Елімізде мерейлі мереке өтті. 25 қазан – Республика күні. Салтанатты шара, дәстүрлі концерт. Қуанышқа толы лебіз әлеуметтік желіде дүркін-дүркін тарады. Осы орайда маңызды мәселе бар. Жұртшылық айтулы датаның маңызын білгенімен, мазмұнын ұғына бермейтін секілді. Себебі «Тәуелсіздік күні мен Республика күнінің аражігі неде?» деген сауалнамаға көп оқырман тосылған еді. Сондықтан мереке қарсаңында аталған тақырыптың тінін тарқатайық.
Республика күніне дәлме-дәл баға беру, маңызын тану үшін Тәуелсіздік мерекесін айту қажет. Себебі қос мерекенің статусы, символикалық мәні жуықтас, бір-бірін айқындай түседі. Тәуелсіздік мерекесінде халықтың өткені, егемендік жолындағы күреске назар аударылса, Республика күнінде мемлекеттің бүгіні мен болашағына басымдық беріледі.
Атап өту үрдісін айқындау да осы ұстаным рөл атқармақ. Алғашқысында тарихи зерттеу, жалпыұлттық және өңірлік азаттық күресін дәріптейтін шара қолға алынса, соңғысында замануи жетістік пен ел дамуына түрткі болатын бастамға басымдық берілген. Сондықтан болар, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру – ең маңыздысы бүгін мен болашақ екеніне ишара.
«Неліктен 25 қазанда тойлану шарт?» деген заңды сауал туары анық. Бұған жауап декларацияда жатыр. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осы ретте Мемлекет басшысы да Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтқан болатын.
Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, Ата заңымызды құруға қадам бастық. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.
Жалпы Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мереке тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, мерейлі мереке қайта оралды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Тәуелсіздік – табанды күрес пен тағдырлы шешім нәтижесі. Олай дейтініміз, ата-баба азапты жүкті арқалап, келер ұрпаққа егемендік ұғымын аманаттай білді. Тәуелсіздікке жету жолында жүз құлап, мың сүрінді. Сондықтан ғасырлардан көктей өтіп, бүгінге жеткен тыныштық мұратын сақтап, елдікті – өркендеген республиканы сақтау әрбірімізге артылған міндет екені сөзсіз.
Мерекеңмен, туған ел!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!