Әлихан ЖҰБАТҚАН,  Қызылорда Жергілікті Полиция қызметінің Патрульдік Полиция Батальонының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты:

Ол бала күнінен бірбеткей, ер мінезді болып өсті. Марқұм әкесі Мәделхан осы қызметте абыроймен жұмыс істеген еді. Ол ұлдарын да ер мінезді, адал азамат етіп тәрбиеледі. Темірдей тәртіппен өскен Әлихан әке бойындағы қайсарлықты бойына сіңіріп, бала күнінен ел қорғаны болуды армандады.

Әрбір полицей отбасының қорғаны

Отбасымызда құқық қорғау органдарында қызмет атқарған әкемнен бөлек ағаларым да болды. Десе де, менің осы абыройлы қызметті таңдауымда анамның үлесі зор болған шығар деп ойлаймын. Бала кезде менің қызыққан дүниеме ол кісі де назар аударып, әрқашан демеу болды.

Полиция қызметкері қандай болу керек?

Полиция – қоғамның айнасы. Біздің мамандықтың абырой-беделі тікелей ел сенімімен өлшенеді. Әлдебір тұстан мүлт кетсе, бірден көзге түсетін де осылар. Абыройы асса, көкке көтеріп, жаман аты шықса, жерге ұратын жұрт бәріне төреші. Машақаты мол, тұзы жеңіл мамандарға артылатын жүк те жеңіл емес.

Полицейлерді “парақор” деп айтатындарға ренжімеймін

“Жұрттың не айтатында шаруам жоқ, оларға ренжімеймін де. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дейді ғой. Мен өз әрекетіме жауап беремін. Басқалардың не істеп жүргені қызық та емес. Егер маған біреу келіп, “Әлихан, сен парақорсың” деп намысыма тиетін сөз айтса, әрине мен қынжыламын. Себебі мен нәпақамды адал тауып жүрген жанмын. Не айтса да, өздері білсін. Мен солай ойлаймын. Мемлекет қолдан келгенше құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көңіл бөліп жатыр. Полицейлердің мәртебесі әрдайым жоғары болған, бола береді де.

Қиындықсыз жетістік жоқ

Әрбір жұмыстың қиын жақтары болады, біздің саланың да өз қиындықтары бар. Бірақ біз оған мойынсұнбай, әрдайым қиындықты еңсеруге тырысамыз. Кейбір білмеген жерлерімізді аға буыннан сұрап, ал өз білгенімізді жас мамандармен бөлісеміз.

Елге еткен еңбегіміз жана берсін!

Кәсіби мереке қарсаңында барлық жеке құрамды, ішкі істер органдарының ардагерлерін, барлық полиция қызметкерлерін осы тамаша күнмен құттықтағым келеді. Құрметті әріптестер! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, болашағымыз жарқын, көк туымыз желбіреп, бейбітшілігіміз мәңгі болсын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!