Жақында Марк Цукерберг америкалық миллиардер және кәсіпкер Илон Маскқа тиесілі Twitter-ге бәсекелес болатын Threads мәтіндік хабарлама қызметін іске қосты.

«Threads – ертең трендке айналатын мәселені талқылауға жиналатын орын» делінген компания аннотациясында. Қолданба 30-дан астам тілді қолдайды, олардың арасында ағылшын, қытай және орыс тілі бар. Желі аккаунттарды басқа бір қосымшаға көшіре алатын технология қолданады. Мұнда 500 белгіден аспайтын жазба, бес минуттық видео жариялауға болады. Қазір қосымша Apple мен Google дүкендерінде бар.
Алайда ғаламтор сыншылары жаңа қосымшаның интерфейсін Twitter-ге ұқсатты. Марк Цукерберг пен Илон Маск арасында дау-дамай туындап, болашақта екі миллиардер арасында бәсеке пайда болатыны да айтылған.
«Біз көріп отырғаны­мыздай, Twitter консер­вативті болып келеді. Оның белсенді қолданушылары да жаңа платформа пайда болғанын қалайды. Жаңа желі жақсы альтернатива болуы тиіс», – дейді Forrester компаниясының зерттеу бөлімінің басшысы Майк Пру.
Көп ұзамай Twitter иесі Илон Маск Мета құрылымын соттатамын деп қорқытып, болжам шындыққа айналды. «Бәсекелестіктің болғаны жақсы, ал алаяқтыққа бару дұрыс емес» деп жазды Маск өзінің Twitter-дегі аккаунтында.
Meta сонымен қатар Twitter-ге зияткерлік меншік құқығын берді деп айыпталуда. Маск заңгері оны пайдалануды тоқтатуды талап етті. Әйтпесе компания сотқа жүгінбек ойда. Meta мамандары болса, айыптаудың негізсіз екенін айтып, Threads қосымшасын дайындаған маманның бұрын Twitter-мен жұмыс істемегенін айтты.
Twitter негізін қалаушылардың бірі Джек Дорси де Meta басшысы Марк Цукербергтің жобасын көшірмеге балайды. «Біз ұшатын көліктер туралы армандап едік, бірақ оның орнына жеті бірдей Twitter көшірмесі ғана шықты», – деп әзілдеді кәсіпкер. Сондай-ақ жазбада Threads, Twitter, Mastodon, Bluesky және Not Boring сияқты платформалардың интерфейстері көрсетілген суреттер бар.
Әлемдегі барлық әлеуметтік желілер миллиардтаған аудиторияның жеңіл контентке, видеоға қызығушылығын пайдаланып, адамдардың миын “шайқап” (brain washing) табыс табу үшін жұмыс істейді. Табыс көзі мен алгоритмі өте қарапайым. Жастарды қызықтырып, миллиондаған қолданушы жинайды, әбден танымал болғанда платформаға жарнамалар орнатылып, қыруар қаржы табады. Табыс көзінен айырылып қалмау үшін интернеттегі желілер өте шебер әрі сезімтал адам жанының қызығушылықтарын қолданады, психологиялық манипуляциялар жасайды. Жаңа желіде де бұл дүниелер қайталануы мүмкін және ол уақыт еншісіндегі дүние. Қалай десек те, 48 сағатта 100 миллионнан астам қолданушы жинаған желіден көптің күтері көп.


Айбарша СЫРЛАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!