Махаббат – адам баласына берілетін сезім және ұлы күш. Махаббатсыз дүние дос. Әсіресе жасөспірім шақта ғашық болудың өзіндік ғажабы мен азабын сөзбен жеткізу қиын. Оң-солыңды білмей жатып, бір адамды ұнатасың, ол адам басқа адамды ұнатады, осылай кете береді, машақаты да әл-әзір бітіп болмайды. Кейбір рухы әлсіз адамдар осы сезім жолында өзін құрбан етіп жатады. Бұл әрине өкінішті жағдай.
Қандай адам болсын жасөспірім шақта ғашық болып, махаббат отына күйіп-жанады. Оны тіпті өзі де түсіндіре алмауы мүмкін. Негізінде ұнату, ғашық болу, жақсы көру – бұлар үшеуі үш түрлі сезім. Әуелі ұнатасың, содан соң қиялыңа қиял қосып, ғашық боласың, сүйесің – тұтас алғанда махаббаттың үш деңгейі секілді. Ғашық болу – махаббаттың басы. Ұнату деген сол, бәлкім дос ретінде ұнататын шығар немесе бір қылығы әлде сырт келбеті ұнамды болар, бірақ лап етіп тұтанбаса, ұнату сезімінің бәрін махаббат деп айта алмаймыз. Ал, жақсы көру – ерекше дүние. Онсыз өмір сүре алмаймын дейтін албырт сезім бойды билеп ала жөнелгенде адамның өзіне өзі есеп беруі де оңай болмайды.
Бір анығы, бұл өмірде шынайы махаббат – біреу ғана. Ол – ана мен бала махаббаты. Анасы баласы үшін әрдайым отқа да күюге, суға да түсуге дайын. Ана яки әке махаббатын адам өзі ата-ана болмай, сезіне қоюы екіталай.
Шынымды айтсам, осы күнге дейін қасымнан табылғанда, қиын сәтте жұбатқанда, жоқтан бар жасайтын, мені әрқашан уайымдап жүретін анамнан артық аяулы адамды таппадым. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген сөз сірә адам баласын анасының қадірін білуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Жұмақты аңсасаң әуелі анаңның қабағына қара деп тұрғандай. Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаңда, қарызыңнан құтыла алмайсың. Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы.
Анасын жүре тыңдайтын адамдарға жаным ашиды. Адамды бар кезінде бағаламау – ертеңгі күні орны толмас өкінішке ұрындырмасына ешкім де кепіл бола алмайды.

Арайлым ЕРСІН,
Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!