жүр. Кейінгі толқынға үйретері де көп. Бірақ, қай кезде көрсең де «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қарапайым болмысынан танған емес.
«Менің өмірдегі ең мықты ұстазым – әжем. Ол маған өнерде де, өмірде де көп дәріс оқыды. Адамдық пен адалдықтың жоғары деңгейінде болып, асыл армандарымның орындалуына қалай қадам басуым керегін айтты. Санама сәуле шашып, көзқарасымды қалыптастырды. Дүниетанымымды кеңейтті. Міне, мен әжемнің берген бағытымен өнерге келдім. Оның қолдауымен көп жетістіктерге жеттім. Ол кісінің алдында басымды иемін» дейді талантты әнші.
Бүгінде аудан-облыс төңірегінде талантымен танылып, биік шыңдарды еңсеріп жүрген жас өнерімен аудан халқына қызмет етіп келеді. Арманы мен мақсатына айқын қадам басып, кемел келешекке бет алған ол қай кезде де діттеген межесіне жету жолында табандылық танытуда. Осындай қайтпас қайсарлық болмыс өнер адамына ең қажетті қабілеттің бірі екенін алға тартады ол.
«Мен тәуекел еткенді жақсы көремін. Бір жерден «Тесік қайықпен жүзіп, теңіз ортасында батып кетуден емес, өмір бойы сол қайықта тапжылмай қалудан қорқу керек» деген сөзді оқыған едім. Маған қатты ұнады. Тәуекел еткен адам қай кезде де жеңіске, өз мақсатына жетеді. Содан соң тұрақтылық керек. Өзіңнің ұстанымың, бағытың мен бағдарың болу керек. Ұстанымыңды жоғалтқаның – өзіңді жоғалтқаның. Сондықтан, болмысыңды қалыптастыру ұстанымыңмен жүруден басталады. Ал еңбек ету, ізденіс дегеніңіз кез келген салаға тән. Даму үшін еңбек ету керек, білімің мен өнерің арқылы көш бастауың үшін ізденісің мол болған жөн. Солай ғана ойлаған межеңе бағыт аласың. Бүгінгі қоғамның өз заңы бар. Ол – «Оз! Озбасаң, жол бер!» деген. Яғни, тынымсыз іздене жүріп, жетістікке жетесің. Сәл аялдай қалсаң, артта қаласың. Уақыт дегеніңіз сол өзі өлшеп тұрып, өзі өлшенетін дүние. Біз әр нәрсенің уақыты келеді дейміз ғой, уақыт келмейді, уақыт өтіп жатыр. Ал дамығың келсе, сол уақыттың көшінен қалмау керек» дейді өнер адамы.
Әсте, мақсатқа жетудің бір-ақ жолы бар. Ол – еңбек. Нұрбол Мұхтарұлы мұны жақсы түсініп, заман талабына сай еңбек етіп келеді. Сүйсінесің, бәрекелді дейсің.
Сонау Париж төрінде Әміре Қашаубаев қазақтың қоңыр даусының құдыретін танытты емес пе?! Ән өнеріне ерекше ықыласпен кіріскен Нұрбол осы кереметті күн сайын сезініп келеді. Оның жұмысы – ән, өмірі – ән, көңілі – ән. Өйткені, шынайы шығармашылық адамы солай болады…
Алар асуың аласармасын!
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!