Дінмұхаммед АҚПАН, жас ғалым:
Жерлесіміз Дінмұхаммед Ақпан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінде оқиды. Жас ғалымның жеткен жетістігі көп. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, түрлі интеллектуалды сайыстарда шыңдалды, химия пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадада, Корея Республикасында өткен халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жобасында жүлдегер атанды. Ой-өрісі өзгеше, ізденісі ерекше жаспен жақында әңгімелесудің сәті түскен еді.
‒ Әне-міне дегенше, 2021 жыл бітуге таяу. Сіз үшін бұл жыл қандай сәттерімен есте қалды? Жас ғалым ретінде айтыңызшы, жылдың сізге берген мүмкіндігі қандай?
‒ Бұл жыл аса күрделі болды. Сонау Ұлы Отан соғысынан бері адамзат біріге ешбір сынаққа қарсы тұрған жоқ. Бірақ әр қиыншылық бізді бір жақсы нәрсеге үйретеді. Мысалы, ендігі жерде адамдар ғылым мен білімнің болашаққа бастайтын жалғыз ұғым екенін түсінді. Ғалымдарды бейбіт күннің батыры деп мәртебе көрсетті. Жеке менің ғылыми жетістіктерім үшін бұл жыл сәтті болды десем болады. Биыл көп өлшемді комплекстік кеңістіктің ішіндегі нақты кеңістіктерге классификация жасайтын теорема дәлелденді. Ломоносов конференциясында нәтиже жоғары бағаланды. Жаз айынан бастап қазіргі күннің ең мықты математиктерінің бірі, физика-математика ғылымдарының докторы, Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіндегі механика-математика факультетінің профессоры Андрей Ошемковпен бірлесе жұмыс бастадым. Дифференциалды геометрия бағытында маңызды теоремаларға қол жеткіздік. Жаңа математика тілінде мұны «Нийенхейс геометриясы» деп атайды. Қысқаша айтқанда, жанама кеңістікте берілген арнайы операторларды классификациялау. Бұл бағытта үш халықаралық конференцияда баяндама жасадым. Әлі де атқаратын жұмыс көп, себебі әр шешілген есеп астында жаңа он сұрақ жатады.
Осы жылы мені 1,5 айлық дискретті геометрия бағытында құрылған жазғы бағдарлама үшін Мәскеу Физико-Техникалық Университетіне шақырды. Онда біз ұсынылған есептер бойынша ізденіс бастадық. 1999 жылы екі өлшемді Морс-Максвелл теориясы құрылса, оны әрі қарай көп өлшемді деңгейге жеткіздік. Бұл бағыт бойынша да мақалалар дайындалуда.
‒ Математика шынымен қиын ғылым ба? Көбіне қиын есептің жауабы логикаға салып ойланғанда қарапайым болып шығады ғой. Дегенмен кей сәттерде сізде есептің жауабын таба алмай қаламын-ау деген қорқыныш бола ма?
‒ Сізге кез келген ғалым-математик ең алдымен «математика – тіл» деп жауап береді. Шынымен де, жан-жағымызда болып жатқан әр құбылыс, қимыл математика тілімен жазылады. Оның өзге филологиялық тілдерден айырмашылығы – «ережеден өзгешелігі болмауы», яғни қазақ тілінде жуанға жуан, жіңішкеге жіңішке жалғанады десек: кітап деген кірме сөз бар. Математикада мұндай ерекшеліктер болмайды. Сіз санды екіге көбейтсеңіз жұп болады, бірақ мына сандардан басқасын деп айта алмайсыз. Ол – теорема, ол әрқашан дұрыс. Атақты физик Ричард Фейман: «математикада қиын деген не? Есеп шықса түсінуге болады, яғни қиын емес» деген. Әрине бізді ең алдымен жауабы қызықтырады. Мысалы, екі нүктені алайық, бірі екіншісінен жоғары болсын. Ешбір күш әрекет етпей бір нүктеден екіншісіне жіберсек, уақыт жағынан ұтымды траектория қандай? Көбі түзу сызық дейді, бірақ жауабы арнайы қисық – брахистохрона. Міне осы секілді жағдайлар жиі кездеседі, күтпеген жауаптар бәрімізді қызықтырады. Есепті шешу дегеніміз отыра қалып шығара бастау емес, олай болмайды да. Алдымен сенің алдыңда адамдар қандай нәтиже алғанын түсіну қажет, оларды зерделіп өзіңе ұнаған бағытта есепті шығарған жөн деп санаймын. Қазіргі таңда математика өте кең ғылым, мысалы алгебрамен айналысатын ғалым геометрияны түсіне қоймайды.
‒ Жыл сайын математика тақырыбында түрлі жобалар қолға алынады. Ал соңғы уақытта бұл ғылымға енген өзгеріс бар ма?
‒ Математика өзге ғылымдарға қарағанда консервативті. Түбегейлі өзгерістерді жақтыра қоймайды. Физикада алдында болған теорияны кеңейтетін жаңа теория құрылса – бұл өзгеріс, басқа ғылым салаларында да осындай.
‒ Академик Асқар Жұмаділдаевтің есебін шығарып, бақ сынап көрдіңіз бе? Есептің әлі күнге жауабы табылмауына не себеп деп ойлайсыз?
‒ Математика глобальді тұрғыда үшке бөлінеді: алгебра, геометрия және анализ. Асқар Серқұлұлының есебі алгебра мен сандар теориясы бағытында, ал мен геометрия және анализ бағытында жұмыс істеймін. Жалпы бәріміз математикпыз десек те, айналысатын облыстарымыз тым бөлек. Есептің ұзақ жылдар бойы шықпауы математикада қалыпты жағдай. Мысалы, Ферма теоремасы үш жүз жылдан аса уақыт шешімін таппады. Неге мына есепті шығарған жоқсыз деу, дәл солай ақынға келіп «мына тақырыпта поэма жаз» дегенмен тең. Математика қатал ғылым болса да, мұнда да шабыт пен идея керек.
‒ Өзіңізді дамыту үшін жаңадан не үйренгіңіз келеді?
‒ Тек қана ғылыммен айналысу, менің ойымша қате. Ми деген кез-келген бұлшық ет секілді шаршайды, сол себепті қалыпты режимде оны демалдыру қажет. Өзіме теңіз ұнайды, теңіз жағасында кешқұрым серуендеп сан алуан ойларға батып жүру мен үшін демалыс. Жылы күннің шуағы мен толқындаған суға шомылу бар күйзелісті алып кететін секілді. Сол себепті серфингті үйренсем деймін. Тағы бір маған рахат әкелетін физикалық жаттығу – атқа міну. Бала кезімнен атқа көп міндім. Қазір Мәскеуде жүріп ауылдағы сол кездерім еске түседі. Физикалық жаттығулар мидағы кернеуді алады, ми шаршауы физикалық шаршауға қарағанда аса ауыр тиеді.
‒ Математиканы академик есекке теңейді. Адамзаттың бар жұмысын атқарғанмен, қадірсіз дегені ғой. Ал сіздің теңеуіңіз қандай болар еді?
‒ Шынымен де математика бар ғылымның аппараты, барлығы қолданады. Бірақ оның қадірі жоқ дегенге келіспеймін. Бір ғасыр бұрын адамдар ғалымдарды жақсы танитын еді, олар қазіргі теледидардағы жұлдыздар секілді болған. Уақыт өте келе адамдар мұны ұмытты. Біз жалақысы аз, ешкімге қажеті жоқ нәрсемен айналысатын жұмысшыларға айналдық. Коронавирус кімнің кім екенін анық көрсетті. Вакцина ойлап тапқан – ғалым, цифрлы технологияны дамытқан да – ғалым болып шыға келді.
Менен ақыл сұраса: жерде жүріп күлгеннен, аспанға қарап армандаған артық дер едім. Ал аспанға, ғарышқа адамды алып баратын ғалымдар, олардың ғылымдағы жетістіктері.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!