Бүгін облыстық мәслихаттың VІІІ шақырылымының алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар мандат алып, қызметіне кірісті. Сессияға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдары басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты. Жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша партия атынан және мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыс етті.
Еске салсақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында өңірдегі 486002 сайлаушының 67,21% дауыс беріп, республикада Қызылорда облысы алдыңғы қатардан көрінді.ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына өңір бойынша бірмандатты округтен Мархабат Жайымбетов пен партиялық тізім бойынша Мұрат Ергешбаев сайланды. Облыста барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 152 мандат берілсе, оның 124 мандатын «AMANAT» партиясы, 15 мандатын «Ауыл» партиясы, 10 мандатын «Ақ жол» партиясы, 1 мандатын Қазақстан халықтық партиясы иеленді. Сондай-ақ, мажоритарлық жүйе жолымен округтерден өзін-өзі ұсынған депуттар да бар.
Сессияда депутаттардың бірауыздан дауыс беру нәтижесімен мәслихат төрағасы болып Наурызбай Байқадамов сайланды. Нұрлыбек Нәлібаев Наурызбай Сейтқалиұлының білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді. Мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер және экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасын бекітуді дауысқа салды. Нәтижесінде Балжан Шәменова мен Бауыржан Сандыбаев ұсынылды. Орталық атқарушы органдарда жауапты қызмет атқарған Балжан Мөрәліқызы қаржы саласының білікті маманы бюджет қаржысының мақсатты бағытталып, тиімді жұмсалуына атсалысатын болады. Нұрлыбек Машбекұлы жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Күні кеше Мемлекет басшысы VІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді. Біздің де алдымызда Өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар. Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамытуға, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді. Сайлау қорытындысы бойынша біздің облыста төрт партия өкілдері мәслихаттарда мандат иеленді. Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихат білім және ғылым, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен құралды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!