Нәзіктік пен сұлулықтың, батылдық пен жетістіктің қосындысы сынды әйел табиғаты сан қырлы. Дегенмен әйел жанын түсінуден бұрын сүйе білу керек. Ал кез келген жастағы, жердің кез келген түкпірінде тұратын әйелдердің ортақ әлсіздігі бар: ол – гүлдер. Иә, сыйға гүл алуды ұнатпайтын, гүлге балаша қуанбайтын әйел жоқ.
Құлпырған көктем айында нәзікжандыларға қандай гүл сыйлаған жөн? Әр гүлдің, әр түстің өзіндік сыры қандай? Гүл сыйлау әдебін білеміз бе? Осы сұрақтарды тереңінен тарқатсақ.
Гүлдің әдемі емесі жоқ. Себебі әр гүл өзінше сиқырлы, өзінше құнды. «Гүлдер – жердегі жұмақ» деген ұғымның қалыптасуы да содан шығар. Раушан ежелден өте тартымды гүл ретінде саналады. Гүл дүкендеріндегі ең көп тапсырыс берілетін түр десек, артық емес.
Лилияны кез келген мерекеде, тіпті, үйлену тойына да сыйласаңыз жарай береді. Сүйіктіңіз, құрбыңыз, әріптесіңіз үшін лалагүлі керемет қуаныш сыйлары анық. Бұл гүл Ежелгі Римде жетістіктің, байлықтың нышаны саналған. Қызғалдақ – шынайы сезім, таза махаббаттың белгісі. Қызыл қызғалдақ өз сезімін жеткізу үшін берілетін гүл түрі. Сары түсті қызғалдақ – бақыттың, сыңғырлаған күлкінің белгісі, ал ақ түстісі тазалықты білдіреді.
Орхидея гүлінің Қытай халқы үшін орны ерекше. Олар орхидеяны мәнді өмір сыйлайтын гүл ретінде көреді. Сондай-ақ, жат сырқаттан сақтайды деп сеніп, ыдыстарды безендіруде кең қолданған. Орхидеяны қатты ұнатқан адамыңыздың жүрегін жаулап алғанда сыйлаңыз. Ол – байлықтың, ұлылықтың, табандылықтың символы.
Хризантеманың отаны Жапония екенін білеміз. Жапондықтар үшін бұл гүл адал достықтың белгісі. Ақылдылық пен даналықты суреттейтін хризантема денсаулықтың мықтылығын да сипаттайды. Өзіңіз үшін орны бөлек, адал досыңызға сыйласаңыз, құба-құп.
Сонымен қатар гүл қосымша сыйлық ретінде немесе негізгі сыйлық ретінде сыйлануы мүмкін. Барлығы қалай сыйлайтыныңызға және әрбір детальға көңіл аударуыңызға байланысты.
Ең бастысы гүл түсін дұрыс таңдаңыз. Сүйіктіңіздің жақсы көретін түсін есіңізге түсіріңіз. Егер жақсы көретін түсін білмесеңіз, гүлдердің сырына үңіліңіз. Жыл маусымын да есте ұстауыңыз керек. Негізі көктем мезгілінде көзге қатты әсер етпейтін жеңіл, балғын гүлдерді сыйлаған дұрыс. Ал қыс мезгілінде роза гүлін сыйлаған жақсы болады. Ашық хат жазуды да ұмытпаңыз. Әдемі сөздер әдемі гүл шоғымен үйлесім табады. Шама келсе құттықтау ретінде жаттанды сөз жазбай, өзіңіз ойланғаныңыз дұрыс. Бұл сіздің сыйлықққа бейжай қарамайтыныңзды көрсетеді.
Қыздарға кеңес: сыйға гүл алсаңыз, қауызын ашпай, сол күйі сақтаған жөн. Үй жағдайында ұзақ ұстау үшін салқын бөлмеге қойып, суын күнде ауыстырған дұрыс. Қажет болса қант не ацетилсалицил қышқылын суға қосуға болады. Оған қоса астын қырқып тұру керек. Сонда гүлді бір аптаға дейін өз қалпында сақтауға болады. Сондай-ақ күн көзін жақсы көретін не керісінше ұнатпайтын гүлдер бар екенін естен шығармаңыз.
Гүлдердің түріне тоқталдық. Ал түстердің құпиясы неде? Ақ түсті гүлдер тазалықтың, шыншылдықтың, жаны таза қыздарға деген құрмет белгісін білдіреді. Сонымен бірге ақ түс отбасын құру туралы ұсынысты білдіреді деген де түсінік бар. Егер жас келіннің қолындағы гүлдестені ақ түстен шоғырландырса, онда жас жұбайлардың бір-біріне деген сезім, құрметтері де ұзақ болады.
Қызыл түс тек қана махаббатың белгісі ретінде қолданылмайды, раушаннан басқа қызыл қалампыр, қызыл лала, қызыл хризантема гүлдері де сұраныста. Қызыл түсті гүлдер мықтылықты, билікті, бұла күшті сипаттайды. Сондықтан бұл түстегі гүлдер мықты мінезді, билік құмар, күш-жігері жоғары адамдарға сыйланады. Алқызыл гүлдердің сыры бөлек. Ер адам сізге алқызыл түсті гүл сыйласа, бұл ерекше белгі. Мұндай түс нәзіктік пен бүршік жарып келе жатқан махаббатты сипаттайды.
Сүйіктісінен сары түсті гүл алған кейбір бойжеткендер мұны келіспеушілік пен айырылысудың, қайғы-мұңның белгісі деп түсініп жатады. Шынымен де бұрын ер-азаматтар қыз-келіншектерге жақын арада қарым-қатынастарының аяқталатынын білдіру мақсатында сары түсті гүлдерді сыйға тартқан. Алайда қазір сары түс байлық пен бақыт тілегенде, мерекеде, қуанышта ұсынылады. Сары лалагүлді дос құрбыларыңызға сыйға тартуға әбден болады.
Көк түсті гүлдер жұмбақ пен құпиялылықты білдіреді. Мұндай түсті гүлдерді сырын білмейтін, жұмбақ дүниелі қымбат жандарға сыйға тартады. Ал сүйіктіңізге көк түсті гүл шоғын сыйласаңыз, адал махаббатыңыз бен таза пейіліңізді білдіре аласыз. Аспан түстес көгілдір гүлдер тазалықты, шынайылықты білдіреді. Бұл түсті гүлдерді жаны таза, пәк, сұлу мінезді адамдарға сыйға тартуға болады.Жасыл түс бейбітшілік пен тыныштықты бейнелейді. Жақыныңызға сыйласаңыз, көңілге тыныштық, үйлесім сезімін сыйлайды.
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!