Бірлік – тату тірліктің тірегі екенін естен шығармаған елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Келісім мен бей­бітшіліктің бейнесі айқын байқалғандықтан жыл сайын мерейлі мерекені атап өтіп жүрміз. Татулықты бақыт­қа балаймыз, себебі қырқысып қайшылықта болғаннан гөрі ымырашылдықпен ырысты арттырған жөн. Сонда ғана ынтымақ пен тыныштық орнықты болады.

Өзге ұлт өкілдерінің елдің салт-дәстүрін сақтап, жөн-жоралғысынан жаңылмауы көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе қазақ еліне келін болған нәзікжандылардың әулеттің түтінін түзу ұшырып, тіл мен әдебиетімізге, өнер мен мәдениетке қанық болуы елге құрметтен деп пайымдауға болады. Осы ретте біз ұлты орыс Әйгерім Шаминамен тілдескен едік. Қазаққа келін болып, ақ босаға аттаған жанның есімі ерекше. Ақын Абайдың жары Шүкімәннің сұлулығына сүйсініп «ай керім» деп атауы бәрімізге мәлім ғой. Сондықтан бұл есімді кейіпкерімізге кім қойғаны қызықтырды. Әрі ол келіндік міндетті орындап, қазақы салт-дәстүрді бойға сіңіріп, бейімделу қиынға соқпағанын тілге тиек етті.
– Есімімді Әйгерім деп нағашы әжем қойған. Отбасыма келетін болсақ, жолдасымның ұлты – қазақ. Мен шаңыраққа 18 жасымда келін болып түстім. Жас әрі бала келін болған соң бәрін тез меңгердім, салт-дәстүрді енем үйретті. Маған қазақ тілінде сөйлеу қиын болмады. Қазаққа келін болған соң, сол ортада өсіп-өнген соң барлық жөн-жоралғыны білемін. Қазіргі таңда жолдасым екеуміз теміржол саласында қызмет атқарамыз, – деді ол.
Шаңырақтың шырайын кіргізіп, жанұя жарасымды­лығын сақтау – ерлі-зайыптының міндеті. Әсіресе бала тәрбиесіне басымдық беріп, сезіммен сал­та­нат құр­ған отау ішін­де бірлікті бекіте түсу де маңызды.
– Біз көп­балалы отбасымыз. Жолдасым екеуміз 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр­мыз. Олар өнер­ге жақын. Жан­ұямызда балалар қос тілде қатар сөйлейді. Отбасы – адам баласының өсіп-өніп, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Ал ата-ана отбасының негізгі діңгегі. Әрбір ата-ана баласының ержетіп, адам болуын қалайды. Кез келген отбасында некені бұзбау, ұрпақ жалғастығы, бала тәрбиесіне баса назар аудару маңызды. Меніңше, махаббат ұлтқа қарамайды. Бір-бірін жақсы көрген жандарға ешбір кедергі кездеспейді, – деді А.Шамина.
Әлбетте отбасындағы құндылықтың құнын жоғалтпай, бір-бірінің тілін тауып табысу тартыс тудырмайды. Осы тұста қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрді дәріптеп, ошақ басындағы міндетін мінсіз орындап жүрген аяулы жандар көз сүйсінтеді. Лайым әр шаңырақта шаттықтың үні шырқалсын!


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!