Әскери салада қызмет ету екінің бірінің қолынан келмейді. Бұған дәлел жігіттердің көбісі әскерге бармай, ел алдындағы борышын өтеуден жалтарады. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеп, халықтың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуде алдына жан салмайтын азаматтар бүгінде мақтауға тұрарлық. Әскери қызметте еңбек етудің оңай емес екені белгілі. Отбасына жеткілікті уақыт бөлмей, көбіне жұмыс барысымен жүріп қалуы мүмкін. Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз Әлібек Сарыбайұлы өз ісіне берілген, мықты маман. Ол ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде жұмыс істейді.
– “Қандай мамандық таңдайсың?” деген шығарма жазғанда мен бұл сұраққа іштей дайын едім. Себебі әскери қызметкер боламын деген арман мен өзімді әскери формада көз жұмып елестету бала арманым еді. Осы арманыма жету өскен сайын басты мақсатыма айналды. Әскери қызметкер болу үшін мектеп бағдарламасын жақсы меңгеруге барынша тырыстым. Алматы қаласындағы 9 сыныпты жақсы тәмамдап, Б.Момышұлы атындағы әскери мектепке қабылданып, оқуымды аяқтадым. Орта білімді алысымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясы түлегі атанып, осы оқу орнын абыроймен аяқтап, ел шекарасын күзетуге жіберілдім, – дейді офицер.
Офицердің жауапкершілігі мол. Оның атқарар жұмысы көп. Отан алдындағы міндетін орындау – кез келген азаматтың борышы. Әскерге бару да солай. Ал кейіпкеріміз мамандыққа адалдық таныту басты міндет деп санайды. “Өз қалаған мамандығымның иесі атанғандықтан, лайықты абыройлы офицер болып, ел тыныштығын күзетуге бар күш жігерімді жұмсағым келеді. Әскерге бармау қоғамда белең алып тұрған көрініс, әрине бұған әртүрлі себептер бар. Ол әрине әр ер азаматтың өз шешімі. Отан алдындағы борышын өтеу кез келген ер азаматтың борышы екенін жете түсіне алмағандықтан деп есептеймін. Әскери қызметті өзім қалағандықтан, оның кездесетін қиындығы мен қызығы қиындық тудырмайды. Әскери мамандықтың басқа мамандықтардан басты ерекшелігі еліміздің кез келген жерінде қызмет атқара алады” – дейді ол.
Бүгінде мамандық таңдауда қателесіп жатқандар көп. Ал Әлібек мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспеді. Жұмысына түсіністікпен қарайтын, қай кезде де қолдау білдіретін жанды жар етіп алды. Офицердің қызметін де абыроймен атқарып келеді. “Офицерге бастысы, мінез, сабырлылық таныту керек. Кез келген әскери қызметшіге қысылтаяң шақта көмектесетін адамды өзінің адамгершілік қасиетін жоғары деңгейде сақтап қалатын адам деп білемін”, – дейді ол өз сөзінде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!