Медет УСАИН, Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы:

Өткен аптада облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы қызметіне 34 жастағы Медет Усаин тағайындалды. Ең алғаш рет 29 жасында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болған. Жас маман бұл лауазымды төрт жылға жуық атқарған. Өткен жылы мамыр айында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы болды.  Енді үшінші басқармаға басшы болып келген Медеттің еңбек жолы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі «Құтты болсын, жастарды көтеру керек» десе, енді бірі «Бір байдың баласы шығар», «Бұл қызметке мамандығы сәйкес келмейді ғой» деп сынға алды. Біз Медеттің өзімен жолығып, танысып қайтқан едік.

− Медет, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сізбен жақын танысуға келдік.

− Жасым 34-те. Қызылорда қаласындағы Б.Шалғынбаев атындағы 217 мектептің түлегімін. Ұлттық біріңғай тестілеуді алғаш тапсырған түлектерміз. Физика пәнін таңдап, 78 балл жинадым. Алматы қаласына Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» мамандығына грантқа оқуға түстім. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Қаржы» мамандығын меңгердім. Еңбек жолымды «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасы басқармасында уақытша бос тұрған орынға бас маман болудан бастадым. Алты айдан соң военкаматтан шақырту келіп, әскерге кеттім. 2010 жылы әскерден келіп біраз уақыт жұмыс таппай, досым екеуміз кондиционер құрып ақша таптық. Кейін Энергетика басқармасына штаттан тыс қызметкер болып, 43 мың теңге жалақы алдым. Аталмыш басқармада қағазды да жаздым, шет аймақтарға шығып, қандай мәселелер барын да көріп, үлкен тәжірибе жинадым. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына конкурстан өтіп бас маман болдым. Бір жылдан соң Энергетика басқармасына әріптестерім шақырып, бөлім басшысы лауазымына тағайындалдым. Екі жыл осы мекемеде жүріп тәжірибем толысты.

− «Усаин болмасаң да, Усаинға ұқсап бақ» деп жатыр. Сәттілігіңіздің сыры неде?

− Мен байдың баласымын. Әкем мен шешем бай адамдар. Әкем өмір бақи жүк көтеруші, жүргізуші болған. Анам өмір бойы ұлттық банкте жетекші маман болып жұмыс істеді. Отбасымызда 2 қыз, 1 ұлмын. Аллаға шүкір, үшеуміз де жоғары оқу орындарын бітіріп, тиісті дәрежеде халыққа қызмет етіп жүрміз. Осы күнге дейін ата-анамыз берген тәрбие мен білімінің арқасында екі әпкем де Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер болып жұмыс істеп жүр. Қарапайым, жоққа жасымайтын, барға тасымайтын балалары бар олар − бай адамдар. Байлық тек ақшамен өлшенбейді, адам рухани бай болуы керек.

Мен байдың баласымын

−        Жаста болса, үлкен жобаларға атсалысқан боларсыз.

− Әрине, аспаннан топ ете қалғаным жоқ. 2014 жылы Қырымбек Елеуұлы басқарған тұста төрт аудан мен Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы басталды. Сол бөлімге көмек керек болған соң және басшылар сенім білдірген соң сол жобамен жұмыс істедім. 2014-2015 жылы Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газдандыру бөлімінде басшысы болдым. Бір жылдан соң аталмыш басқарманың басшысының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Араға тағы бір жыл салып, басқарманың басшысы болдым. Оқып отырған адамға арадағы бір жыл аз уақыт секілді. Бірақ мен үшін мол тәжірибеге толы болды. Энергетика басқармасында үлкен жұмыстарды атқардық. Үлкен мәселелер қаралды. Облыс бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жетістіктерге жеттік. Халықтың жалпы 98 пайызы орталықтандырылған ауыз суға қосылды. 2014 жылы «ҚазТрансАймақ» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында, қызылорда облысының Арал, Қазалы, Жаңақорған және Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары жүрді. Алайда бұл газдың бағасының қымбаттауына әкелді. Қалған аудандарға газ апаруға «ҚазТрансГаз» АҚ жоба ұсынды. Бірақ біз келіспедік. Мен тағайындаларда Қырымбек Елеуұлы «ең бірінші мақсатың − Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандырын газдандыру» деген болатын. Қалған аудандарды облыстық бюджет есебінен құжаттарын әзірлеп, республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жұмыс істедік.

− Біздің білуімізше қазір бұл үш ауданда басқа мекеме эксплуатация жасауда. Бұл қалай?

− Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандырын газдандыру үшін газ құбырларын эксплуатациялау сұрағы туындады. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бұл жұмыстарға бір жылға облыстық бюджеттен 700 млннан аса қаржы сұрады. Халықтан жинайтын қаражаты тағы  бар.  Республикалық бюджеттен бөлінген 15 млрд қаржыға құрылысын біз жүргіземіз. Бұл біздің аймақ үшін тиімсіз болды. Сондықтан келіспедім. Облыс әкімдігіне қарасты «Қызылорда «газ тарату жүйесі» мекемесін құру қажет деп шештім. Тиісті министрліктермен жұмыс істеп, елімізде алғашқы болып лицензиясын алдық. Тариф бекітіп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Салықта облысқа төленеді. Облыс бюджетінен де қаржы бөлінбейді. Өз алдына жеке дара мекеме жұмыс істеп жатыр. Бұл қадам біздің аймақтың қаржысын үнемдеуге септігін тигізді.

Мен байдың баласымын

− Өткен жылы пандемия уақытында жұмылдыру басқармасында болдыңыз. Қандай жұмыстар істедіңіз?

− Карантиндік шектеулер кезіндегі ауыртпалық жұмылдыру дайындығы басқармасына да түсті. Бүкіл Қызылорда қаласына кіретін жолдарға блокпост қою жұмылдыру басқармасына тапсырылды. Күні-түні сол басқарманың қызметкерлері үйлеріне қайтпай, блокпостарда жұмыс істеді. Көшені залалсыздандыру, қоғамдық тәртіп үшін  әскери қызметкерлерді тартып, қаржыны тиісті бөліп, дұрыс жұмыс істесін деп жіберді. Сенімін ақтаған шығармын.

− Сырттан қараған адамға басшы болу оңай, орынбасары мықты болса болды. Сіздің ойыңызша басшы деген кім?

− Мемлекеттік қызметте басшы − жұмысты дұрыс ұйымдастыра білетін, қандай жағдай болса да оң шешім қабылдай білетін адам. Менің ойым халықпен бірге халықтың жағдайын ойлау. Басшы болу оңай емес. Әр сатыдан өткен сайын түсінгенім, басшының өзі жұмыс істемесе, орынбасары қанша жерден мықты болса да ұжым ілгері баспайды. Басшы жаны ашып жұмыс істеу керек. Қызметкерлерін қорғай білуі қажет. Бірге жұмыс істеп, мәселелерді ерінбей зерттеп, ұсыныстарын арттырып, тиімді тиісті тапсырмаларды беруі керек.

−Лауазымына мамандығы сай келмеді деп сынап жатыр. Сынды қалай қабылдадыңыз?

− Шынымен де жер туралы білімім жоқ. Білімім құрылысшы, қаржыгер. Мен тек жұмыс үйлестірушімін. Бұған дейінгі істеген жұмыстарыма қарап, сенім білдіріп әкелген шығар. Әлеуметтік желідегі сындарды оқыдым. Жас адам жалқау, қабілетсіз деген сөз емес. Мемлекеттік қызметте бір кісідей тәжірибе жинап келемін. Сын айттым екен деп жеке басына өтіп кету дұрыс емес.

− «Жігітке жеті өнер де аз» деген біз білмейтін Медеттің қандай өнері бар?

− Бос уақытымда спортпен шұғылданамын. Футбол ойнаймын. Бассейнге жүзуге барамын. Ана тіліммен қатар орыс тілін жетік меңгердім.  Отбасыма көңіл бөлемін. Үш балам бар солардың тәрбиесіне қараймын.

− Алға қойған мақсатыңыз қандай?

−  «Еліміздің табысқа жетуі мен гүлденуі көп жағдайда сіздердің жемісті жұмыстарыңызға байланысты. Сіздер алдағы уақытта да мемлекетке мүлтіксіз қызмет етіп, халқымызға адал еңбек ететіндеріңізге сенімдімін» − деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің барлық мемлекеттік қызметшілеріне. Менің мақсатым  – дұрыс жұмыс істеу, тәжірибе жинау, қызмет сатыларына  лайықты көтерілу.

− Әңгімеңізге рақмет, замандас! Сәттілік!

− Сіздерге де көп рақмет!

Мен байдың баласымын

P/S: Медеттің жұмыс үстелі еліміздің жер туралы заңдары мен кодекстер жинағына толып тұр. Алғашқысын ашып, танысуды бастапты. Қайырып қойған. Жас та болса, мемлекеттік қызмет жауапты міндеттерді жүктейтінін Медет жақсы білетінін аңғардық. Бұл қызмет құқықтық сауаттылық пен тәртіпті, қарапайымдылықты, ар-намыс тазалығын талап етсе, бұл қасиеттерде де жас мемлекеттік қызметшінің бойынан табылады. Біз замандастары, Медет Усайннің еліміздің жарқын келешегі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етеді деп сенеміз.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!