«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін» – деген өлең жолдарынан Мағжан Жұмабаев атамыздың келешек жастардан көп үміт күткені көрініп-ақ тұр. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн бола білген, ұрпақ болашағы үшін белді бекем буған Алаш арысының ақындық өнері ерекше. Шоқтығы биік шығармаларының ішінде «Мен жастарға сенемін» өлеңінің мазмұнында нағыз патриотқа тән бүтін болмыс пен риясыз сенім жатыр.
Болашақ жастарға арқа сүйеген ақын сенімі бүгінгі күні толық ақталып жатыр деу де артық болар. Әрине «жастардың бәрі дерлік бұзылған» деп көпке топырақ шашудан аулақпын. Дей тұрғанмен түзу жолдан тайып, үлкен өнегесінен үлгі алмай, өз бетімен білгенін жасайтындар бас шайқатпай қоймайды. Иә, білімге бейім болып, дамудың даңғыл жолын қалап, кемел келешектің кірпішін қалауға тырысып жатқан жастар жетерлік. Алайда ар-ұяттың шеңберінен шығып, ойына келгенін жасап жүрген қыз-жігіттерге не айта аламыз?
Қазақша сөйлеуді ұят көріп, бейпіл сөзбен аузын былғайтындар бар. Оңай олжа үшін ойланбай әрекет етіп опық жеп жүргендер қаншама?! Ащы суға сылқия тойып, өз болашағына балта шапқандарын аңғармайтындар жоқ емес. Зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, алаяқтық сынды өрескел әрекет пен ерсі қылық жастар арасында азаймай тұрғанын білеміз. Осылардың бәрі ең әуелі ұлттық құндылықтың төмендеуіне түрткі болып, ұлтымыздың болмысына дат түсіреді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші жас күнін арзан күлкі мен ойынға арнаған жастардың теріс әрекетіне тоқтам қойған ләзім.
Хакім Абай айтпақшы бес асылға асық, бес дұшпаннан қашық болған жөн. Жарқын болашақтың босағасын жалтақтамай аттау үшін кемеңгерлік пен көрегенділікті жанға жақын тұтқан абзал. Сонымен қатар, сөйлейтін сөзді де сана сүзгісінен, ой елегінен өткізіп, алға ұмтылуды мақсат етсек алынбайтын асу болмас. Себебі, ел ертеңі терең білімді һәм қабілетті жастардың қолында.
Айша БЕГАЛЫ,
№261 орта мектептің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!