Қаладағы «Мансап» мектебінің оқушылары халықара­лық байқауларда топ жарып, үздіктер қатарында таны­луда. Жуырда ғана олар Египет еліне жолдама алып, өнер жолының тағы бір белесін бағындырды. Осы аптада талантты шәкірттердің ұстазы Гүлзат Ермекқызымен тілдесудің сәті түсіп, өнер тақырыбын әңгімеге арқау еттік. 

− Гүлзат Ермекқызы, оқушыларыңыздың жетістігімен тағы да құттықтаймын! Жеңіске дейінгі жол, дайындық қалай басталды? Ең алғаш оқушылардың өнерге деген қабілетін қалай байқадыңыз?

− Өздеріңіз білесіздер, «Мансап» мектебінде қаншама өнерлі де талантты,  білімді оқушылар бар. Солардың арасынан суретке деген талпынысы мен қызығушылығы жоғары оқушыларды іріктеп, үйірмеге шақырдым. Өзім мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Шәкірттерге жаңа дүниені үйрету барысында тақырыпқа сәйкес тапсырмаларды анықтап алып, әрі қарай дамытуға шақырамын. Оқушылар сурет салуға қабілетті, табиғатынан жақын болған соң нәтиже де тез көрінуде. Бұл − оқушылардың еңбегі, мектебіміздің абыройы деп ойлаймын. 

− Расында оқушылардың дайындаған жұмыстары көрген адамға таңдай қақтырады. Осындай өнер туындыларын толық бітіру үшін қанша уақыт қажет? Сіздер сурет салудан бөлек киім дизайнын да сызады екенсіздер. Халықаралық байқауларға арнап тіккен киім дизайны қалай дүниеге келді?

− Суреттердің көркемдік жұмыстарына бір ай көлемінде уақыт жұмсалды. Ең алғаш оқушылар Қызылорда қаласында бақ сынады. Облыс кезеңінен іріктеліп өткеннен кейін Алматы, Астана, Көкшетау қаласында ұйымдастырылған супер финалға қатысып, тағы да үздіктер арасында топ жардық. Сол уақытта оқушылар арасынан Ким Яна Бас жүлдені қанжығасына байлап, сыйақы иеленді.

− Сіздер көпшілікке ұсынған суреттердің мағынасы қандай?

− Суреттердің басым бөлігі бейнелеу өнерінің әр жанрына байланысты салынды. Мысалы анималистік бағыт, кескіндеме, портрет сынды жанр түрлері таңдалды. Ал суреттердің мағынасына келсек, оқушыларым екі елдің яғни Түркия мен Қазақстан арасындағы достықты, жақсылықты, әдемілікті, қамқорлықты сурет арқылы жеткізгісі келді.

 Ал киім үлгілерін қаламыздағы «SapaKa» жеңіл өнеркәсіп орталығында тіктірдік.

− Қазір қанша шәкіртіңіз бар?

− 60-тан аса шәкіртім бар. Осы айда оқушыларым Түркия елінің Кемер қаласында «Шоу Мир» атты халықаралық фестиваль конкурсына қатысты. Ресей, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елінің шәкірттері арасынан  біздің оқушылар алдыңғы қатардан көрінді. Айталық, 7 жасар Қоңырат Хадиджа мен 13 жасар Дарья Эльвина “Ең Әдемі Халықтың киімі” байқауында I орынды жеңіп алды. Ал 8 жасар оқушым Нағызхан Тілеубаев пен 15 жастағы Ким Яна аталған байқауда Гран-При  иеленіп, Египет еліне жолдама алды. 17 жастағы шәкіртім Балшекер Төребекова да биіктен көрініп,  I орын иегері атанды.

− Ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымыңыз қандай? Даму бағытында қалай ізденесіз?

− Ғаламтордан алған жаңа білімді тәжірибе жүзінде қолданып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын кеңінен білгенді ұнатамын. Қазір арт-терапияның изотерапия бағытын үйренудемін. Өнер өмірді көркейтіп қана қоймай, көңіл-күйді жақсартып, күйзелістен арылтып, миды ынталандырады. Қарапайым сөзбен айтқанда, эстетикалық әсерден басқа өнер бізге бақытты болу мүмкіндігін сыйлайды. Ал негізгі нәтиже соңғы сәтте емес, жұмыс барысында байқалады. «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ХХІ ғасырдың ақпараттық заманында өзінің жеке ойы мен пікірі қалыптасқан жас тұлғаға тәрбие, білім беру жолында дұрыс бағыт беру  − негізгі ұстанымым.

− Алдағы жоспарларыңызбен де бөліссеңіз…

− Жуырда Баку қаласында өтетін байқауға шақырту алдық. Қазірден бастап өнер бәсекесіне қызу дайындықты бастадық.  Египет елінің Хургаде қаласына да шақырту алғанымыз бізге ерекше шабыт сыйлады. Сондықтан оқушылардың туындылары одан әрі сапалы, әдемі, көтеріңкі көңіл-күйге толы болады деп сенемін. Тағы бір қуанышты жаңалық, Лондон қаласындағы Golden Time Talent ұйымдастырушылары хабарласып, біздің өнерімізге қызығушылық танытуда. Бұл дегенміз – Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі өнерлі балалардың жетістігі.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!