Тәуелсіздіктің – киелі ұғым. Бұл күнге қалай жеттік, қандай қиын күнді бастан өткердік, оның бәрі бүгінде тарих. Десе де ата-бабамыздың ерлігі жүрегіміздің түбінде сақтаулы. Кейінгі ұрпақтың бақытты, баянды өмір сүруіне жасаған жағдайы жадымызда. Тәуелсіздік жылдары ішінде қаншама жетістікке жеттік. Бастысы, өз алдымызға мемлекет болдық, Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, “Қазақстан” деген мемлекетіміз бар. Біз осы жетістігіміз үшін қуануымыз керек. Ата-бабамыздың елім үшін деген ерен еңбегін ұмытудың өзі күнә. Ендігі бізге артылған жауапкершілік – қарапайымдылықты, адамгершілікті сақтау. “Қазақ” деген атаққа дақ түсірмеу. Салт-дәстүрді сақтап, жөн-жоралғыны дәріптеу. Бастысы, “Мен – елімнің патриотымын” дегендер санын көбейту. Ол үшін жас буынға тарихты насихаттап, өткенге көз жүгірту, ерлікті, батырлықты насихаттау керек. Бір қуантарлығы, “мен еліммен мақтанамын” деген жастар көп. Соның бірі жалағаштық – Бақытбек Кенжебек.
“Қазақ деген ұлы халықтың, рухы биік елдің тумасы болғаным үшін мақтанышым зор. Тәуелсіз ел атанып, бой көтеріп, қазір, міне, Отанға деген сүйіспеншілігіміз арта түсуде. Мен әр кез қоғамдық ортада жүргенде туған елге деген, өңірге деген махаббаттың биік тұратынын, ерекше екенін айтып жүремін”, – дейді ол.
Өзге елге барғанда өз еліңді сағынатының жасырын емес. Туған жердің бір уыс топырағынын да қасиетін ұғынады екенсің. Бірде Ресей елінде қалып қойған жігіттің елге келгенде жерге отыра салып, топырақты алақанына салып, иіскегені әлі көз алдымда. Сол кезде “Елімді, Қазақстанды қатты сағындым” деп көзіне жас алғаны бар. Бұл көрініс арқылы елге деген махаббатты, сағынышты байқауға болады. Шынында, туған жерге ештеңе жетпейді. Отан деп жүрген азаматтарымыз аман болсын.
– Бойымыздан табылуы керек қасиеттің бірі, ол елге деген патриоттық сезім. Сондықтан да біз жастар ел дамуына жұмыс жасап, аянбай қызмет етуіміз керек. Патриот деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Бұл сөз елді сүюге, құрметтеуге үйретеді. Адам бойындағы патриоттық сезім мәңгі өшпейді. “Елім үшін, жерім үшін” деп намыстанып жүрген жігіттерді көргенде қызығушылығым артады, – дейді кейіпкеріміз.
Бақытбек Кенжебек – жас кәсіпкердің бірі. Ол “Jas Projekt” жобасының жеңімпазы. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша грант иегері.
– Елім деп, жерім деп кезінде ата-бабамыз қорғаған біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік алуы оңай болған жоқ. Сол сара жолдың қайталанбас бөлшегі ретінде қазір тек елге деген құрметпен әр қазақ адал қызмет ету керек. Сондықтан тәуелсіз ел қатарына кіріп, осындай жаймашуақ өмір кешуіміз біз үшін ерекше қуаныш. Қадірін біліп, шексіз, риясыз пейілмен қарайтын біздің тәуелсіз қазақстандықтарға ерекше құрметімді білдіремін, – дейді ол.
“Қастерлі Тәуелсіздігіміз жасай берсін. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз”, деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында. Иә, тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!