Сот жүйесі – мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде азаматтардың, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауда маңызды құрылым болып табылады. Аса жауапкершілікті қажет ететін саланың функциясы мен міндеттерін кәсіби машықтанған, қажетті сынақтан өткен, жоғары заңгер білімі бар судьялар атқарады.
Менің де судьялық лауазымға келуімнің өзі кездейсоқтық емес. Осыдан он бес жыл бұрын еліміздің маңдай алды оқу орындарының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолымды осы сот саласынан бастадым.
Тым алыс болмаса да ол кезеңдегі сот жүйесінің, сот қызметін ұйымдастырудың қазіргіден біршама айырмашылығы болды. 2008 жылы Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына (қазіргі мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сот) бас маман-сот отырысының хатшысы болып қабылданып, 2014-2016 жылдары Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында хатшылық қызметімді жалғастырдым.
Айырмашылығы сол – ол кезеңдерде сот залдарында аудио-бейне қондырғылары болмады, сол себептен сот отырысының хаттамасын қолма-қол жазатынбыз. Техникалық құралдар да жеткіліксіз болды. Жауапкершілікті талап ететін салада қызмет атқару мен секілді жас маманға алғашында ауыр соққанымен, алға қойған мақсатыма жету үшін талай қиын кезеңдерде берген антымды бұзбай, жүктелген міндеттерді атқарып шықтым. Сондағы мақсатым – судья болып, құқықтық мемлекетте заңным үстем болуы үшін өз үлесімді қосу еді. Хатшылық қызмет атқарған кезеңде маған ақыл-кеңес берген ағай-апайларым аз болмады. Оның ішінде судья болуыма түрткі болған жандар да кездесті. Атап айтар болсам, ұзақ жыл сот саласында қызмет жасап, сот жүйесінде өзінің қолтаңбасын қалдырған, марқұм Әбдіхалықов Нармағанбет ағаның жанында сот отырысының хатшысы болып жүріп біршама қызметтік те, өмірлік те тәжірибе жинадым. Одан кейін де сот саласында абыроймен жұмыс атқарып келе жатқан бірқатар судьялармен жұмыс жасап, олардың сот істерін қарау кезіндегі өзіндік ерекшеліктерімен, білімдерімен бөлістім.
Мықты маман болып қалыптасу үшін білім мен тәжірибенің ұштасқаны аса маңызды. Осы орайда 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясында білімімді шыңдап, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алдым. Ол да сот саласындағы мақсатыма жету үшін тың серпін берді.
Осылайша алған білімімді, жиған тәжірибемді, алдыңғы буын аға өкілдерінен көрген өнегемді алдыма салып, судьялыққа қарай қадам басып, сынақтардан сүрінбей өтіп, 2016 жылы Атырау қалалық сотының судьясы қызметіне орналасып, аталған өңірде біршама уақыт қызмет жасап, 2021 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің №607 Жарлығымен Қызылорда қалалық сотының судьясы болып қызмет атқарып келемін.
Екі сотта да азаматтық істерді қарадым. Азаматтық істерді қарау барысында түрлі тағдырлардың тартысын, өз құқығын қорғау жолындағы азаматтардың талабын қарап, түрлі жайттарға кездесетін кездер де болады. Алайда жүрекке жұмыр тигенімен, барынша салқынқандылық танытып, әділ шешім қабылдаудамыз.
Бұл менің судьялыққа келудегі, ең бастысы өмірлік мақсатымды іске асыру жолындағы оқиғалар тізбесі. Осы арқылы болашақ судьяларға білімді, ұстамды, мінезді болуы қажет екенін, сонда ғана алған қойған мақсат орындалып, адам тағдырын шешер кезде қия баспайтынын жеткізгім келеді.

Айгерім Қаршыға
Қызылорда қалалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!