Сезімім менің – басты кейіпкер,
Жүректің хақын өтер ем.
Көзіңнен тамған жасты құйып бер,
Сен үшін көзе көтерем!
Сағыныш иісің тек естен кетті,
Төбемде қара бұлт тұрмақ.
Ал-қызыл шарап өңештен өтті,
Сенің жасыңдай құп-құрғақ.
Құдайда қойған, бәсе, ойлап бәрін,
Қателіктерден сіз ада.
Мен бүгін қатты масайрап қалдым,
Масайрап қалдым ызаға.
Жырымды тынбай жаттап ең күнім,
Ерніңде өлең күнде еріп.
Құдайға сені мақтап ем бүгін
Тілім де қалды күрмеліп.
Сендік қасірет тәнін жалмады-ау,
Жанын жалмады-ау және аздай.
Біздің дұғалар қабыл болмады-ау,
Ниетсіз қылған намаздай.
Санама ойлар сақталып кепті,
Сезімге жүрсем құр шөлдеп.
Мұңымды менің ақтарып кетті
Ақтарып кетті бір шөлмек.
Уәделеріңнің күні шертілді,
Айналсын бәрі, бәрі отқа.
Мен бүгін сенің ұлы сертіңді,
Айырбастадым шарапқа.
18 мың ғаламшар,
Жерде – Мекке
Көкте – Аршы.
Барлық істің бастауында – бір Құдай
Бір құдайды тани алсын кім бұлай?
Төбем көкті тірер шақта мұң артып,
Бас сауғалап кеткенім не, құрғыр-ай?
18 мың ғаламшар,
Жүректе-лаң,
Толқыныс.
Зәрең кетсе, зәр түбіне қорқыныш.
Жауабы жоқ, сұрағы көп өмірден
Сұрағының жауабы бар, өкініш.
18 мың ғаламшар,
Түсінсіксіз бір әлем,
Өз-дертімен арпалысқан ақындар.
Ақындарша Тәңірге айтар датым бар:
Сәби көңіл жүрегімді бер маған,
Сол жүрегім дүрсіл қақсын сәтімде әр.
18 мың ғаламшар,
Өр басымда қан сасыған күнәм бар.
Тәңіріме тағзым етпей,
Не етейін?..
Кетпес бұрын парызымды өтейін,
Мен өлеңнен кейін келдім өмірге
Мен өлеңнен бұрын өліп кетейін.
18 мың ғаламда
Тұғыр іздеп сенделмедім төрден мен,
Өлең мәңгі, менің тәнім өлгенмен.
Сәуле-ғұмыр, сараңдығын танытса,
Суырып ал жүрегімді кеудемнен!
Әли Асқар
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!