Өткен аптада облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Баймановтың төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Басқосуда өзекті мәселелер қаралып, жыл қорытындыланды.
– Жастармен адресті жұмысты ұйымдастыру, оларды мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға тарту, әскери-патриоттық тәрбие беру мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруда жастар ресурстық орталықтарының орны ерекше. Орталықтар жастарға сапалы әрі нәтижелі қызмет көрсетуі үшін ондағы мамандардың біліктілігін арттырып, қажетті материалдық-техникалық базаны үнемі жақсартып отыру қажет, – деді Шахмардан Байманов.
Бүгінде аймақ халқының 30 пайызға жуығы, 244 мыңнан астам адам – 14-35 аралығындағы жастар.
– Биыл Жастар саясаты туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, нәтижелерді бағалау мақсатында даму индексі енгізілді. Индекс 33 индикатор бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, саяси қатысу, азаматтық белсенділік, бос уақыт, инфрақұрылымға қолжетімділік, қауіпсіздік секілді 7 бағытта өлшенеді. Бұл бағыттар бойынша аймағымызда көрсеткіштер оң динамикаға дамуда, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес.
Айта кетсек, облыстағы 10 жастар ресурстық орталығында 169 маман қызмет көрсетуде.
Кеңестің күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі де қаралды. Бұл бағытта облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Д.Майрихов баяндама жасады.
– 2023 жылы жастар арасында 616 қылмыс тіркелген. Облыс бойынша тіркелген қылмыстарға 699 жас пен жасөспірім қатысқан. Олардың ішінде 23 мектеп оқушысы, 47 студент, 68 әртүрлі мекемеде жұмыс істейтін жастар бар. Қалған 561-і немесе 80,2 пайызы – жұмыссыз, еш жерде оқымайтындар. Жастар жасаған 616 қылмыстың 196-сы ұрлық, 62-сі бұзақылық, 92-сі алаяқтық, 23 тонау, 25 ауыр дене жарақатын салу, 35-і есірткі тұтыну, қалғаны – әртүрлі санаттағы қылмыстар, – деді ол.
Жиын соңында Ш.Байманов жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлік бастаманы қолдау бойынша басталған істі жалғастыруды тапсырды. Ол жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктеріне, облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі neet санатындағы жастардың деректерін жинау жұмысын 2024 жылдың 15 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.
А.САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!