Анкарадағы Билкент университетінің ғалымдары он секунд ішінде SARS-CoV-2 коронавирусын анықтайтын құрылғы жасады. Diagnovir деп аталатын құрылғы сілекей сынамасында вирустың бар-жоғын анықтайды. Сынама арнайы ерітіндімен араластырылып, патогенді анықтау чипіне орналастырылады. Егер биосенсор патогенді анықтаса, оптикалық жүйеде жарқылдың түсі өзгереді. Бүкіл талдау процесі он секундтан аспайды. Ғалымдар құрылғының тиімділігі 99 пайыз деп мәлімдейді. Құрылғыда қолданылатын технологияны жеті ай ішінде түрік мамандары жасаған және болашақта SARS-CoV-2 ғана емес, сонымен қатар басқа қоздырғыштарды анықтау бойынша жұмыс істей алады. Қазір патент алу жоспарлануда.

– Жүйенің экспорттық әлеуеті жоғары. Ішкі және халықаралық сатылымға шығару үшін таңбалау, сертификаттау және аккредиттеудің барлық кезеңдері басталды, – деп мәлімдеді университет ғалымдары.

Аударған Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!