Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов «Мәңгілік қозғалтқыш» құрылғысын жарыққа шығару үшін тоғыз жыл еңбектенген. Жылдар бойы жалғасқан үздіксіз ізденіс нәтижесінде шалғайдағы ауылдарды электр қуатымен және сумен қамтамасыз ететін генератор жобасы дүниеге келген. Ол жуырда ғана ерекше құрылғы моделін патенттеп, көпшілік назарына ұсынды.

Тарихқа аты мәлім өнертапқыштар секілді Марат та құрылғыны талай тәжірибе мен сынаққа салып, тексерістен өткізген. Тынымсыз тірліктің соңында жоба сәтті аяқталып, өткен жылы экологиялық таза және сыртқы энергия көздерін қажет етпейтін «мәңгілік қозғалтқыш» дайын болған.
Мараттың қондырғысы аккумулятор және судың көмегімен жұмыс істейді. Соның нәтижесінде генератор үздіксіз тоқ шығаруға қабілетті. Өнертапқыштың айтуынша, генераторды электр беру, байланыс, су құбырларының жақын өтетін желілері жоқ ауылдарда, омарталарда, фермерлік шаруашылықтарда қолдануға болады. Бұл сатып алуда, қызмет көрсету құны қымбат күн батареяларына қарағанда ең жақсы балама.
̶ 2021 жылы өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасадым. Дизайн мен жұмыс принципін қолдану оңай және үлкен шығынды қажет етпейді. Сондықтан құралды жеке тәртіппен және өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға болады. Генератор экологиялық материалдардан жиналады және қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармайды. Бұл қазіргі жағдайда аса маңызды жайт. Сондай-ақ, генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға байланысты емес. Қуат көзі ретінде жел де, су да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді», ̶ дейді Марат Палмахов.
Бастысы, генераторға техникалық қызмет көрсету қиын емес. Себебі, ол жоғары білікті мамандардың көмегін қажет етпейді. Сол үшін аталған құрылғыны кез келген климаттық жағдайда қолдануға болады. Оған қоса құрылғыны жөндеу үшін бір адам жеткілікті. Бұл электр желілері мен су құбыр­лары жүргізілмеген елдің шалғай аймақтарында орнату мүмкіндігін арттырады.
Жуырда Марат Палмахов жаңа құрылғысына патент алып, Қызылорда облыстық «Жастар ресурстық орталығында» генератордың тұсаукесер рәсімін өткізді.
Бүгінде Nazarbaev университетінің ғалымдары аппаратпен жұмыс істеуге қызығушылық танытуда. Бұл өнертапқыштың жарыққа шығарған бір ғана жобасы екенін ескерсек, алдағы уақытта зерттеуді қажет ететін басқа да идеялары жеткілікті екеніне сенім мол.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!